Қазақстан • 25 Шілде, 2022

Жер телімін онлайн сатып алуға болады

401 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Барлық қызмет жедел цифрланып жатыр және бұл өзгерістен үлкен деңгейдегі сауда-саттық та құралақан емес. Мәселен, қазіргі уақытта банк қосымшаларының көмегімен көлікті сату, сатып алу, есептен шығарудың еш қиындығы болмай қалды. Онлайн ипотека да енгізіліп жатыр. Келесі кезек жер телімдерінде сияқты. Мамандардың айтуынша, онлайн-аукцион арқылы жер телімін сатуды қалыптастыру процесті ашық етеді және бұл саладағы жемқорлықты азайтады.

Жер телімін онлайн сатып алуға болады

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жақында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Аза­маттарға арналған үкімет» мем­лекеттік корпорациясымен, Ауыл шаруашылығы және Әді­лет министрліктерімен, «Ұлт­тық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен және облыстық әкім­дік­термен бірлесіп, электрондық сауда-саттық арқылы мемлекет меншігінен жер учаскелерін беру жөніндегі жобаны іске
қосты.

Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі мен «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік де­рек­тер қорының шашырап жатқан 226 базасы бір жерге – Жыл­жымайтын мүліктің бірың­ғай мемлекеттік кадастрында жинақталған.

Жобаның мақсаты – клиенттер үшін де, мемлекеттік органдар мен ведомстволар үшін де бизнес-процестердің барлық спектрін автоматтандыру. Бұл ретте субъект өзінің жүгіну барысын түпкілікті нәтижеге дейін бақылай алуға тиіс. Сауда-саттыққа Қазақстанның барлық азаматы қатыса алады.

2022 жылғы 22-24 маусымда Қы­зылорда облысындағы үш жер учаскесі онлайн-аукцион арқылы сәтті сатылды. Олардың бірі бастапқы бағасы 1,5 млн теңге болған кезде «электрондық» баға арқылы 2,8 млн теңгеден астам қаржыға, ал екіншісі 246 мың теңгеге, үшіншісі 396 мың теңгеге сатылды.

«Онлайн-аукцион мемлекеттен жер сатып алу процесін ашық әрі түсінікті етуге, сондай-ақ осы саладағы сыбайлас жемқор­лық деңгейін төмендетуге септігін тигізеді. Аталған тәжірибе бү­кіл республикаға таратылады. Сон­­­дай-ақ «Азаматтарға ар­нал­­ған үкімет» мемлекеттік кор­­­порациясы әкім­дік­термен бір­­лесіп жылжымайтын мүлік­тің бір­ыңғай мемлекеттік кадаст­рын (ЖМБМК) енгізу жұ­мы­сы­мен айна­лысып жатыр. Мем­ле­кеттік жер ка­дастры­­ның авто­мат­тандырылған ақпа­­раттық жү­йесі (МЖК ААЖ) мен «Жыл­жы­майтын мүлік тір­келімі» мем­лекеттік деректер қорының (ЖМТ МДҚ) шашырап жатқан 226 базасы осы ЖМБМК-да тоғыс­тырылған. Жер қоры мен жыл­жымайтын мүлік нысанда­ры туралы ақ­паратты онлайн жұмыс істейтін Жария ка­дастр­лық картадан алуға болады. Сон­дай-ақ «Азаматтарға арнал­ған үкі­мет» мемлекеттік корпо­ра­циясы жерге орналастыру жоба­сын әзірлеуден бас­тап құ­қық­тарды тіркей отырып, жер учас­кесіне актіні да­йын­дауға де­йін жер учаскесіне қажетті құжат айна­лымының толық цик­лін қам­тамасыз ететінін атап өтеміз», де­лінген министрлік хабарламасында.

Айта кетейік, жер кадастры депар­таменттері барлығы 10 мемлекеттік қыз­мет көрсетеді. Олар – жер жобаларын жасау; жер учаскелерінің шекараларын белгілеу; жер учаскелерін көлденең және биіктіктен түсі­ру; ауыл шаруашылығы жерлері­не түгендеу жүргізу; жер учас­келері үшін төлемақының ба­залық ставкаларын есептеу; ба­ғалау аймақтары­ның шекара­ларын құру; бүлінген жер­лер­ді қалпына келтіру жобалары; аэро­фототүсірілім жұмыстары; кондоминиум объектілеріндегі жер учаскесінің үлесін есептеу; жер-кадастрлық құжаттардың көшірмелерін беру және тағы басқалар.

Сондай-ақ клиенттерге ың­ғайлы болу үшін, жер кадастры бойынша қыз­мет көрсететін қыз­меткерлер бұрын­ғы­дай жеке ғимараттарда емес, ХҚО-да орна­ласқан.

Жалпы, мемлекеттік маңызы зор қыз­меттердің цифрлана бастауы бұл сала­дағы сауатты ма­мандардың да көбейе түсу қа­жет­тілігін меңзейді. Екіншіден, көрсетілетін цифрлы қызмет сапалы болуға тиіс. Бүгін жұмыс істеп, ертең ашыл­май қалып жататын сайт, портал­дан пайда шамалы. Бұл тұрғыда біз­дің көп елден көш ілгері екеніміз де жасырын емес. Қазір egov.kz порталы және оның Egov Mobile қосымшасы кең кө­лемде қолданысқа ие. Сонымен қатар ­ел азаматтары банктердің мобиль­ді қосым­шасын да белсенді пай­даланады.

Таяуда ғана Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы­ның кейбір заңнамалық актілері­не инновацияларды ын­таланды­ру, цифрландыруды, ақпа­рат­тық қауіпсіздікті дамыту және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасының заңына қол қой­ған еді. Аталған заң отандық цифрландыру процесінің одан әрі қарыштап дамуына тың серпін беруге тиіс. Заңда тиімді үдерістерді артық шығынсыз енгізу, ауыр және бюрократияға толы бизнес-процестерді жай ғана автоматтандырмай, оларды қайта жобалап, барынша сапалы ету қарастырылған.

Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, eGov Mobile мо­бильді қо­сымшасындағы цифрлы қыз­мет­терге сұраныс екі есе өскен. Қа­зір сол мобильді қосымша көмегімен жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, туу туралы куәлік, неке туралы куәлік, тегін, атын, әкесінің атын өзгерту туралы куәлік, некені бұзу туралы куәлік, техникалық паспорт, COVID-19 үшін ПТР тес­тілеу нәтижесі, студенттік билет, диплом, зейнеткер куә­лігі, Қандас куәлігі, көлік құра­лын тіркеу туралы куәлік, әлеу­меттік ID, вакциналау пас­пор­ты, көпбалалы отбасының жәр­дем­­ақысын алу, мүгедектік куә­лігі, атаулы әлеуметтік көмек алу­шының куәлігі сияқ­ты құжат­тарды алуға болады. Бұл әри­не, азаматтардың уақытын, энергиясын және ақшасын үнемдейді.

Сонымен қатар Президенттің 2025 жылға қарай кемінде 100 мың жоғары білікті IT-маман даярлау міндетін қой­ғанын да ұмытпау керек. Бұл да – жедел түр­де еңсерілуге тиіс тапсырма. Атал­ған мерзімге дейін Президент айт­қан мөл­шерде маман даярлап, еңбек нары­ғындағы тапшылық орнын толтыра аламыз ба деген сауал мазалайды.

2021 жылы интернет арқылы жүзеге асырылған қызметтің ақ­шалай құны 349,9 млрд тең­ге болған. 2020 жылмен салыс­тырғанда 67,3 пайызға ілгерілеу байқалады. Ranking ұсынған дерекке сүйенсек, интернет ар­қылы жасалатын тапсырыстар үш есе – 28,8 млн-нан 85 млн-ға дейін өскен, бұл орташа чек бағасының 7,3 мыңнан 4,1 мыңға дейін тө­мендеуіне ықпал еткен. Интернет ар­қылы ең көп сау­даланған қызмет түрі – жар­нама қызметі. Оның құны – 30,4 млрд теңге және бұл сома 2020 жыл­ғы көр­сеткіштен 6,2 есе көп. Одан кейін демалыс, ойын-сауық, мәдениет және спорт салалары бойынша билет саты­лы­мы тұр. Сомасы – 28,5 млрд теңге. Бір жыл­да 8,1 есе өскен. Сондай-ақ транс­порт­­тық билет сатылымы да үштікке кіреді.