Тарих • 26 Шілде, 2022

Қорғандар бүккен құпия

5502 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақ даласының тылсымы әлі толық ашылған жоқ. Талай сыр мен құпияны бүгіп жатқан қорған көп. Елдің батыс қиырындағы Атырау облысының Қызылқоға, Құрманғазы, Махамбет аудандарында көне тарихтан сыр шертетін көм­белер табылып жатыр.

Қорғандар бүккен құпия

Мәселен, былтыр облыстық тарихи-өлкетану музейінің археологиялық экспедициясы Құр­манғазы ауданындағы Асан ауылынан оңтүстік-шығыс­қа қарай 22,5 шақырым қа­шықтықтағы Қырықоба, Балқұ­дық ауылы маңындағы Бал­құ­дық-1 қорғандар кешенін зерттеді. Қырықоба аталатын биік төбеде әртүрлі көлемдегі 56 қорған бар. Мұндағы қорғандардың биіктігі 1-ден 2 метрге дейін, диаметрі 30-60 метр аралығын құрайды. Обалар батыс-шығыс бағытында ұзындығы – 1 600, ені 300 метр алаңда тізбектеліп жайғасқан.

Қорғандардың үстіңгі бөлі­гі­нен шамамен IX-XI ғасыр­ларда Солтүстік Каспий маңын мекен еткен көшпелі тайпаларға, астыңғы бөлігінен қола дәуірі мен біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасырдағы ерте темір дәуіріне тиесілі тарихи құндылықтар табылды. Оның ішінде қатты тотыққан қола мен темір жебе ұштары, кездік бөлігі, қыш ыдыс­тар, түрлі түсті металдан жасал­ған алтын, күміс әшекейлер бар.

Ал Балқұдық ауылынан оңтүстікке қарай 3 шақырым қа­шықтықта қорғандар шығыс­тан-батысқа қарай қатарласа орналасқан. Мұнда диаметрі –
12-70, биіктігі – 0,5 және 1,6 метр аралығындағы үш қорған қа­­зылды. Қорғандар сазды-құм­ды топырақтан үйілген. Архео­­логиялық қазба кезінде та­­­был­­ған белбеуге алтын, кү­міс жалатылған 60 дана металл жап­сырылған. Белбеудің то­ға­­­­лары, салпыншақтары өте жа­қ­­­сы сақталған. Қорғандағы мүр­денің оң жақ бел тұсында қо­рам­са, темір жебелері, сол жақ тізесі мен кеуде тұсында шеңбер пі­шініндегі металдар бар. Ал өкшеден тізеге дейінгі аралықта сыртына металл жапсырылған қайыстан жасалған материал, қыш ыдыс, моншақтар табылды. Қойдың 4 асығы шыққан.

Археологтер қыш ыдыс­тар­дың жасалу технологиясына, өрнектеріне ерекше назар ауда­рып отыр. Өйткені бұ­рын тұр­ғындар осындай бұйым­дар­ды кез­дейсоқ тауып алып, жер­гі­л­ікті өлкетанушы Мақсот Жо­л­жановқа тапсырған екен. Қа­­зір сол бұйымдар Құр­ман­ға­зы аудандық музейі қо­рын­да сақтаулы тұр. Соңғы та­был­­ған қыш ыдыстардың сол бұйымдармен ұқсастығына қара­ғанда, бұл құндылықтардың IX-XI ғасырларда Солтүстік Кас­пий маңын мекен еткен көш­пелі тайпаларға тиесілі еке­нін дәлелдеуде септігін тигізуі мүм­кін. Ал қола жапсырма, қола белдік тоғасы, өрнекті өңделген сүйек­тер, пышақ тәріздес құрал, темір жебе ұштары, сүйек қасық, ұршық тас, рәсімдік қыш ыдыс, қола айна, темір пышақ біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасырдағы ерте темір дәуіріне жатады.

а

Бұдан бір ай бұрын Қызылқоға ауданында орналасқан Сағыз ауылының маңындағы «Тасқара» қорғанынан балбалтас табылды. Археологтер балбалтасты шамамен ІХ-ХІ ғасырға тиесілі деген болжам жасап отыр. Мұнайлы өңірде бұрын кездеспеген, архео­ло­гиялық олжа саналатын балбал тастың биіктігі – 1 метр 20 см, ал ені – 50 см.

– Балбалтасты оғыз-қыпшақ дәуірінен қалған деп болжауға болады. Көне түркі ғұрпынан сыр шертетін көне жәдігермен бірге табынуға арналған құралдар табылып отыр. Мұндай балбалтас­тар IX ғасырдан бастап ислам діні тарауына байланысты даламыздан жойылып кеткен. Өйт­кені ислам дінінде адам бей­не­сін салуға рұқсат етілмейді, – дейді тарих магистрі Сейілхан Мираш.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің жанынан құрылған экспедиция Қызылқоға ауданындағы Миялы ауылынан 6 шақырым қашықтықта орналасқан №3, 4 және 5-қорғанда археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Қаз­ба жұмыстарына Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың докторанты Ерден Оралбай жетекшілік етті. Музейдегі археология ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Айдос Қалшабаевтың айтуынша, қазба жүргізілген қорғандар біздің заманымызға дейінгі VI-IV ғасырлардағы савромат-сармат дәуіріне жатады. Қазба кезінде №3 қорғанның орталық жерлеу орны тоналғаны анықталды. Одан әртүрлі түстегі моншақ тіз­бесі, қайрақ тас, ал адам жерлен­бе­ген бос қабірден (кенотаф) темір қанжар (ақинақ) шыққан. Жас­өспірім жерленген қабірге 2 қыш ыдыс қойылған. Ал №4 қорғанды зерттеу кезінде екі адамның шашылған сүйегі мен бірқатар қола жебе табылған. Бір таңданыс тудыратын жайт, аталған қабірдегі бір адамның үстінгі тістері толық сақталыпты.

Қосалқы қабірдің біріне жас қыз етпетінен жатқызылып, екі қолы бүгілген күйде жерлен­ген. Тағы бір қабірден жауын­гер сүйегі шыққан. Оның жам­бас сүйегінің жоғарғы жағында темір қанжар (ақинақ) қойылған. Сол аяғының астыңғы жақ сыртында 20-дан аса ағаш сабы сақталған қола жебе, тас қайрақ, өрнектелген сүйек, қабан тісі­нен жасалған бойтұмары бар әшекейлер көмілген. Қорғандағы бір қабірге әйел жерленген екен. Оның жанынан бетіне сары түсті металл жалатылған тұтқасы бар қола айна, қола біз қойылған. Мүр­денің екі қолының білек тұсын­да темір білезік, мойнында шар тәрізді пішіндерден құрал­ған алтын алқа болған. Аяқ жа­ғын­да ұсақ малдың жіліктері мен қабырғалары, темір пышақ бар.

– Қазақстан аумағындағы қорғандардың 95 пайызы өткен ғасырда тоналған. Қорғандарды тонаушылар, әсіресе басқару­шы­лық, жауынгерлік қабілетімен, байлығымен танымал болған адамдар жерленетін орталық бөлігін «тазалап» кетеді. Ал археологтер қазба жұмыстары ке­зінде қорғанның шеткі бөлі­гінен бағалы жәдігерлерді тауып жүр. Мәселен, Қызылқоға ауданындағы қорғаннан алтын әшекейлерімен, алтын жала­тыл­ған айнасымен жерленген әйелдің табылғанын үлкен олжа дей аламыз. Дәл осы ауданда сыры ашылмаған 18 қорған табылды. Кейін оның саны бұдан да көп екені анықталды. Бірақ оның көбі жер рельефімен бірдей болып, тегістеліп қалған, – дейді музейдің кіші ғылыми қызметкері Ерлан Тлекқабылов.

Өткен жылы Махамбет ауда­нын­дағы Сарайшық ауылынан 15 шақырым қашықтықта қазба жұмыстары жүргізілді. Сол кезде жебе ұштары, айна, керамика сынықтары, тиын сақтайтын шағын құмыра, Өзбек хан тұсын­дағы теңгелер мен монеталар та­былған еді. Ғалымдардың пікі­рінше, Ащысай өзенінің жаға­сында керуен сарайы, халық тұра­тын тұтас бір елді мекен болған.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің мамандары жалғастырған биылғы қазба жұмыстарына ортағасырлық Са­рай­шық қалашығында жүр­гіз­ген археологиялық қазба жұ­мыс­та­рына облыс әкімдігі қол­дау білдірді. Археолог Амангелді Зайновтың айтуынша, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құ­жат­тамалар басқармасына қарас­ты тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының тапсырысы­мен қолға алынған жұмыс кезінде көлемі 600 шаршы метр, терең­де­гі 2 метр жер аумағы зерттелді.

Археологиялық зерттеу жұ­мыс­тары нәтижелі болды. Ор­таға­сырлық қаланың тұрғын жай­лары, кәріз жүйесі, керами­калық ыдыстар, моншақтар, өң­делген сүйектер, диірмен, ұршық пен қайрақтың тастары, темір бұйымдар фрагменттері, тұрғын үйлердің жылу жүйесі табылды.

– Қазба орнынан ХІV ғасыр­дың екінші жартысына, Алтын Орда дәуіріне сәйкес келетін күміс, мыс тиындар көмбесіне кезіктік. Көмбеден 200-ге жуық күміс, 50-ге жуық мыс тиын шық­ты. Бұл тиындар Алтын Орда дәуірінде, Жәнібек пен Азиз-Шейх хандардың тұсында соғыл­ғаны анықталып отыр, – дейді археолог Амангелді Зайнов.

Оның айтуынша, орта ға­сыр­да­ғы Сарайшық қала­шы­­­ғына археологиялық қазба жұмыстары 15 маусымда басталып, бір айға созылған. Үй жануарларының сүйектері мен балық қалдықтары, өзге де ар­те­­фак­тілердің нақты дерегі ла­бораториялық зерттеулер жүр­­гізілгеннен кейін белгілі бо­лады.

 

Атырау облысы