01 Мамыр, 2014

Мүгедектер мүмкіндігі шексіз

298 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
100-590Партиялық «Кедергісіз келешек» жобасы аясында «Нұр Отан» партиясының Зеренді аудандық филиалында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау және еңбекке орналастыру мәселесін арқау еткен кездесу болып өтті. – Еңбек қатынастары айрықша маңызды мәселе, – деді басқосудың бет­ашарында партияның Зеренді аудан­дық филиалының төрағасы, аудан әкімі Малғаждар Тәткеев. – Мұнда адам бойындағы асыл қасиеттер ашылып, кез келген кісінің қоғамдағы орны мен оған қызмет ету сезімі айқындалады. Сондықтан, денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қам­қорлық кешенді сипат алып, ешкімді бейтарап қалдырмауға тиісті. Бұл – Тәуелсіз мемлекетіміздің қастерлі парызы. Ауданда мүгедек жандардың құқық­тары мен мүдделерін қорғау мақсатында оңалту бағытындағы 79 нысанның төлқұ­жаты заңдастырылып отыр. Былтыр белгі­ленген квота негізінде 19 адам жұмысқа орналастырылған. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдар­ламасы аясында екі кісі әлеуметтік жұмысқа жолдама алып, қазір тұрақты еңбекпен айналысып жүр. Бірнеше жас облыс орталығындағы колледждерде тегін оқытылуда. – Үстіміздегі жылы мүмкіндігі шек­теулі үш кісіге жастар тәжірибесіне, еке­уіне әлеуметтік жұмыс орнына жолдама берілсе, екі жерлесіміз жеңілдетілген несие алатын болады, – деді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі­нің басшысы Зейнегүл Қазиақпарова. – Мүгедектерді жұмысқа орналастыру квотасы 15 пайызға артып, 54 адамды құрап отыр. Жиын барысында мүгедектердің мүмкіндігі шектеусіз екендігіне көптеген мысалдар келтірілді. Айталық, Бөгенбай ауылындағы Бекбаевтар отбасы мал шаруашылығын өркендетіп, өзгелерге үлгі бола білуде. Ал Қызылтаң ауы­­лын­дағы 2-топтағы мүгедек Бағдат Қадыров мемле­кеттің көмегімен отбасылық биз­несті өркендетуге мүмкіндік алды. Ол кісіге былтыр шағын несие берілген екен. Қазір оның жеке қожалығында төрт түлік өз төлі есебінен көбейе түс­кен. Бүгінгі күні Б.Қадыровтың шаруа­шы­лықты ке­ңейту жөніндегі бизнес-жос­парын қарауға алған аудандық комиссия оң шешім қабылдайды деген үміт бар. Жақсы мысалдың бірі ретінде Зеренді ауылындағы И.Садықов жетекшілік ететін «Көкше-Амур» ЖК өндірісті ке­ңейтіп, жерлестеріне де жұмыс тауып бе­ріп отырғаны атап өтілді. Жиналыста аудандық филиал төраға­сының бірінші орынбасары Ләззат Сантас, аудандық мәслихаттың депутаттары Нығмет Хасенов, Камил Расқұлов, сөз алып, игі бас­таманы қолдау туралы ойларын ортаға салды. Кездесу барысында жұмыс берушілер өзара ынтымақты меморандумға қол қойды. Сондай-ақ, филиал төрағасы, аудан әкімі Мал­ғаждар Тәткеев мүмкіндігі шектеулі аза­мат­тардың тілегі бойынша жеке қабылдау өткізді. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы, Зеренді ауданы.