Әдебиет • 24 Шілде, 2022

Бір мәснәуи баяны

859 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мәснәуи – парсының қос тармақты өлең жолы. Иран поэзиясы бергі Нима Юшидж секілді жаңа бағыттағы ақындарға дейін мәснәуи жанрында жазылған жырлар көптеп танылады. Шығысқа, арысы әлемге даңқы шық­қан мәснәуилер ішінде, әрине, Руми мәснәуилерінің шоқтығы биік. Әдетте, форманы үйлестіруші көп, бірақ ішкі телегей нұр, толған мән-мағынаны қиыс­тырушы қаламгер сирек.

Бір мәснәуи баяны

Әңгіме Румидің бір мәснәуиінің мағынасы жөнінде болмақ. Мәснәуидің қысқаша сюжеті мынадай: Бір күні қытай суретшілері «Біздің түрік суретшілерінен өнеріміз ілгері» деп мақтанады. Түрік суретшілері де «Жоқ, біз сендерден жоғарымыз. Біздің өнеріміз алда» –деп бұған қарсы шығады. Бұл талас-тартыс құлағына жеткен Сұлтан екі жаққа таласқанды қойып, сайысуға шақырады. Екі тарап суретшілері ұсынысты қабыл алып, қарама-қарсы екі қабырғаға сурет салу ісін бас­тап жібереді. Қытай суретшілері Сұлтан­нан әртүрлі бояу сұрап, бар өнерін салады. Ал түрік суретшілері көп нәрсе талап етпей, тек қабырғадағы кір-дақтарды кетіретін заттар сұрайды. Түрлі түсті бояу пайдалан­бай-ақ, түссіз сурет салуға көшеді. Екі тарап су­реттерін салып біткен соң Сұлтан алдымен қытай суретшілерінің қабырғасына бұрылады. Мың сан бояуды баттастырып, әшекей сынды жарқыраған суретке тәнті болып, салтанаты мен әсемдігіне ырзалық білдіреді. Кезек түрік суретшілеріне келіп, қабырғадағы пердені алуды өтінеді. Бірақ түрік суретшілері қабырғаны айнадай етіп тазалап қана қойғандықтан оған шағылысқан сурет тек қытай өнерпаздарының, салқар даланың суреті еді. Бірақ тап-таза, тұп-тұнық қабырғаға шағылысқан сурет бәрінен әсем, көркем болып көрінеді. Бұл көрініске таң қалған Сұлтан жеңісті түрік суретшілеріне береді. Осылайша, айнадай тұнық қабырға ­жасап, оған сыртқы көріністерді шағылыс­ты­ру арқылы түрік суретшілері марапатқа кенеледі.

 Міне, мәснәуи сюжетінің ұзын-сонар қалыбы осы. Бұдан не түйдіңіз? Қандай ғибрат алдыңыз?

Руми бұл мәснәуиі арқылы жүрек айнасының ұлылығын сөз етеді. Яғни қытай сурет­шілері дегеніміз – сыртқы көріністің шең­берімен ғана шектеліп, ішкі мәнге ой жүгірте алмаған адамдар. Абай тілімен айтсақ, екі көзі аларып, аспанға құр қараған пенделер. Жүрегін менмендік, тәкаппарлық, әуесқой­лық, ашкөздік сынды кері ғадеттермен қоршап алған адамдар әр заттың сыртқы қалыбын көрумен ғана шектелмек. Шексіз дарияның қасында құмырасына бір аяқ су құйылғанға менмендікке, сөзуарлыққа салынып, жығасын түзетумен әуре болу күлкі шақырарлық. «Білім өзіңді білу, сен өзіңді білмесең, бұл нені білу?» деген даналар тағылымы білімнің сыртқы және ішкі қыры барын баян етеді. Сыртқы, яғни ақпараттық қана білімімен заттардың мәніне жету мүмкін емес. Ақылды әртүрлі дерттен тазартып, әлемді тану жайлы Шәкәрім Құдайбердіұлы:

Ақыл құсы адаспай аспандаса,

Әлемде нәрсе болмас оған таса,

Жетi көк жерден оңай басқыш болып,

Ғарышқа қол жетедi қармаласа.

Яғни адамның негізгі міндетінің бірі – ақыл мен жүректі саф күйінде сақтап, өзін тану. Егер ақыл былғанса, жеке басынан артылмақ емес. «Адамды тұтқындағың келсе, қызғаныш пен ренішке қамап қой» деген батыс философының пікірінде мән бар.

Ал мәснәуидегі түрік суретшілері дегеніміз – жүрегін жарқыратып, таза қалпында сақтаған адамдар бейнесі. Мәснәуи тәпсіршісі, түрік ғалымы бұл суретшілер жөнінде: «Олар түрлі түстіден гөрі түссіз болуды таңдады. Өйткені олар түссіздіктің артықшылығын білетін еді. Осыншама көп түстің ақыры түссіздік екенін де ұғынатын. Өнер – түстің көптігінде емес, түссіздікті көрсете білуде. Әйтпесе, аспандағы бұлттардың, дариядағы судың өз түстері жоқ. Оларды әртүрлі түске бөлейтін аспандағы күн» дейді. Руми мәснәуиінің негізгі ғибратты арқауы – жүректі тума қалпында сақтап, мүмкіндіктерін ашу. Әлемдегі көріністің бәрі жүрек арқылы сезілетіндіктен, ақын жүрек айнасын әлемнің кіндігі іспетті көреді. Шынында, жүрек культі қазақтың ұлттық танымында да жоғарғы маңызға ие. «Жүректің көзі ашылса, хақтықтың түсер сәулесі» деген хәкімнің қара сөзінде де жүректі бар мүшенің басына шығаратыны бар. Жүрегін кірлеткен адамға дүниенің бәрі зұлымдық пен жамандыққа, әуре-сарсаңға толы. Ал жүрегі таза адам адамзаттың бәрін сүйіп, күн секілді өзінен жарық бөлмек. Әл-Фараби бұл тұжырымды өлең арқылы жеткізеді.

Ғақлия көзбен қарасаң,

Дүние – ғажап, сен – есік.

Жаһлы көзбен қарасаң,

Дүние – қоқыс, сен – меншік.

Румидің көзқарасы бойынша адам әлемнің кіші бөлшегі. «Жақсы қара өзіңе кішкентай әлемсің сен, әлемнің көзінің қарашығы болған адамсың сен». «Сен мұхит ішіндегі тамшы емес, тамшы ішіндегі мұхитсың». Ал сіз жүрек айнаңызды қандай құндылықтармен шағылыстырып жүрсіз?