01 Мамыр, 2014

Ізгілік иірімдері

313 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Абен КусайынулыБіздің бүгінгі кейіпкеріміз елдің шетіндегі, желдің өтіндегі Тарбағатай тауының бөктеріндегі Құлбабастай ауылының тумасы, өмірден өткеніне таяу­да жыл толатын Әбен Құсайынұлы ақсақал туралы болмақ. Адамдықты, адалдықты ар деп білген, асып-тасып шалқымайтын, бір қалпынан ауытқымайтын Әбекең ауылының ғана айбары емес, бүкіл Ақсуат өңі­рінің абыройы болды. Қисапсыз көп қиындығы мол, өткен ғасырдағы барлық ауыртпалықты көрді. Қанға сіңген қасиеті болар, қиындыққа майыспады, қайыспады. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары жарық дүниенің есігін ашқан Әбекең бес жасқа келгенде анасынан айырылады. Тоғызға келіп қалған ағасы Қабдыл мен әлі ана сүтіне жарып үлгермеген қарындасы Табиғат үшеуін әжелері Қайша бауырына басады. Кейуана және үйелмелі-сүйел­мелі үш сәбиді көз алдыңызға елес­тетіп көріңіз. Балалықтарының базары тоналған, жүздерінен шаттық жоғалған бейкүнә жандарға құдайдың көзі, ауылдас ағайындардың сөздері мен ықыластары дем болған екен. Әбен ес білгеннен қойдың соңында жүреді, қар жастанып, мұз төсенеді. Күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмейді. Ауылда мектеп бар. Қысты күндері азынап тұрады. Аптасына 2-3 күн ғана бір-екі сағат дәріс алған болады. Жалғыз мұғалім. Әйтеу әріп танитындай дәрежеге жеткізеді. Алапат ашаршылықтан кейін ел есін жиып, бала Әбен енді оң мен солын айыратындай болған шағында сұрапыл соғыс басталады. Бұрынғы күндері күн екен, нағыз түнек тұрады. Ер азаматтар қан майданға аттанды. Арғы жағы айтпаса да түсінікті ғой. «Бәрі де майдан үшін», деп өздері ашқұрсақ болса да, қолдағы барларын майданға жөнелтеді. «Күркіреп күндей» соғыс та біткенде елмен бірге Әбең де көзінен шаттықтың жасы ағып қуанады. Ол шақтары ақылын тоқтатқан, бағытын болжай алатын жаста болатын. 1946 жылы ФЗО-ға оқуға алынып, бітіре сала әскерге шақырылады, әскер деген аты болмаса алдынан еңбек армиясы күтіп тұр еді... Жас­тайынан көргені қара жұмыс, енді жігіттік шағындағы Әбеңді жасыта алмайды. Қайта шарболаттың ширатылған сым теміріндей болып қайраты қайтпай, әрі орыс тілін жетік меңгеріп шығады. Лениногор қаласында қалып, шахтада тасты тіліп, кен қопарады. Жұмысты жапырып істейтін жігіт Әбеннің суреті «Құрмет тақтасына» ілінеді. Осында жүріп жары Төкенмен танысып, табысады. Төрт балалы болады. Құлыншақтары өсе келе, көңіліне алаң үйіріледі. Себебі, бұл мекендегі қазақтар саусақпен санарлықтай ғана еді. Ертең ұрпақтары ана тілден, ата діннен, баба ділден жұрдай боп өссе, қайтпек. Содан жары Төкенмен кеңесе келе 1963 жылы елге – бұрынғы Семей облысы, Ақсуат ауданының Құлбабас ауылына оралады. «Бақа көлін, бұлдырық шөлін, ер жігіт елін сүйеді», – деп келген Әбеңді ауылы құшақ жая қарсы алады. Совхоздар құрылып жатқан кез. Мәшине жүргізетін куәлігіне сай, бірден жаңа автокөлікке ие болады. Туған жерге деген сағынышы, атажұртына аңсары ауып келген азамат көлде қалқығандай, көкте шалқығандай әсерге бөленіп, бірден ауылдастарының, басшылар тарапынан жылы сөздер естіп, адал еңбек майданының адамы екендігін танытады. Сөйтіп, бір кездері жалаңаяқ жар кешіп, қызылаяқ қар кешіп өскен Әбен ағамыздың шаңырағы шаттыққа бөленіп, балалары есейді. Адалдықтың арқасында автодүкен де жүргізді. Жазда жайлауда Тақия­кеткеннің бойына киіз үй тігіп, тауарларын апарып шопан-бақташыларға қызмет көрсетеді. Ес білгеннен еңбек еткен адам, зейнеткер болған соң да жата алмасы анық. Еліміз егемендігін алып, нарықтық экономикаға ден қойғанда, замана лебін сезінген Әбең «қойдың бойында арқардың қаны болмаса, тас­тан ырғымас еді» дегендей қолына күрек ұстады. Шыбық қадасаң, көктеп шыға келетін Қарасу бойына жеміс-жидек, көкөністер екті. Сонымен қатар, «Олжас» шаруа қожалығын құрып, мал өсіріп, балаларын, немерелерін еңбекке баулыды. «Әке жүрегі таудан үлкен, ана жүрегі теңізден терең» екендігін айқын аңғарған балалары да әкелерін ұялтпай, аналарын қызартпай өсті, жетілді. Тоғызы тізе қосып 80-ге толғанында дүбірлетіп тұрып той жасады. Шөберелерінің шынашағынан су ішті. Шаттанды. Марқайды. Көзі қарақты, көкірегі ояу Әбең Семейдегі кенже ұлы Талғаттың қолында тұрғанда да аптасына бір рет Абай кітапханасына бас сұғу­ды ұмытпады. Ал теледидардан ел жаңалықтарын қалт жібермей, жақ­сылығына қуанып, келеңсіз жайттарға жабырқап қалатын. Әсі­ресе, ел тыныштығына тәубесін айтып отыратын-ды. Міне, еңбек және тыл ардагері Әбен Құ­сайынұлының жүріп өткен жолы осындай... Серік ЖҰМАТ, Тарбағатай ауданының құрметті азаматы. Шығыс Қазақстан облысы.