Өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында етті мал шаруашылығын ұстап отырған субъектілерді қолдау мәселелері бойынша жиын өтті. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрам Өтешов қатысып, мал бағатын ағайынның көңіліндегі алаңдаушылықтарға назар аударды.
– Өңірімізде ет бағытында мал өсіріп отырған шаруашылықтар баршылық. Шағын фермерлік шаруашылықтардың басым бөлігі субсидиялау көлемін өткен жылдың деңгейінде қалдыруды сұрайды. Шаруалар өңірде асыл тұқымды түлік көбейсе, ірі немесе ұсақ малдың басына берілетін субсидия сомасы азайып қала ма деп алаңдайды. Сондықтан бұл мәселелерді ескеріп, оларды қолдаудың тетіктерін қарастыру қажет, – деді Мейрам Өтешов.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Серік Сәдуақасов былтыр кәсіпті енді қолға алған шаруашылықтарға жемшөп дайындау үшін субсидия беріле бастағанын еске салды. «Субсидия бөліне бастаған соң аймағымызда фермерлік шаруашылықтардың саны көбейгенін қалаймыз. Мал басы жылдан-жылға өсуі заңдылық. Осыған назар аударған дұрыс», деген ойымен бөлісті ол.
«Агрофирма Ақжар Өндіріс» ЖШС басшысы Гүлзира Қазылова ет бағытындағы мал өсірушілер көтеріп отырған мәселелер өте өзекті екенін жеткізді.
Ал жергілікті «Agroexport Pavlodar» ЖШС-нің иесі Қанатбек Өзембаев субсидия бөлуде барлығына бірдей тең құқық берілуге тиіс деп санайды.
– Бұл бағытты субсидиялауға бюджеттен қаражат аз бөлінетіні байқалады. Жауапты басқарма алдымен үлкен шаруашылықтарды жарылқайды. Ақыр соңында ұсақ шаруаларға қаржы жетпей қалып, үмітіміз үзіледі. Жыл сайын қолдаудан қағыламыз. Былтыр шөптің бір орамы 12 мың теңгеден сатылды. Мал азығын дайындау үшін де шығындарымыз өсіп кетті. Дизель отыны, қажетті техника, техниканың қосалқы бөлшектерінің бағасы биыл мүлде шарықтап тұр. Ет бағытындағы мал шаруашылығымен айналысатын фермерлердің өтініші ескеріліп, бізге субсидия бөлінсе деген тілегіміз бар, – деген өтінішін жеткізді шаруа.
Шаруашылық басшысының айтуынша, құны жыл басында 8 млн теңге болған МТЗ тракторы қазір 10 млн теңге тұрады. «ҚазАгроҚаржы» АҚ-да қуаттылығы орташа трактор техникаларының бағасы 12 млн теңгеге дейін қымбаттап кеткен.
Мұрат ҚАПАНҰЛЫ,
журналист
Павлодар облысы