Әдебиет • 24 Шілде, 2022

Адасып, жылап жүрген бағалар...

314 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өтежан туралы сұрай бастасаң, жастарды қайдам, үлкендер қамшы салдырмайды. «Концерт» деген өлеңі бар деп бастайды әңгімені. Мінезін, қылықтарын тізбектеп ала жөнеледі.

Адасып, жылап жүрген бағалар...

Атына бұрыннан қанық болсақ та, бізге Өтежан Нұрғалиевті әуелі ақын Серік Ақсұңқарұлы таныс­тырды. Оның көзі тірі кезінде бұл кісінің жазған өлеңі бар. «Тәңірімен табысқандай елжірейді Ер түрік. Айға шапқан арыстандай, жатысын-ай, мертігіп...» деп басталады («Өте­жан Нұрғалиев. Реквием»). Өзі түгілі Өтекеңнің кемпірі де қайт­паған тұста шыққан Серік Ақ­сұңқарұлының осы жыры. Одан ке­йін Ө.Нұрғалиев туралы бірнеше материал оқыдық, әртүрлі мінезі­нен хабардар болған сайын атал­ған ­туынды еске түседі де тұрады. Жары қайтқан соң жағдайы аса оңалмаған сияқты сезіледі соңғы жазған өлеңдерінің бірінен. «Ажал келіп менің де жарымды алды, жарымды емес қолдағы барымды ­алды. Атылмайтын оқ қалды писто­летте, сатылмайтын ақшаға арым қал­ды» деп жазды. Қосағының қаза­сы­­нан соң кездескенде Құлтөлеу Мұ­қаш «неге жабырқап жүрсіз?» десе, «кемпірімді сағынып жүрмін», депті ақын.

Өтежан Нұрғалиевті аузынан тастамайтын екінші ақын Дәурен Берікқажыұлы еді. Кез келген думанды отырыстарда «Соғыстың соңғы жазын» алып шығып, ақынның өлеңдерін оқып тынысымызды ашатын. Біз алғашқыда кітаптарын оқып бастағанымызда шығармалары тартпаған, оның үстіне әр өлеңі кемі екі-үш бет, ұзақтау жазатын сияқты. Кілең баллада. Содан бір күні душар болдық. Басқарманың баласы туралы жырларға. «Сыңғыр-сыңғыр сүйіскенде стакан, жылдам атқан, жылдай болған қысқа таң. Сонда туған, тойда туған жалғыз ұл – өзі қазақ болса да аты – Степан» деп кете баратын. Осындағы алғашқы екі жол кімнің де болсын бетін бері қаратады. Ал, жалпы, өлең шедевр дүние.

Осы Степан мен Өтекең наға­шылы-жиен болса керек. Степанның әкесі басқарма, ол – жағдайлы от­басының баласы. Сұмдықтың бәрі осы жерден басталады. «Өтпесе де маған жәбір-жапасы, жатты менде жетімдіктің қапасы. Ылғи алшы тұратұғын сияқты, бастықтардың баласының сақасы» дейді ақын. Жетімдіктің қапасымен өмір сүр­ген ақын нағашысы, басқарма­ның баласының асығының жартысын бір-бірлеп ұрлап алады да, көп ұзамай әжесімен басқа ауылға көшіп кетеді ғой. Есебі түгел, Степаны жоқ ауылда сол асық­тарымен жарқыратып ойнаймын ғой деп жүргенде, қырсық қылғандай Степанның әкесі бұлар көшіп келген ауылға басқарма болып келеді. Құдайдың құдіретін көрмейсіз бе?! Содан шала бүлінген бес жасар «ұры» бала айласын асырып алған асықтарын су түбіне жібермей ме? «Менің халім мүсәпір хал, жасық хал, дәл осындай болады екен пасықтар. Бата берді шым-қарағай тереңге, жүзе алмайтын солдаттардай асықтар». Оқиға желісімен өрілетін өлеңді басынан оқып келгенде ойламаған жерден осылай төңкеріс жасайтын шумақтар жеткілікті. Жетімдіктің қапасы мен соғыстың зәбір-жапасы күллі халықтың сана-сезімі мен ой-өрісін, психикасын мүлде басқа арнаға, арна емес, ашық күннен тығылған жарғанаттай қараңғы жықпылдарға сүңгітіп жіберерін аң­ғартады. Сөйтсе де, адамның асыл рухы мен ар-ұяты басқарманың әйелі ғана жарық күнде желбіретіп жайып қоятын ақ орамалдай күллі ауылдың көзін арбап тұруға тиіс деген оймен еңсе тіктетеді ақын. Біз шет-жағасын ғана айтқан бұл – «Басқарманың баласы» деген бірінші өлең. Екіншісі бұдан да өткен ғаламат. 

Адамзат баласына соғыс сал­ған қасіретті Өтежандай сезіндіріп жырлаған ақын кемде-кем деп бі­леміз. Мұны біз ғана емес, бертінде орта буын ақындардың біразы жаз­ды. Мәселе соғыста мыңдап қы­рылған солдат пен оның зарын­да ғана емес. Ерлері соғысқа аттан­ған елдің жетім тағдырында. Бас­көтерері кеткен ауылда бәрі жетім: же­тім шал, жетім кемпір, жесір әйел, жетім бала – бәрін бір шыбықпен айдаған басқарма. Ақынның айтуынша, көз біткен­нің назарын тү­сірген Балғатша он төрт-ақ жаста есейіп кеткен дейді. «Тезек теріп қайтып жүріп кешкілік, қойды дейді жар астында тостырып. Өріп жүр­ген босағадан өсек сөз, Өтенменен қойды оны қостырып. Өтен деген келмесе де өлуге, жарамас жан... жүгіруге... желуге...», дейді.

Өтендер мен Тәжібайларды бес жасар кезінде қалай көрді, солай бергенін айтады замандастары. Ал «Тағы да басқарманың ба­ла­сы» атты өлеңнің оқиғасы басы­нан өткен бала түгілі, оқыған жас жү­ректерді есейтіп жіберетін-ақ дүние. Және оны қалай сурет­теп, қалай ұтымды жеткізген ақын. Ке­ңінен толғап, ұзағынан шыр­қай­тын мұндай өлеңдер қазір кемде-кем. «Біз әкеден жыртық бо­лып қал­ғанбыз» дейтін Өтекең сонда ауыл­дағы бес-алты баланың бар көрген кереметі – басқарма­ның мақпал ки­ген баласы екенін айтқанда, ішің солқ етеді. «Қып-қызыл болып ба­сын­дағы түлкісі, Ертелі-кеш бір сөн­бейді күлкісі» дей­ді басқар­ма­ның баласы туралы.

«Өзі оңбаған – бес жасамай ­жатса да, қыздар жайлы ұят өлең айтатын» сол бала екеуі қатар үз­дік шыға берген соң келер жылы мұ­ғалім шақырып алып: «Биыл ударник болуға тиіссің», деп көндірген соң басталады әңгіме. Осылайша, озаттықтан түсіп, екпінді ғана болып жүрген ақынның басындағы жағдай қай заманда болсын әр саладан қылаң бермей ме? Сөйтсе де, ақын жеріне жеткізіп жырлайды:

«Тартып алған бедел менен

бағаны,

Сол баланы уақыт еске салады.

Тура отыз жыл толған екен,

мінекей,

«Төрт» пен «бестің» арасында

адасып,

Менің бағам жылап кетіп

барады...

Біреулер бар жаңсақ басқан

қадамды,

Көрсе белден бір сызады

адамды.

Мезгілінен бұрын қоя салады,

Мезгіл ғана қоя алатын

бағаңды...».