Қиялымызда көлбеңдеген қимас күндерге бір сәтке оралайықшы. Жаныңыз жалғызсырағанда ән тыңдаңыз, бұл – нағыз нәзік ностальгия. Қоздай болып жүрсеңіз ән-жалын, отқа оранасыз. Көңіліңіз кедей болса, ән-кеніш, жоқты табасыз. Сосын оны бәрімен бөліскіңіз келеді, тәтті түстей біреуге жорытқыңыз келеді. Ол үшін алдыға таудай қылып үйіп арман қоясыз, ниет байлайсыз, мақсат түзесіз. Тамыздың ми қайнатар ыстығында түйіліп барып ашылған ақ жауындай сіркірейсіз. Көбелектей қалықтайсыз, кемпірқосақтай боянасыз. Жылдардың ығына жығылмайсыз, бұл жолы уақыт сізге сүйенеді. Міне, бұл әннің қасиеті, жо-жоқ қазақ сазының сайыпқыраны Нұрғиса Тілендиевтің құдіреті. Ол – жеті нотаның жұмбағын шешкен, екі ішекке елдің назын қондырған таяқ ұшындағы талант.
Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып,
Бара жатыр,
бара жатыр құс қайтып.
Зымырайды менің бала кезімдей,
Бір жалт етіп өте шыққан сезімдей.
Мұнда сыршыл ақын Тұманбай Молдағалиевтің сартап сағынышы мен мейірім-мұңы бар. Ақын қартайғанымен, өлең қартаймайды. Бұл аксиома өмірін өнерге арнаған әрбір ақыл иесіне айтылар «жұбату» шығар, әйтсе де, Нұрғиса мен Тұманбай жазған шедеврлерден біздің қазақ өнері әлі де қуат алып тұрғандай. Қайтып бара жатқан құстар емес, ол бүтін дәуір, жастық шақ, мөлдір махаббат, сыралғы сәттер, әне, бәрі-бәрі қанатымен қол бұлғап барады. Келер көктемде сол аяулы мезеттердің мәңгілік сағыныштың мекеніне қайтып оралуы екіұдай. Неткен ауыр диллема дерсіз!?
Әне қараңызшы, тамыз табалдырықтан аттағалы тұр, артында қыркүйек менмұндалайды. Күз – бұл соқыр салған суреттің түсіндей тұңғиық мезгіл. Әйтсе де, Әбіш Кекілбаев:
«Емес бұл табиғаттың кәрі, шыда.
Қараңды өзгерт күздің сарысына.
Күз түсі көрінер-ді көрік болып,
Күзше өлсем, берерімді беріп болып», дейді күзден мият іздеп. Онда неге құстар бізді тастап кетеді екен? Үзілген жапырақтар, сарғайған әлем, көмескі тартқан күннің нұры, қазбауыр бұлттарын сүйреткен алқаракөк аспан, күңіренген кеш, құдды қуаныштың спектаклі аяқталғандай бәрін қалдырып, қанаттылар басқа мекеннен мейірім іздеп жыраққа ұшып кетеді. Біз сонда өзімізді «Құстар қайтып барады» әнімен жұбатамыз. Әлі күнге дейін...
Алматы. 1965 жылдың күзі. Ұлы сазгер Нұрғиса Тілендиев – «Қазақфильм» киностудиясында музыкалық бағдарламалардың бас редакторы. Композиторды қауырт жұмыс қажытса керек, бәріне қолын бір сілтеп, үйіне қарай бет түзейді. Қабағы салыңқы. Дүние тұнжыр тартқандай. Бәлкім, жұмыста орынсыз жағдай орын алды ма, әлде шығармашылық әлемінің ауа райы әдеттегідей құбылып тұр ма екен, шаңырағына қарай көңілсіз жортады. Күрең күз, сұрғылт тартқан кеңістік. Дәл Есениннің өлеңіндегідей: «Құлап жатқан жапырақ, жылап жатқан жүрегім».
Композитор ақырын 28-Панфиловшылар саябағына аяңдай келіп, орындыққа жайғасады. Қалың ой үстінде айналасына шола қарайды. Кенет көзіне қалықтап барып ағаш басына қонған тырна түседі. Дүниеден бір уақыт тыныштық іздеген тырнаға маңайдағы өзге құстар тыныштық бермейді. Қарқылдап қасына қонған қарғалар шоқып өтеді. Құстардың бұл қылығын алыстан тамашалаған Нұрағаң: «Адам мен құстың өмірі қандай ұқсас» деген ойға келеді. Көп бөгелмей ары қарай өз жолымен жүреді.
Үйіне келген бойда саябақтағы жағдайды жары Дариғаға айтады. «Жер бетінде адам баласы бір-біріне сұстана қарап, қызыл сөзге жол беріп, бір-бірін көре алмай, қудалап жатады. Бұл әрекет құстардың да өмірінде бар екен-ау. Тырнаны қарғалар отырғызбай қойды. Мен болсам, көзіме жас алып, үйге қарай беттедім», дейді өнер иесі. Бұл бір сәттік оқиға сазгердің жүрегінде тұмшаланған көп ойдың бірін босатса керек. Артынан дүниеге «Құстар қайтып барады» әнінің әуені келеді. Өмір өтпелі, адамның жолы бағдарлы екені аян. Қанатымен еркіндікті бағындырған құстарға да бұл әлем тарлық еткені ме, сонда?!
Кейін ғажайып ақын Тұманбай Молдағалиевті қонаққа шақырып, әннің шығуына түрткі болған оқиғаны асықпай баяндайды. Талғампаз Тілендиев әннің мәтініне келгенде өте сарабдал еді. Сондықтан болар Тұмағаң ғана жанын жақын түсінетін секілді. Ақын інісі ағасын мұқият тыңдап, іштей қорытып, жүрек көзімен бір барлап қарайды. Сөйтіп, күз бен өмірдің сюжетін қаламына қондырады. Осылайша, «Құстар қайтып барады» туындысы елдің назарына ұсынылады. Ақынның жыры әнсіз де тұнған кіршіксіз поэзия екенін айта кеткеніміз жөн шығар. Тұмағаңның тарамыс тағдырынан сыр тартады.
Бұл әннің алғашқы орындаушысы халық әртісі Роза Жаманова болған. Кейін сол кезде өнерге енді ғана қадам басқан Бақыт Әшімова мен Шолпан Тоқсанова деген жас әншілер қос дауыста шырқады. Осы әннің ғажайыбынан болар, орындаған әрбір жас әншінің есімі елге кеңінен таралды. Әннің асқақтығы сонша, «Құстар әні», «Бара жатыр құс қайтып», «Құстар қайтып барады» секілді түрлі атаумен шырқалды. Сазгердің жүрегінен шыққан әуенді сырын бұзбай жеткізу үлкен еңбекті талап етеді. Бұл қатарда халық әртістері Ермек Серкебаев, Нұрғали Нүсіпжанов, Майгүл Қазтұрғанова сияқты ән өнерінің майталмандары бар. Олар ерекше орындап қана қоймай, халықтың жадында мәңгі қалды.
Жарықтық, Нұрғиса Тілендиев көзі тірісінде әрбір шығармашылық кешінің соңында осы әнді орындатады екен. Жанын жарып шыққан әндердің ішінде бұл туындының бәсі биік болыпты. Тіпті қайтпас сапарға аттанар шағында: «Мені «Құстар қайтып барады» әнімен шығарып салыңдар» деп аманаттап кеткен екен. Иә, дәл сол өлеңдегідей ғой өмірдің мәні мен дәмі, тыңдаңызшы?!
Құстар, құстар сызылтып ән салады,
Сол әнімен тербетеді даланы.
Ал адамдар күліп бастап өмірін,
Кетерінде жылай да алмай қалады.