Соқтықпалы-соқпақты өмір жолдарынан өтіп, сол жолда кейінгі буын үшін таңдайға бал жаққандай өрісі кең өнеге қалдырған Қияс Ыбырайұлы Сәрсенбаев болатын. Еліне адал еңбек етуді өмірлік мұрат тұтқан, сол мұратқа жету жолындағы кедергі-қиындықтарды қайсарлықпен жеңіп отырған ол бір ғасырдың белесіне көтеріліп отыр. Қияс ағаның кішілік пен кісілікті тең ұстаған бекзат болмысы бөлек еді.
Қияс Сәрсенбаев Торғай облысы Ырғыз уезінің Тасөткел ауылдық кеңесіне қарасты Тереңсай деген ауылда дүниеге келген. Әкесі Ыбырай айтарын қас-қабағымен аңғартатын, сөйлеп кетсе әңгімесінің соңын пәлсапалық оймен тұжырымдайтын көшелі кісі болыпты. Болашақты болжай білетін сол қария Қиясты бұғанасы қатпай жатып ол кезде едәуір беделді оқу орны саналатын Темірдегі техникумға оқытады. Оны бітіріп келгеннен кейін 1934-1937 жылдары Ырғыз ауданының Темірастау ауылдық кеңесінде хатшы болып істейді. Жас жігіттің ісінің тиянақтылығын көрген аудан басшылары 1937 жылы аудандық кеңес атқару комитетінің жалпы бөлім меңгерушісі, кейінірек жауапты хатшы етіп тағайындайды. Бұл қызметте әскер қатарына шақырылғанға дейін істеген Қияс сол жылдарда аудандағы беделі биік, сөзі өтімді қызметкерлердің бірі саналыпты.
Ұлы Отан соғысының кескілескен шайқастары шырқау шегіне жеткен 1942 жылы Қияс аға аудандық комсомол комитетінің хатшысы Мұқышев, аупарткомның бөлім меңгерушісі Сүйінтаев, аудандық оқу бөлімінің бастығы Нұржанов, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің аудандық уәкілі Әжмағанбетовпен бірге майданға саяси қызметшілер даярлау мақсатындағы арнаулы шақыру бойынша Брянскідегі әскери-саяси училищеге оқуға жіберіледі. Училищені бітіргеннен кейін 340-атқыштар дивизиясының құрамындағы 1144-атқыштар полкінің қатарында батальон комиссары, полк комсомол ұйымының секретары болып, жауынгерлерді жеңіске жігерлендіру жұмыстарын жүргізеді. Өзі де солдаттармен бірге талай шайқасқа кіріп, ерліктің ерен үлгілерін көрсетіпті.
Қиекеңнің Воронеж майданынан басталған жауынгерлік жолдары Белгород, Харьков, Киев, Прага қалаларын жаудан босатуға дейін созылған. Батальон комиссары ретінде талай сұрапыл шайқастарға сарбаздарын бастап кірген капитан Қияс Сәрсенбаев туралы ол кісінің көзі тірісінде мерзімді баспасөзде талай мақала, очерктер жарияланған еді. Сол бір сарғайған газет қиындыларына көз жүгірте отырып сарбаздардың ұлттық намысын биікте ұстаған сандаған ерліктеріне куә боламыз. Бір мақалада Ұлы Отан соғысының тағдырын шешуші ұрыстардың бірі Киев қаласы үшін болған шайқаста Қияс аға комиссар болған батальон Днепр өзенінен алғашқылардың бірі болып өтіп, арттағы негізгі топқа жол ашқандығы баяндалыпты. Стратегиялық маңызы аса зор Киевті бермеу үшін фашистер жанталаса қарсылық көрсеткен. Жаңбырдай жауған оқ, үздіксіз жарылған снаряд өзеннің үсті мен екі жағалауды астан-кестен еткен. Батальоннан біраз жауынгер оққа ұшып, көбісі жараланған, бірақ тапсырма орындалған. Осы шайқаста көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Қияс Сәрсенбаев «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталып капитан атағын алған.
Соғыс аяқталғаннан кейін оқ пен оттың арасынан аман қалған майдангер достар өзара хат жазысып тұрыпты. Саратов облысында тұрған майдандасы Семен Васильевич Глущенко мен әйелі Мария Михайловна: «Қияс-ау, есіңде болар, 1943 жылдың 16 ақпаны! Біз үшін өлім мен өмір таразыға түскен күн. Ол кезде біз Старый Оскол қаласының түбінде едік қой. Небары он бір адам жаудың бір взводымен шайқасқа түстік. Жауды бөгейміз деп шағын топ бөлініп қалдық. Фашистер қайткенмен де біздің қорғаныс шебімізді бұзып шыққысы келді. Жан-жағымызды оқ орап, бас көтертпеді емес пе? Біз 27 жау солдатын тұтқынға алдық. Сонда біз бүгінгі тіршілік туралы ойладық па? Білмеймін, әйтеуір жан дүниеміз жауға тойтарыс беріп, кері шегіндіру болды емес пе? Сонша қиыншылықтардан өтіп, бүгінгі бейбіт өмірдің жемісін жеп отырған біздер – бақытты адамдармыз. Ал сол ұрыс алаңында қаншама аяулы азаматтар қалды. Олар еске түскенде жүрегің сыздайды...».
Майдан жолын қазіргі Чехияның астанасы Прага қаласын босату және фашистерді өз ұясы Берлинде талқандау шайқасымен аяқтаған Қияс аға соғыс қимылдарындағы ерлігі мен батырлығы үшін кеудесіне екі «Қызыл Жұлдыз», үш І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерін, жиырмашақты медальдар тағып, 1946 жылы елге оралды.
Жас кадр елге оралған соң ұзамай аупартком төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалады. Сұрапыл соғыстың ортасында жүріп, бейбіт еңбекті аңсап келген Қияс қисыны кетіп, қиюы қашқан тірлікті түзетуге, еңсесі түскен елдің рухын көтеруге бел шешіп, білек сыбанып кіріседі.
1952 жылы Қияс Сәрсенбаев Ырғыз аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағалығы қызметіне жоғарылатылады. Сол жылы басталып, екі жылда аяқталған атақты Ақши бөгетін салуға осы қызметте жүріп Қияс аға тікелей басшылық жасаған. Ондай үлкен құрылысты жүргізу, оған аудан халқын түгелдей кезекпен жұмылдыруды ұйымдастыру үшін қайрат-жігер мен біліктілікті қажет еткені белгілі. Қиекең осы жұмыстың басы-қасында тынбай жүріп, оны абыроймен аяқтап шығады. Бөгет салынғаннан кейін 5.4 мың гектар жер шұрайлы шабындыққа айналады. Міне, 60 жылдан асты – осы маңдағы шаруашылықтың, жеке қожалықтың малдарына қыстық пішен осы бөгет арқылы суландырылған жерден дайындалады.
Өткен ғасырдың 50-ші жылдарының ортасындағы «отыз мыңшылар» қозғалысы негізінде өз еріктерімен ауыл шаруашылығын көтеруге шақырған үндеу бойынша Қияс Сәрсенбаев артта қалған Киров колхозының төрағасы қызметіне жіберіліпті. Екі жылдың ішінде колхоз экономикасы нығайып, көрсеткіштері жоғары ұжымдар қатарына қосылған. Ал, 1957 жылы колхоздар біріктіріліп кеңшарларға айналған кезде бес колхоздың ізінде құрылған Калинин атындағы кеңшарға директор болып тағайындалған.
«Жас келсе – іске» дегендей, жас директор бұрын «оңаша бұзау» болып келген ұжымдарды «ортақ өгіздің» арбасына үйлестіріп, кеңшар шаруасын лезде бір ізге сала біледі. Аз уақытта директордың біліктілік, іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеттері жарқырай көрінеді. Бұрынғы өз алдына отау үй болған шаруашылықтардың бірлесіп атқарған жұмыстары нәтижесін көп күттірмепті. Кеңшар аз жылдың ішінде табысы мол, өнімдері сапалы шаруашылыққа айналады.
Қиекең басқарған жылдары аталмыш кеңшар орталығында көптеген тұрғын үйлер, клуб, балалар бақшасы, аурухана, дүкендер салынады. Жаңа типті мектеп салу жоспарда болмағандықтан кеңшар есебінен қағазға мал қора деп көрсетіліп, білім ұясы пайдалануға берілген. Бұл ұрпақ үшін деп басты оққа байлау десек қателеспейміз. Қиекеңнің өз бастамасымен атқарылған бұл ісі үшін оған «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» деген атақ та берілген екен. Кеңшарда мәдени жұмыстарға көп көңіл бөлініп, кино, концерт тұрақты көрсетіліп отырған.
«Балаңа мал қалдырма, тал қалдыр» деген халық даналығын ұстанған Қиекең кеңшар орталығына тұрғындарды жұмылдырып тал, теректер еккізіпті. Кейін ол демалатын үлкен баққа айналған. Халық оны «Қиястың бағы» деп кеткен.
Қиекең сол Калинин атындағы кеңшарды 19 жыл басқарыпты. Облыстағы үлгі тірек шаруашылығына айналған, талай рет республикалық, облыстық семинарлар өткен кеңшар ел аузында «Кадрлар ұстаханасы» аталыпты. Расында да, өздері мақтан еткен «Қиястың шекпенінен» кейін облысқа танылған шаруашылық басшылары Т.Тұяқбаев, Т.Байдәулетов, С.Қалтаев, А.Қаратаев, С.Кәдірбаев, И.Шолжанов қанаттанған. Шаруаны шырқ үйіретін А.Қойлыбаев, Қ.Жұбаниязов, К.Баяубаев, С.Жүсіпов, С.Төлегенов секілді бөлімше басқарушылары да «ұстазымыз Қияс қой» деп мақтанатын. Ал, шаруашылық басқару ісіне Қиекең өзі баулыған Үбініғажып Жұмағалиев эстафетаны ұстазынан қабылдап алғаны бар.
Асыл мұраттарды ұстанған азамат артына жарқын із қалдырды. Өзі іргетасын қалап, уығын қадаған Калинин атындағы кеңшарды биікке көтерді, кеңшар оның абыройын асқақтатты. Қияс аға майданда алған бес орденіне қоса, Ленин орденімен екі рет, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталды. КОКП-ның ХХІІІ съезінің, Қазақстан Компартиясының V-VІ және Х съездерінің делегаты, VІІ сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. «Қазақ КСР-нің ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген қызметкері» атағын алды. Белгілі қоғам қайраткері Сағидолла Құбашев «Ақтөбе жерінде өзім сыйлайтын азаматтар көп, солардың ішінде ерекше сыйлайтыным Қияс Сәрсенбаев. Мен оны аға деп айтпасам да, ағамдай көремін. Қазақта ең жоғары атақ, құрмет бар. Ол азамат атану. Еліне, көпке адал қызмет көрсеткенді ғана «Азамат» деп інілік ілтипатын білдірген екен. Бұл аталы сөзге біз де қосылдық.
Рахымжан ӨТЕМІС.
Ақтөбе облысы.