Оқиға • 26 Шілде, 2022

СҚО-да жол апатынан ресей азаматы қаза тапты

110 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысында мас жүргізуші жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, Ресейден келген әйелдің өліміне себепкер болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

СҚО-да жол апатынан ресей азаматы қаза тапты

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік апаты 19 шілде күні республикалық маңыздағы «Челябі-Новосібір» автожолының 645 шақырымында болған. М.Жұмабаев ауданының Қарақоға ауылы маңында ресейлік отбасы мінген «Toyota Corolla» автокөлігін осы ауданның «Toyota Land Cruiser» автокөлігін мінген 35 жастағы тұрғыны соққан.

«Ер адам рульге мас күйде отырған, бір мезет жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, кеп қалған көлікпен бетпе-бет соқтығысқан. «Toyota Corolla»-ның жолаушысы Ресей азаматшасы оқиға орнында қайтыс болды, оның 7 жасар ұлы ауруханаға жатқызылды. «Toyota Land Cruiser» жүргізушісі уақытша қамауда ұстау изоляторына қамалды», делінген хабарламада.

Ер адам 7 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

«Көлікті мас күйде басқару, әсіресе, жоғары жылдамдықпен жүрі қайғылы жағдайларға апарып соғуы мүмкін. Республикалық жолдардағы қозғалыс кезінде жүргізушілер барынша сақ болуы тиіс. Жол-көлік оқиғалары көп жағдайда алыс жолға шыққан жүргізушінің шаршауынан, басып озу, бұрылу, жылдамдықты асыру сияқты маневрлерді жасаған кезде болатынын еске саламыз», дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах.