Сенаторлар сайлаушылар ортасында
Елбасы бастамалары мен елдік міндеттерді түсіндіріп жүр
Парламент Сенатының депутаттары Хусаин Валиев, Анатолий Башмаков және Жеңіс Нұрғалиев Қостанайда «G-Global» идеясын қолдау жөніндегі жұртшылықтың жиналысына қатысты, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Шараға мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекемелер мен ұлттық этномәдени бірлестіктердің басшылары, ардагерлер ұйымдарының, кәсіподақтардың, үкіметтік емес ұйымдардың және оқу орындарының өкілдері келді.
Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бастамасы туралы айта келіп, «жаһандық құрылымды қалыптастыруда экономикалық, саяси және экологиялық факторлармен ғана шектелуге болмайды. Енді мәдени көзқарастарды да назарға алатын уақыт келді», – деп атап өтті.
Сенаторлар ақпараттық-коммуникациялық алаңдар мемлекеттер мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы үнқатысу үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын айта келіп, шараға қатысушыларды «G-Global» коммуникация алаңдарының жұмысына қатысуға шақырды. «G-Global» бастамасы – бұл тек аға және орта буын ұрпақтарының ісі емес. Бұл бастаманы қолдауға және оны іске асыруға жас ұрпақ та араласуы тиіс. Жарқын болашаққа жету үшін қалың көпшілік осы идеямен өмір сүруі тиіс», деді сенатор Х.Валиев.
Шараға қатысушылар «жаһандық сәулеттің жаңа қағидаларын ілгерілету идеясына» қолдау білдіріп, G-Global-ды қолдау коалициясын құрды.
Сондай-ақ, сенаторлар М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінде болып, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының ашылуына қатысты.
***
Парламент Сенатының депутаты Жұмабек Төрегелдинов және Людмила Полторабатько Алматы қаласындағы Бостандық және Түрксіб аудандарының тұрғындарымен кездесті.
Кездесу барысында Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» халыққа Жолдауындағы, Жолдауды іске асыру жөніндегі жалпыұлттық шаралар жоспарында алға қойылған міндеттерді, сондай-ақ, Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру тұжырымдамасын талқылады.
Қазақстан Президентінің ел халқына Жолдауындағы ережелерді жан-жақты талқылаудан кейін Парламенттің заң шығару қызметі туралы пікір алмасылды. Атап айтқанда, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарында көзделген мәселелер белсенді түрде талқыға салынды.
Депутаттар құжаттың негізгі мақсаты мен міндеттері туралы түсініктеме берді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша заң Қазақстанның рұқсат беру жүйесінің бірқатар мәселелерін шешуге бағытталғаны атап өтілді.
Кездесу барысында қоғамдағы әлеуметтік әлсіз топтарды (зейнеткерлерді, көпбалалы отбасыларды, мүгедектерді) қорғау ұлғая түскені, сондай-ақ, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы заңнаманы одан әрі реформалау және жетілдіру жайында пікір алмасылды.
***
Парламент Сенатының депутаттары Икрам Адырбеков, Ләззат Қиынов және Орынбай Рахманбердиевтің Оңтүстік Қазақстан облысына сапары жалғасуда. Сенаторлар Түркістан қаласында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттерімен және профессорлық-оқытушылар құрамымен кездесті.
Студенттер алдында сөз алған депутат И.Адырбеков Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясын түсіндіре келіп, маңызды құжатта еліміздің сыртқы және қорғаныс саясатын жаңғыртуды көздейтін шаралар да қамтылғанына тоқталды. Атап айтқанда, ол жаһандық бәсекелестік және аймақтық ықпалдастық жағдайындағы интеллектуалдық әлеуетті дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Депутат Л.Қиынов энергетикалық қауіпсіздік және Қазақстанның мұнай және газ саласын дамыту мәселелеріне тоқталды.
Кездесу барысында студенттер Мемлекет басшысының саясатына қолдау білдіре отырып, «Қазақстан – 2050» ұзақ мерзімді Стратегиясын іске асыруға өз үлестерін қосуға ниеттерін жеткізді, сондай-ақ, өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алды.
Одан басқа, И.Адырбеков пен Л.Қиынов Түркістан қаласында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметов және басқа өңірлердің өкілдері қатысқан «Ырыс алды – ынтымақ» форумының салтанатты ашылуына қатысты.
***
Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов жұмыс бабындағы сапармен Оңтүстік Қазақстан облысында болды.
Сапар барысында депутат облыстың экономика, әлеуметтік және мәдени салаларындағы істің жағдайымен танысып, жұртшылықпен, мәслихат депутаттарымен және кәсіпкерлермен кездесті.
Сенатор, сондай-ақ, облыстағы шағын және орта бизнестің бірқатар кәсіпорындарын аралап, еңбек ұжымдарымен кездесті және кәсіпорындардың технологиялық үдерістерімен танысты.
Қ.Айтаханов одан басқа Түркістан қаласында өткен «Ырыс алды – ынтымақ» шарасына қатысып, Қазақстан халқының достығы мен тұтастығы жайында баяндама жасады. Шымкент қаласында азаматтарды қабылдады.
***
Парламент Сенатының депутаттары Бірғаным Әйтімова мен Светлана Жалмағамбетова Ақмола облысындағы Бұланды ауданында бесінші шақырылған мәслихаттың кезекті сессиясына қатысты.
Сессия жұмысына аудан әкімі М.Балпан, Ақмола облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Р.Кәрімов, ауылдық округтердің әкімдері, аудандық құрылымдардың жетекшілері қатысты.
Сенаторларға 2013 жылғы аудандық бюджеттің орындалуы туралы баяндалды және 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік білім беру бағдарламасының Бұланды ауданы бойынша жүзеге асырылу барысымен таныстырылды. Білім беру саласындағы жаңарулар, аналарды қорғау, мемлекеттік әлеуметтік саясатындағы жаңалықтар мәселелері бойынша аудандық депутаттар алдында сенаторлар С.Жалмағамбетова мен Б.Әйтімова сөз сөйледі.
Сондай-ақ, сенаторлар Бұланды ауданындағы екі әлеуметтік маңызды нысанда – қарттарға арналған дәрігерлік-әлеуметтік мекемеде және «Балдырған» балалар бақшасы-мектебінде болды. Депутаттар мекеменің жағдайы мен материалдық-техникалық базасымен танысты.
Депутаттар, сондай-ақ, Ақкөл қаласындағы «Республикалық ғарышпен байланыс орталығы» акционерлік қоғамында болды және Ақкөл аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысты.
Сенатор С.Жалмағамбетова одан басқа Ерейментау аудандық мәслихатының кезектен тыс 25-сессиясына қатысып, психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің жұмысымен танысты.