Кино • 20 Шілде, 2022

Дубляждың дүбірі басыла ма?

466 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстардың салқыны әр салада бізге де тиіп жатыр. Біршама уақыт бұрын көрші мемлекетке салынған санкциялардан кейін Қазақстан кинотеатр­ларында Голливуд фильмдері көрсетілмей қалуы мүмкін деген күмән күшейген еді. Кинонарықтағы өнімдердің 70-80 пайызы ресейлік дәлізбен келетіндіктен, бұл, әрине, көрермен мен отандық дистрибьюторларды алаңдататын жағдай. Осы орайда Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев еліміздегі киноөндірісті дамыту мәселелеріне арналған кеңес өт­кі­зіп, қазіргі уақытта шетелдік ком­паниялармен барлық қажетті келіссөз жүргізіліп жатқанын айтқан болатын.

Дубляждың дүбірі басыла ма?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Атап айтқанда, голливудтық Universal Pictures, Warner Bros пен Paramount Pictures студиялары бұрын бекітілген кестеге сәйкес қазақстандық көрер­мендерге өз картиналарын ұсы­нуды жалғастырады. Ал Walt Disney Company жә­не Sony компанияларымен отан­дық кинопрокатшылар МСМ қаты­суы­мен тікелей келіссөздер жүр­гізуде. Тиісті келісімдерге қол жет­кізу үшін айтар­лықтай кедергілер жоқ деген еді. Ұзаққа созылған бұл мәселенің мәнісін білмекке аталған министрлікке сұрау салып көрдік. Хабарлауынша, екі арадағы келіссөздер әлі де жүргізіліп жатыр, ендігі жиын күзге қарай өтпек.

Санкциядан – сапаға

Алайда кинотеатрларға төн­ген қауіп біз ойлағандай орасан болмады. Үлкен экрандарда берілетін голливудтық фильм­дер өз кестесімен жүріп жатыр, тұра­лап қалған жоқ.

Еліміздің бас киностудиясы «Қазақ­фильм» әлемдік премьераларды дыбыс­тауға дайын екенін мәлімдеді. Отандық дистрибьюторлар да кезекте тұрған кинокартиналардың барлығы кесте бойынша орыс дубляжымен һәм қазақ субтитрлерімен шығып жатқанын айтты. Яғни жақын арада жоспарланған фильмдердің дубляжында ешқандай мәселе жоқ. Кейінгі он жыл ішінде 38 шетелдік туындыны дубляждаған «Болашақ» корпоративтік қоры мамандары да Ресей санкциясының әсерінен ТМД кеңістігінде әлемдік фильмдердің орысша дубляжы тоқтайды деуге ертерек деп отыр.

Жалпы, бұл тақырып қозғалған тұста қазақша дубляждың да мәселесі ауа жа­йылады. 2012 жылдан бері талқыға түсіп келе жатқан қазақ дубляжының күрмеуі әлі толық тарқамады. Шешілмеуінің де себебі көп: ең алдымен, заңдық тұрғыда негізі жоқ, қаржы аз, одан әрі мемлекеттік тілдің мәртебесіне барып тіреледі. Бұл енді бөлек әңгіме. Ал 2019 жылдан бастап кинотеатрлардан берілетін туындыларға қазақша субтитр­лер қосу қолға алынды. Алайда сол субтитрді оқып отырып, күлмеске амал жоқ – толған қате. Аударманың сапасы сын көтермейтіні тағы бар. Дегенмен, кей тарап бұған дейін үлкен экрандарда көрсетілетін кинолардың, тіпті қазақ тіліндегі субтитрі де болмағанын ескеріп, бүгінгі сапасыз аударманы бір жетістік санайды. Жоспар үшін орындалған шала істің қайбір пайдасы бар дейсіз...

Режиссер Сәбит Құрманбек әлемдік кинокартиналардың Қазақстан экрандарында мемлекеттік тілде көрсетілуін бұрыннан айтып жүр. Министрлік жаңа бастама көтерген қазіргі уақытта да Голливуд киноөнімдерінің қазақ тіліне дубляждалуын заңмен бекіту қажет деп пікір білдірді.

«Қазақстандағы барша кинопрокат желілері мен дистрибьюторлары көрсетілетін киноөнімдерін, тек қазақша дубляждап, ал басқа тілдерде субтитр­мен берілуі керек. Бұл тіл саясатын дамыту және қазақ тілінің мәртебесін көтеруге үлкен сеп болмақ. Сондай-ақ шетелдік телеөнімдер мен ақпараттық бағдарламалар толығымен заңды түрде қазақ тіліне (аударылып) дубляжданып эфирге шығуы қажет», дейді режиссер.

Сондай-ақ ол кейінгі жылдары кино мен теледидардағы шетелдік өнімдердің бір босалқы жері – дубляждағы дауыс­тардың жағымсыз әрі жасанды екеніне тоқталды.

«Телеөнімді дыбыстауда дикция, да­уыс және тембр – үлкен өнер. Көрерменді баурап алатын, сендіретін сезім ол – да­уыс. Сондықтан дубляждық өнер тілімізді насихаттайтын, оны көтеретін күшке айналдыру үшін мемлекет тарапынан аударма саласын да дамыту керек. Аудару, дұрыс сөз баламасын табу, мағыналы аудару үлкен редакторлық жұмыс. Әсіресе теледидарда редакторлық олқылықтар көп, тіпті мамандықты ортанқол деңгейге түсіріп жіберген. Филологтер тапшылығы сезіліп тұрады, аударма тілі өте ауыр, ұғымсыз, сөзбе-сөз аудара салу басым. Бұл мәселенің бәрі нақты жүйе болса ғана шешіледі. Тек мемлекеттік деңгейде қолдау болса», дейді С.Құрманбек.

Субтитрлеудің сыры

Әрине, бұл да біржақты пікір. Мәселен, кинотеатрларда берілетін фильмдердің қазақша дубляжы жанды шықпаса, көрерменнің баруы екіталай. Кімнің болса да, ең алдымен сапалы туынды көргісі келеді. Оған қоса Қазақстанда киноны былай қойғанда, кез келген дүние екі тілде жасалатыны (тіпті кейбірінің мемлекеттік тілдегі нұсқасы болмайды) әлі біршама жылдарға созылатын ақиқат. Әрі қоғамдағы қазақ тілін білмейтін халық санын есептесек, тіпті тереңдеп кетеміз. Сондықтан үлкен экрандарда көрсетілетін кино­картиналардың екі тілдегі дубляжы да қолжетімді болса, үлкен жетістік сол емес пе?..

Байқасақ, елімізде шетелдік фильм­дерді қазақша сөйлетуге техникалық мүмкіндіктер де, кәсіби дубляж актерлері де жеткілікті. Алайда бұл – қымбат процесс. Сол үшін де мамандарды кеткен шығын өтеле ме деген сұрақ мазалайды. Мәселен, стандарт бойынша бір фильмді дубляждау субтитрлеуге қарағанда қымбат. Шамамен, 100 мың долларды қажет етеді.

Айта кетейік, 2019 жылы Мәде­ниет туралы заңдағы 28-бап түгел­дей алып тасталынған еді. Сол 28-бап­­тың 4-тармағында «Қазақстан Респуб­-
ликасының аумағында барлық фильмді прокаттау қазақ тілінде және басқа да тілдерде жүзеге асырылады» делінген. Ал 3-тармағына сәйкес, прокаттау мақсатында Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнетiн (жеткiзiлетiн) барлық фильмдерге 2012 жылғы 1 қаң­тардан бастап қазақ тілінде дубляж жасалуға тиiс болатын. Бұл Мәдениет туралы заңда 2012 жылдан бастап 2019 жылға дейін болды. Алайда сол күйі орындалмай кетті.

Енді бір жаңалық, Мәдениет және спорт министрлігі «Кинематография туралы» заңға өзгеріс енгізуді жоспар­лағанына да біраз уақыт өтті. Ол міндетті дубляж немесе фильмнің қазақ тіліндегі түпнұсқасын талап етуге бағытталған. Заң жобасын биыл – 2022 жылы қабылдау жоспарланған болатын. Аталған ведомствоның хабарлауынша, заң жобасы қазір Парламент Мәжілісінің жұмыс тобының қарауында.

Сонымен, бүгінде «Кинематография туралы» Заңға сәйкес прокатталуы шек­теулі фильмдерді қоспағанда, Қа­зақ­стан Республикасының аумағын­дағы кинозалдар мен осы мақсаттарға арналған өзге де орындарда прокатталуы және көрсетілуі қазақ тілінде жүзеге асырылмайтын фильмдер қазақ тілінде дубляж жасалуға, не субтитр­ленуге, не кадр сыртындағы аудармамен қамтамасыз етілуге тиіс. Егер Қазақстанда шығарылған фильм­де қазақ тілімен қатар басқа да тілдер қолданылған жағдайда, оны прокаттауды және көрсетуді жүзеге асыру кезінде басқа тілдердегі мәтін қазақ тілінде субтитрленуге, не кадр сыртындағы аудармамен қамтамасыз етілуге тиіс. Ал қазақ тілінде дубляж жасалып, яки субтитр­леу, не кадр сыртындағы аудармамен қамтамасыз ету прокаттаушылардың құзыретіндегі шаруа.

Мәселен, «Қазақфильм» киностудиясы 2017 – 2021 жылдар аралығында 20-дан астам фильмді қазақ тіліне дубляждады. Атап айтсақ, «Казахский танец», «Казахский ренессанс. Жумат Шанин», «13 километров», «Алтын Эмель», «Гармония оттенков», «Потому что люблю», «Эль-Фриман», «Девушка и море», «Алатау», «60 дней войны», «На родине тюльпанов», «Чуваши», «Мой Жансугуров», «Мир детского периода», «Наш милый доктор», «Лабо­ратория счас­тья», «Фабрика чувств», «Подсолнух». Сондай-ақ 14 фильм­ге кадр сыртындағы аударма жасалды.             

Айта кетейік, бүгінгі нарықта дуб­ляждауды іске асыратын он шақты компания бар. «Қазақфильмнен» бас­тап «Arna media.kz» ЖШС, «Amelia production» дыбыс жазу студиясы, Daryn production ЖК, «Синематон» компаниясы, «Satti media partner*s» ЖШС, Mynyrgaq компаниясы, «Қазақ­дубляж» студиясы, Studio 7 Almaty компаниясы, «Qvadrant» ЖШС, «Aray media group» ЖШС.

Сәл кейінге шегінсек, «Қазақфильм» іргесінен «Дубляж» студиясының құрылу тарихы сонау 70-жылдарынан бастау алады. Ұлы Отан соғысы жылдарында Алматыға көшірілген «Мосфильм», «Ленфильм» киностудиялары негізінде Біріккен Орталық киностудияның құрылуы арқасында елімізде тұңғыш киноактерлер мектебі ашылды. Осы мектептің түлектері – Қуат және Майра Әбусейітовтер Қазақстанның алғашқы дубляж режиссерлері деп танылса, ал Бәйділда Қалтаев, Мұхтар Бақтыгереев, Атагелді Ысмайылов, Фарида Шәріпова секілді актерлер дубляждың дамуына зор үлес қосып, үлкен мектеп қалыптастырды.

Аталған киностудиядан тәуелсіздік жылдарынан бері 300-ге тарта фильм аударылды. Ал 2011 жылдан бері шетел­дік студиялардың тапсырысы бойын­ша көркем және анимациялық фильмдерді мемлекеттік тілге аударып, прокатқа шығарып келеді. Әр жылдары «Қазақфильм» киностудиясында «С новым годом, мамы!», «Марко Макако», «Три богатыря» сынды фильмдер қазақ тіліне тәржімаланып, прокатқа шықты. Сондай-ақ 2019 жылы «Қазақстан» телеарнасының тапсырысымен 17 шетелдік фильмге, 80 сериялық анимациялық фильмге дубляж жасалды. Былтыр TIJI, Nickelodeon сынды шетелдік телеарналардың мультфильмдері қазақ тіліне аударылды. Бұл жұмыс биыл да жалғасып жатыр.

Осы орайда «Қазақфильмге» қарасты Дубляж және субтитр бөлімінің басшысы Аида Елгезековамен блиц-сұхбат жасаған едік.

...ең әуелі кадр тапшы

– Бір фильмнің дубляжына қанша уақыт һәм қаржы кетеді?

– Бір фильмнің дубляжына (актерлік, синхронды дубляж) бір ай он бес күн, ал вайсоверге – 5 күн кетеді. Жалпы, дубляж екі түрге бөлінеді: біріншісі − синхронды, екіншісі войсовер. Синхронды дубляжда әрбір дыбысқа мән беріледі. Оны жасауға қомақты қаржы ғана емес, ұзақ уақыт қажет. Өйткені синхрон жасау − жаңа түсірілген фильмді басынан аяғына дейін дыбыстап шығумен тең. Осы ретте көбісі синхронды дыбыстау­дан қашып, кадр сыртынан мәтінді оқыта салады. Ал бір фильмнің дуб­ляжына (отандық фильм) 10 млн-ға дейін қаржы жұмсалады. Шетелдік бір фильмді дубляж жасау үшін, шамамен 30 млн-дай қаражат қажет. Негізінен, жұмсалатын қаржы фильмге түскен актерлердің санына, жанрына, дубляж түріне (синхрон, кадрдан тыс) байла­ныс­ты белгіленеді.

– Жылына қанша фильмге дубляж жасалады?

– Киностудия мемлекеттік тапсырыс­пен жылына 10-15 отандық фильмге дубляж жасайды. Одан бөлек шетелдік студиялардың, телеарналардың тапсырыстарын қабылдайды.

– Дубляж жасаушыларға қан­дай та­лап­тар қойылады? Қалай таңда­лады?

– Басты талап – біліктіліктің болуы. Дауыстар фильмдегі кейіпкерлердің даусына сай іріктеледі. Жас шамасы, мінез-құлқы, даусының тембрі ұқсас болуға тиіс.

– Мұндай мамандарды даярлайтын оқу орындары немесе арнайы курстар бар ма?

– Арнайы жоғары оқу орны жоқ. Көбіне театр және кино актерлері келе­ді. Алматы қаласында курс өткізіп жүрген жеке дыбыс жазу студиялары бар. Мәселен, «Мың ырғақ» медиа орталығын айтсақ болады. Мұнда елі­міз­дің белгілі дубляж актері Азамат Қана­пия және театр актері Дархан Сүлейменов ұстаздық етеді.

– Бұл кадр тапшылығына әкеледі ғой...

– Иә, ең әуелі кадр тапшы. Дубляж ісін меңгергісі келетін жастар көп. Бірақ біз тек дайын мамандармен жұмыс істейміз. Оқыту біздің жұмысымызға кірмейді. Ағылшын-қазақ тілін жақсы мең­герген мамандардың аздығы байқа­лады. Көбіне ағылшын-орыс тілін мең­гер­ген жастар түйіндемелерін жібе­реді. Одан кейін, әрине, дубляж сала­сының мамандарын даярлайтын арнайы оқу орны немесе факультет қажет. Мем­лекет тарапынан біліктілік курстары ұйымдастырылып, жас мамандар шетелдерде іс-тәжірибеден өтіп келсе дейміз.

– Қазақстандағы дубляж саласында бәсеке бар ма?

–  Әрине, бар. Мәселен, «Қазақфильм» киностудиясымен қатар, «Болашақ» корпоративтік қоры, «Арай медиа», «Меломан», Sinema Tone және т.б. компаниялар 2011 жылдан бері шетелдік студиялардың тапсырысы бойынша көркем және анимациялық фильмдерін мемлекеттік тілге аударып, прокатқа шығарып келеді.