Қоғам • 20 Шілде, 2022

Ана тілін білмейтін ата-ана баласын да орыс тілінде оқытуға мәжбүр

709 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бір жолдасымның Петропавл қаласындағы орыс гимназиясын үздік бітірген қызы кейін «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алып, елге оралып, қазір бір орталық мемлекеттік органның департаментін басқарып жүр. Ол қазақ тіліне мемлекеттік қызметке кіргеннен кейін ғана мықтап ден қойып, жұрт қатарлы меңгеріп алыпты және баласын қазақ мектебіне беріпті.

Ана тілін білмейтін ата-ана баласын да орыс тілінде оқытуға мәжбүр

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Осыған орай ата-анасының: «Сен өзің орысша оқыдың ғой, ұлыңды қазақ сыныбына неге бердің?» деген сұрағына: «Мен келешекте Қазақстанда мемлекеттік қызметте қазақ тілін жақсы білетіндер ғана жоғары лауазымдарға қол жеткізе алады деп санаймын», деп жауап берген екен. Ал ұлының сабаққа дайындалуына көмектесу өзіне қиындау тиетін кейбір пәндер бойынша репетитор жалдапты.

 Бұған керісінше, астанада жауапты қызмет атқарып, ұлтжандылығымен де аты шығып жүрген бір таныс азамат басында қазақ мектебіне берген ұлын үшінші сыныптан кейін орыс мектебіне беруге мәжбүр болғанын айтқан еді. Себебі зайыбы орыстілді болуына байланысты отбасы мүшелерінің бәрі үйде орысша сөйлейтіндіктен, баласы қазақ тілін меңгере алмай қиналып, бүкіл пәннен үлгерімі төмендеп кеткен екен. «Мен қазақша білгеніммен, өмір бойы орысша оқығандықтан, әрі үйден ерте кетіп, тым кеш келетін жұмыс жағ­да­й­ыма байланысты баламның сабағына көмектесе алмадым», деген еді ол менің алдымда ақталғандай болып.

Осы екі мысал жуырда астанадағы №94 қазақ мектебіне бес-алты жас әйел келіп, орыс сыныбын ашуды сұ­ра­ға­нын естігенімде есіме түсті. Олардың ұлты қазақ болғанымен, өз ана тілінен мақұрым қалғандықтары себепті орысша оқытуға берген балаларын күн са­йын қашықтағы орыс мектептеріне тасымалдауды қиынсынып жүр екен. Ондай ата-аналардың көпшілігі – қазақ тілінде білім беретін ұйымдар саусақпен санарлықтай ғана болған бұрынғы кеңес заманында және еліміздің тәуелсіздігінің бастапқы кезеңінде, яғни өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында амалсыздан орыс мектебінде оқығандар.

Қазіргі таңда астанадағы 99 мемле­кет­тік мектептің 35-і қазақ тілінде, 56-сы аралас тілде (қазақ және орыс), 8-і орыс тілінде оқытады. Қазақ тілінде оқитын оқушылар саны – 114 442, яғни шәкірттердің жалпы санының 54,8 па­йызы. Орыс тілінде оқитын оқушылар саны – 93 312 (44,7 пайыз), соның ішінде ұлты қазақ балаларының саны – 62 398 (63 пайыз). «Бәрін білетін» статистика елорданың мектептеріндегі қазақ тілінің ахуалы алаң туғызарлықтай екенін аңғартып тұр. Осындай жағдай солтүстік және шығыс өңірлерде, сондай-ақ кейбір батыс облыстарда да қалыптасып отыр. Ал қазақшаға шорқақ ата-аналарды әртүрлі жиындар мен әлеуметтік желіде ащы тілмен ажуалай күстаналап, олардың ұлттық намысын оятуға тырысу әрекеттерінен онша нәтиже шыға қоймасы анық. Оның үстіне, жұрттың бәрі менің жолдасымның шенеунік қызындай бірнеше тілді меңгеруге қабілетті полиглот емес және балаларына қазақша сабақ үйрететін репетитор жалдауға мүмкіндіктері жоқ қой.

Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі осы келеңсіз құбылыстың себептеріне жан-жақты зерттеу жүргізіп, оның қорытындысы бойынша қазақ балала­ры­ның өз ана тілінде білім алуына қа­жетті жағдай жасау мәселесін жан-жақ­ты қарастырса, игі. Орыстілді қазақ ата-аналарын кінәлап, кеуделерінен кері итермей, олардың балаларын қазақша оқытуда кездескен қиындықтарын болдырмауға күш салу керек. Әйтпесе, орыстілді қазақ ата-ана – орыстілді қазақ бала – орыстілді қазақ ата-ана – орыстілді қазақ бала тізбегі шексіз жалғаса беруі мүмкін. Бәлкім, бұл тізбекті орыстілді қазақ ата-ана – қазақтілді қазақ бала – қазақтілді қазақ ата-ана – қазақтілді қазақ бала етіп өзгерту үшін қосымша едәуір қаражат та қажет болар. Бірақ «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов ұлағат етіп айтқандай, ең асыл ұлттық құндылығымыз – ана тіліміздің өрісін кеңейту, бір қазақты «қазақтілді қазақ» және «орыстілді қазақ» деп екіге бөлмеу үшін қаржы аяудың жөні жоқ.

Тағы бір назар аударатын мәселе – бірқатар өңірде, соның ішінде астанада да кейінгі жылдары аралас мектептердің көбейгені. Бұл – орыс мектептерінде оқушылар саны азайып, ал қазақ мектептерінде керісінше болып, орын жетпей, шәкірттерді екі-үш ауысымда оқытуға тура келгендіктен туындаған үрдіс. Білім бөлімдері оқушыларының саны азаюы себепті талай оқу кабинеттері босап қалған орыс мектептерін аралас мектептерге айналдырып жатыр. Бірақ олардың көбінде бұрынғыша орыс тілі үстемдік құрып, мемлекеттік тіліміз оның көлеңкесінде қалып, мүсәпір күй кешіп тұрғанына жергілікті билік органдарындағы шенеуніктер көңіл бөле бермейді. Сарапшылардың айтуына қарағанда, мұндай кемшілік аралас мектеп директорының ұлты қандай екеніне байланысты көрінеді. Орыстілді басшы мектептегі іс-шара­лар­ды ежелден қалыптасқан әдетімен көбінесе орыс тілінде өткізеді. Ал қазақтілді директорлардың көбі екі тілді мүмкіндігінше тең қолдануға тырысады. Ондай іс-шараларға қатысқан оқушылар да екі тілді бірдей құрметтеуге тәрбиеленеді. Сондықтан да аралас мектептер мен қазақ мектептерінің директорларының мемлекеттік тілді білуі міндетті шарт болуға тиіс. Бұған қоса, аралас мектептер басшылығын сол білім беру ұйымындағы барлық іс-шараны екі тілде өткізуге міндеттеу қажет. Мін­дет­теп қана қоймай, жүйелі түрде тек­серіс жүргізіп, аралас мектептерде мемлекеттік тіл мәртебесінің сақталуына бақылау орнату қажет. Міне, осындай талаптардың нормативтік құқықтық актілер арқылы заңдастырылуына және олардың орындалуын қадағалауға Оқу-ағарту министрлігі мұрындық болса, құба-құп.

...Жақында Петропавл қаласынан мынадай хабар жетті: Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Жанат Мұхамеджанов облыс орталығында бала­лары биыл бірінші сыныпқа баратын қазақ ата-аналармен арнайы кездесулер өткізіп, оларды өз бүлдіршіндерін қазақ мектептеріне беруге үгіттепті. Сонда орыстілді ата-аналар бұған қарсы емес­т­іктерін айтып, тек қазақша түсін­бей­тін балалары үшін қосымша сабақ ұйымдастыруды өтінген екен.