Аймақтар • 18 Шілде, 2022

Шерхан Мұртазаға ескерткіш қойылады

474 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл қазақ әдебиетінің алып бәйтерегі Шерхан Мұртазаның туғанына тоқсан жыл толып отыр. Мерейлі датаға орай облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің қолға алуымен қайраткер қаламгердің туған топырағы Жамбыл өңірінде атқарылатын іс-шаралар аз емес.

Шерхан Мұртазаға ескерткіш қойылады

Бұған дейін қаламгердің ескерткіші қай көшеге орнатылатыны ел ішін­де әбден талқыланған болатын. Әлеу­меттік желі белсенділері де өз ұсыныс­тарын жеткізіп жатты. Күні кеше жер­гілікті қаламгерлер мен зиялы қауым өкіл­дерінен құралған комиссия мүшелері нақты шешім шығарды. Комиссия төрағасы, «Көне Тараз» қоғамдық қоры­ның президенті Мұратбек Әзімовтің айтуынша Шерағаның ескерткіші Жамбыл даңғылының бойында бой көтереді.

«Біраз уақыт бұрын өңір басшы­сы Нұржан Нұржігітов Шерхан Мұртаза­ның тоқсан жылдық торқалы тойына орай еңселі ескерткіш орнату керектігін айтып, жауапты тұлғаларға шегелеп тұрып тапсырма берген болатын. Өз сө­зінде облыс әкімі ескертішті қай көше­нің бойына орналастыру керектігін халықпен кеңесіп шешу қажеттігін айтты. Кейіннен ескерткіштің эскиздік үлгісіне қатысты байқау ұйымдастырылды. Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы елдерінен де үміткер­лер қатысты. Нәтижесінде, 17 мүсіннің үл­гісі қаралды. Комиссия мүшелері олардың ішінен үздік деп тапқан үшеуін таңдады.

Енді ескерткішті орналастыру мәсе­леге айналды. Жұрт Төле би даңғы­­лы­­ның бойындағы «Астана» шағын­­ ауданындағы қаламгер тұрған үйдің, «Шахрис­тан­дағы» жазушы атымен ата­латын руханият және тарихтану орта­лығы­ның, Ы.Сүлейменов көшесінің бойын­дағы «Жастар аллеясы» және Жамбыл даңғылының бойындағы Ха­лық­аралық Тараз инновациялық инс­титуты жатақханасының маңына орналастыру керек деген пікірді жиі айтты. Біз де әбден ақылдастық. Нәтижесінде, комиссия мүшелерінің басым даусымен Халықаралық Тараз иннновациялық инс­титуты жатақханасының алдына қою туралы шешім қабылданды. Алдағы бірер күнде осы шешім мен үш үздік мүсіннің үлгісі Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік комиссияға жіберіледі. Нақты шешімді мемлекеттік комиссия қабылдайды, – дейді Мұратбек Әзімов.

Енді мемлекеттік комиссиядан ма­құлдау туралы хабар жетсе, ес­керт­кіш­тің құрылыс жұмыстары бірден басталады. Қысқасы әрі кетсе күз мез­гілінде Шераға­ның бейнесі Жамбыл даңғылы №75 А мекенжайында қасқайып тұратын болады.

 

Жамбыл облысы