Қазақстан • 20 Шілде, 2022

Азаттық атрибуттарының тұңғыш зерттеушісі

400 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

1992 жылдың 4 маусымы – егемен еліміз­дің тарихында тағы бір бірегей оқиға тір­келген күн. Өйткені баршаға мәлім, дәл осы уақытта Қазақстан Респуб­лика­сының мемлекеттік дербес­тілігінің символдары Ту, Елтаңба, Әнұран сынды негізгі рәміздер дүниеге келген-ді. Араға уақыт салмай, ізінше осы рәміз­дердің инсти­туционалдық жоғары мәрте­бесінің күші­не ресми енгендігін айғақ­тайтын һәм айқын­дайтын заңдар қабыл­данды. Осы жылы көксеңгір аспан түстес Туымыз Нью-Йорк қаласындағы (АҚШ) БҰҰ бас ғима­ратының алдын­да тігілген әлем елдері туларының қатары­нан өзі­нің лайық­ты орнын алды. Бұл жайт Қазақстан Республи­ка­сының халық­ара­лық қатынас­тың тәуелсіз мемлекет ретін­дегі субъек­тілігін күллі әлем жұрт­шы­лығының мойын­дағандығын білдіреді.

Азаттық атрибуттарының тұңғыш зерттеушісі

1996 жылдың 24 қаңтарындағы Мемлекет басшысының Конституциялық күші бар «Қазақ­стан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» атты Жарлығында осы рәміздердің қолданыс тәртібі нақтыланды. Содан бері ел тәуелсіздігінің тарихи шежіресінде осынау бірегей оқиға тіркелген 1992 жылдың 4 маусымы мемлекетімізде жыл сайын бүкіл ел-жұрт болып атап өтетін бұқаралық мереке күнге айналды.

Тәуелсіздіктің аталмыш символ-атрибут­тарын қабылдау үрдісі ел-жұрттың арасында бүкілхалықтық патриоттық қозғалыс туғыз­ған­дығын айқын аңғаруға болады. Расында да осы сәтте сан жылдар бойы аңсаған азаттыққа қол жеткендігін сезінген халықтың рухы ерекше болды. Осынау өрелі істің қайнаған ортасында жүрген Ербол Шаймерденұлының сөзімен айтқанда, «тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш рәміздерін жасау бүкілхалықтық сипат алып, көптің ісіне айналуы кездейсоқ емес. Халық жүрегін желпіген еркіндік самалы ғажайып шығармашылық белсенділік арнасын ашып жібергендей болды. Танымал өнер иелері ғана емес, қолына тұңғыш рет қалам, қылқалам ұстаған мектеп оқушысынан зейнеткерге дейінгі мыңдаған отандасымыз ойға ой қосып, өз жүрек дүрсілдерін жеткізуге асықты... Ұсынылған жобалар әр алуан болғанымен, байқауға қатысу­шылардың бәріне ортақ нәрсе – ел тәуелсіздігінің жариялануына деген ризашылық, өз тағдырын ел тағдырымен бірге сезінген жоғары отаншылдық сезімдер және жасандылығы жоқ, тек адамның өз рухының оянып, желпінуінің нәтижесінде ғана пайда болатын азаматтық, саяси белсенділік еді».

Мемлекет және қоғам қайраткері деген атаққа әбден лайық Ерекеңнің бұл сөздері сол кездегі қазақ қоғамындағы азаттықтың рухына кенелген әлеуметтік-саяси ахуалды дәл сипаттауымен дараланады. Ербол Шаймерденұлының өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдардың басында-ақ көптеп жарық көрген еңбектерінен де, күнделікті атқарып жүрген сан салалы қызметтік һәм қоғам­дық-саяси істерінен де сол кезде аздығы айқын аңғарылған уақыттың тегеурінді талабы тұрғы­сынан, әсіресе ел тәуелсіздігінің негізгі атрибут-символдары Туды, Елтаңбаны, Әнұранды бірінші кезекте жасақтаудың тарихи маңызын айрықша сезінгендігі көрініп тұратын.

Кеңестік жүйе тарих сахнасынан мүлдем кеткеннен кейін, Қазақстан Республикасы Парла­ментінің баспасөз хатшысы қызметіне таға­йындалған Ерекең мемлекеттік рәміздерді да­йындау және іріктеу жөніндегі республикалық комиссияның хатшысы міндетін де асқан абыроймен атқарды. Шынтуайтында, ол егемендікті енді ғана еншілеген еліміздің бас рәміздерін да­йындау сынды жауапкершілігі аса жоғары іс-шараның іс жүзіндегі ұйымдастырушысы болды. Қазірге дейін лайықты бағамдала қоймаған Ерекеңнің осынау ұйымдастырушылық һәм үйлестірушілік қайраткерлігі жөнінде оның сол кездегі етене жақын рухани ұстазы, тумысынан философ, ұлы жазушы Әбіш Кекілбайұлының төмендегі сөздері толық мәнді мәлімет беретіндей: Жоғарғы Кеңес­тің баспасөз хатшылығын атқарып жүрген «ол қоғамдық жұмысты жан-тәнімен беріліп істейтін. Баспасөз қызметінің бітпейтін де қоймайтын өз міндеттері аз болғандай, мемлекеттік рәміздер комиссиясына байланысты шаруаларды да қоса атқарды. Жабық бәйге жарияланып, түскен материалдарды кабинетіне жинақтап отырды. Бара қалсаң, неше қилы елтаңбалар мен мемлекеттік тулардан көз тұнады. Сұрай қалсаң, қайсысы­ның қай елдікі екені, кім деген суретші жасаған жоба екенін түп-тұқиянына дейін тәптіштеп айта жөнеледі. Нағыз геральдика мен символиканы жатқызып өргізетін білгір маман болып алды. Біздің Қазақстанның суретшілері де барын салып бақты. Елтаңбаның да, мемлекеттік тулардың да әлденеше эскиздері жасалды. Іріктеу комиссиясы да қатты жұмыс істеді. Қайта-қайта сұрыпталды. Тіпті бәйге мерзімі ұзартылып, жаңа ұсыныстар жиналды. Бұл жұмысқа тек комиссия ғана емес, бүкіл қоғам белсене араласты. Түскен жобаларды біресе ардагерлерге, біресе әдебиет пен өнер адамдарына, біресе баспасөз қызметкерлеріне көрсетіп, бәрінің пікірлерін біліп, Ербол да мұрнынан шаншылды. Бірақ аса қызығып, шабыттанып істеді».

Аса көрнекті мемлекет және қоғам қай­раткері һәм өзі де тәуелсіз қазақ мемлекетін құру­шылардың алдыңғы сапында болған ұлы суреткер-жазушы Әбекеңнің осы жолдарды да әдеттегідей өзінің асқан білгірлігімен дараланатын төл қисынына салып, еркін көсіліп жазғандығы менмұндалап-ақ тұр. Ұлы адамның өзінің жас әріптесі әрі шәкірті Ерекеңнің аталмыш ұйымдастырушылық қызметі жөнінде осынау терең де дөп айтылған бағамынан асырып не айтуға болады! Демек Ербол Шаймерденұлы­ның тәуелсіз Қазақ елінің мемлекеттік рәміздері­нің тұңғыш көрнекті (әрі күні бүгінге дейін бірден-бір!) зерттеушісі ретінде қалыптасуына, ең алдымен, оның жоғарыда айтыл­ған аталмыш символ-атрибуттарды дайын­дауға байланысты ұйымдастырушылық һәм үйлес­тірушілік сынды сан салалы қызметі ше­шуші рөл атқарғанды­ғын ерекше екшеп айтқан жөн.

Өз басым Ерекеңмен сол кездері аралас-құра­лас жүрген жандардың бірі ретінде тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздерінің тарихын зерттеуді 1992 жылдың басында-ақ қолға алды деп сеніммен айта аламын. Сөйтіп, методологиялық жағынан да, деректік негізі мен негіздемесі тұрғы­сынан да осынау күрделі тақырыпты зерттеуге үлкен дайындықпен келген ол алғашқы кітабын 1993 жылы «Қазақ елінің рәміздері» деген атпен жарыққа шығарды. Ғылыми ортаның да, қалың көпшіліктің де көңілінен шыққан барлығы 80 беттен тұратын осы туындысының негізінде зерттеуші араға бес жыл салып, яғни 1998 жылы «Елтану әліппесі: қазақ елінің рәміздері» деген кезекті еңбегін баспадан шығарды. Осы ретте ерекше екшеп айтар жайт – аталмыш екінші кітабы 160 бетке дейін ұлғайтылып, жоғары және арнайы орта оқу орындарына ғана емес, мектеп оқушыларына да арналған оқу құралы ретінде жазылғандығы ден қойдырады. Бұл жайтты аталмыш ұлттық рәміздердің қалыптасу және қолданысқа енгізілу тарихын қалың көпшілікке, соның ішінде, жастарға дәріптеудің танымдық тағылымының маңызды екендігін Ерекеңнің терең түсінгендігімен байланыстыруға болады.

Бұдан кейін де зерттеуші осы саладағы ғы­лыми ізденісін әсте тоқтатқан емес. Мұның айшық­­ты айғағы ретінде кейінгі жылдары Ербол Шаймерденұлының жарық көрген төмен­де келтірілген төрт көлемді кітабын атау­ға болады: 1) «Елтаным: тарихи-философия­лық рәміз­баян (ғылыми-танымдық басылым)» (Алматы: «Экономика», 2005. 304 б.); 2) «Қазақ­стан Республикасының тәуелсіздік рәміз­дері (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде)» (Алматы: «Алматыкітап», 2008. 231 б.); 3) «Қазақ­стан Рес­публикасының мемлекеттік рәміз­дері» (Алматы: «Жеті жарғы», 2001. 248 б.); 4) «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде). Фотокітап» (Алматы: «Тау-Қайнар», 2005. 319 б.).

Ал 2001-2008 жылдары жарық көрген (жоға­рыда аталған) еңбектерінің негізінде жүйеленіп, тиісті түрлі түсті суреттермен қамтамасыз етілген нұсқа 2014 жылы Ербол Шаймерденұлының «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан басылып шыққан шығармалар жинағының соңғы бесінші томын құрады.

Зерттеушінің осы туындылары тәуелсіз Қазақ­станның ұлттық рәміздері қорының қалыптасу тарихы жөнінде толықмәнді түсінік алуға мүм­кіндік береді. Соның ішінде жоғарыда аталған мемлекеттік негізгі рәміздермен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің билік атрибуттары (байрақ, омырау белгісі) және ұлттық валюта, мемлекеттік наградалар сынды ұлттық рәміздер қорының тағы басқа да құрамдас элементтерінің тек-тамыры (генезисі), қазіргі қолданыстағы үлгілерге ұласу эволюциясы, сондай-ақ олардың әрқайсысының семантикасы һәм қолданыс тәртібі жөніндегі зерттеушінің тиісті мәліметтерді жүйелі талдауға негізделген терең ой-тұжырымдары, сөз жоқ, аталмыш туындылардың танымдық тағылымын арттыра түседі.

Уақыт өтсе де, Ербол Шаймерденұлының егемен Қазақ елінің рәміздері туралы он сан ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектерінің маңызы арта түсетіні сөзсіз. Себебі бұл туындылар аталмыш рәміздердің қалыптасу және қолданысқа енгізілу үрдісін өзі тікелей ұйымдастырған бас куәгер-тұлғаның қолынан шықты.

 

Нұрсан ӘЛІМБАЙ,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері