Саясат • 26 Шілде, 2022

Дағдарысқа қарсы шаралар бағдарламасы қабылданады

551 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, Үкімет дағдарысқа қарсы іс-шаралар бағдарламасын қабылдап, инфляцияны тежеп, төмендетпек.

Дағдарысқа қарсы шаралар бағдарламасы қабылданады

«Айналым схемасы» 86,5 млрд теңгеге жетті

«Бұдан бөлек, сауда қызметін реттеу туралы заң осындай жағдайда әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке шекті бағаны, сау­да үстемелерін белгілеуді және экспортты шектеуді көздейді. Сондай-ақ фискалдық шараларды күшейту, тауардың физикалық қолжетімділігін қамтамасыз ету және егіс кезеңінде тұтыну үшін қажетті тауар көлемін белгілі бір аймақтың форвардтық сатып алуын қамтамасыз ету болды. Бұл үшін жергілікті атқарушы органдардың ресурстары жеткілікті. Нарықты қажетті тауармен толтырып отыруға сұранысы жоғары тауарларды өндіру мен өңдеуді ынталандыру шаралары да ықпал ететін болады. Бұл салалық мемлекеттік органның міндеті», деді Б.Сұлтанов.

Бұл ретте спикер қазіргі заманғы нарықтық сауда жүйесінің міндеті – сөре­лерде әділ және болжамды баға бел­гілеуді қамтамасыз ету болып табы­латынын атап өтті. Тиімді жүйе­нің негізі – өндірістік өткізу тізбе­гінің барлық қатысушысының, яғни өндіру­шілер мен трейдерлердің, тасы­мал­дау­шы­лардың, сатушылардың және тұтынушылардың ортақ мүддесін сақ­тау. Ал бұл қағидаттардың бұзылуы тауар­лардың физикалық жетімсіздігі, дүрлікпе сұраныс, бағаның өсуі және тұтынушы құқығының бұзы­луына әкеледі. Мұндай жағдайда мем­лекет араласуға мәжбүр және қаты­су­шылар арасындағы қатынастарды тең­дестіру мақсатында реттеуші ретінде әрекет етеді.

Б.Сұлтановтың айтуынша, бүгінде «айналым схемасының» қаржыландыру көлемі 86,5 млрд теңгеге жетіп, нарыққа ықпал ету үлесі 4%-ды құрады. Алайда тіпті мұндай шамалы көлемнің өзі бұл механизмнің тиімділігін көрсетіп отыр.

«Мысал ретінде Қарағанды облысын келтіруге болады. Сәуір айында 2 709 тонна көлемінде картопты бөлшек саудада 85 теңге деңгейінде белгіленген бағамен жеткізуге шарт жасалды. Ал жергілікті нарықта коммерсанттардың қойған бағасы 175 теңге болды. Нәтижесінде нарықтағы орта баға 135 теңгеге теңесті. Бұл өңірлер бойынша қалыптасқан ең төменгі баға болды. Осы жұмыс одан әрі жалғасады. Сондай-ақ ЖАО, ӘКК, сауда желілері және жергілікті тауар өндірушілер бір жүйеге енгізілген ақпараттық жүйе құрылады. «Qdata» сауда бойынша аналитикалық платформада ақпарат ашық жарияланады, бұл бағаларға өз әсерін тигізеді деп ойлаймыз», деді спикер.

Бірыңғай ақпарат көзі пайда болды

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жыл соңына дейін Үкімет отандық ауыл шаруашылығы тауарын өнді­рушілердің өнімдерін ірі сауда желі­леріне өткізуді қолдауға бағытталған заң­намалық бастамаларды ұсынбақ. Сөре­лерге қолжетімділікті қамтамасыз ету, үстемеақылар шегін реттеу және делдал­дар санын азайту жөніндегі шаралар қа­был­данады. «Qdata» сауда бойынша анали­ти­калық платформасы ішкі сауданың жай-күйін, инфрақұрылым жүктемесін, импорт/экспорт динамикасын, тауарлар мен қызметтер бағасының өзгеруіне талдау және мониторинг жасап, мемлекеттік органдарды сапалы аналитикамен қамтамасыз етіп отырады. Сондай-ақ бизнес үшін әділ бәсекелестікті қалыптастырады. Ал тұты­ну­шыға қолжетімді бағамен сапалы тауарлар­ды сатып алуына мүмкіндік туады. Бүгінде осы платформа арқылы Үкіметте өңірлер бойынша тауар қоры, өндіру және тұтыну көлемі туралы бірыңғай ақпарат көзі пайда болды. Аптасына екі рет ЖАО осы жүйе арқылы тексеріліп, мәселелер ше­шілуде», деді Сауда министрі бұл жайында.

Жалпы, жоспарланған шараларды жүзе­­ге асыру азық-түлік қауіпсіздігін қам­та­ма­сыз етіп, бағаны тұрақтандырып, түп­теп кел­генде азаматтардың әл-ауқатына оң әсер етеді.

Б.Сұлтановтың айтуынша, Қазақстан қант бойынша импортқа тәуелді. Қанттың жалпы тұтынудың 7%-ы ғана отандық қызылшадан өндіріледі, қалған көлемі Ресей Федерациясынан, ТМД елдерінен және шикі қант түрінде, негізінен Бразилиядан импортталады. Қант саласын дамытудың бірқатар бағдарламасы қабылданып, іске асырылғанына қарамастан, салалық ведомстволар ішкі қажеттілікті толық қам­тамасыз ету үшін өндірісті ынталандыра алмады. Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі мұны мойындады. Оның айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ алаңында үшінші елдерден қант импортына тәуелділіктен арылу үшін барлық 5 елдің келісімі бо­йынша арнайы шешімдер қабылданды. Ол үшін арнайы баждар жасалды.

«Ресейде, Беларусьте бұл дер кезінде шара қолдануға мүмкіндік берді. Бүгін­де олар өздерін шикізат өндірумен қам­тамасыз етті. Өкінішке қарай, бізде кли­маттық жағдайларға және судың қолже­тім­ділігіне байланысты бірқатар субъек­тивті және объективті себептер, яғни тәуел­ділік бар. Бізге АШМ-мен бірге тиісті бағ­дарлама әзірлеу тапсырылды, онда тауар өндірушілер тарапынан субсидия­лау және қарсы міндеттемелер мәселе­лерін пысықтаймыз. Ең бастысы, өте ма­ңызды өнімді өндіру және шикізат базасы уақтылы қамтамасыз етілуі үшін отандық фермерлер мен зауыттарды қолдау. Бүгінде отандық қант саласын дамыту бойынша нақты қадамдар белгіленді», деді спикер.

Көкөніс көлемі жеткілікті

Осы жылы қажетті өнім көлемінің болуына және ішкі нарықта тапшылықтың болмауына қарамастан, қант пен көкөніс өнімдері бағасының өсуі байқалды. Көкөніс өнімдері арасында пияздың бағасы өсті. Дегенмен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев ішкі нарықта пияздың қоры жеткілікті екенін атап өтті. Оның айтуынша, ай сайынғы қажеттілік 26 мың тонна болса, бүгінде пияз қоры 35 мың тоннаға жуықты құрайды. «Маусым айынан бастап ерте пісетін пияз жиналуда. Ерте пісетін пияздың жалпы көлемі 90 мың тоннадан асады деп күтілуде, оның 35,2 мың тоннасы жиналды. Шілде айының соңына дейін және тамыздың бірінші жартысында 50 мың тоннадан астам пияз жинау жоспарланған. Соңғы уақытта пияз шығаруға шектеу шараларын енгізу мәселесі талқыланып жатыр, алайда министрлік бұл мәселені қолдамайды. Себебі ерте пісетін пияздың сақталу мерзімі өте қысқа. Сондықтан үш айдың ішінде 90 мың тонна пиязды Қазақстанда толықтай тұтыну мүмкін емес. Оның бұзылып, тұтынушыға жетпей қалу қаупі жоғары. Бұл мәселе ведомствоаралық комиссияда шешіледі. Сонымен қатар қазір министрлік Түркістан және Жамбыл облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, пияз өндірушілер мен өзге облыс, қалалар әкімдіктері арасында келісімшарттар жасау жұмыстарын жүргізуде. Кездесу қорытындысы бойынша пиязды сату бағасы килосына 220 теңгеден 110 теңгеге дейін төмендеді», деді ведомство басшысы.

Қыркүйектен бастап күзгі пиязды жинау басталады. Оның көлемі 1 млн тон­надан астам болады деп болжануда, бұл ішкі нарықтың қажеттілігін толық көлем­де қамтамасыз етеді. Демек пияз көлемі жеткілікті және шектеу шараларын енгізудің қажеттілігі жоқ.

Е.Қарашөкеев әкімдіктердің ақпараты бойынша бүгінде картоп қоры да жеткілікті екенін айтты. Маусым айынан бастап ерте картоп жинау басталды. Ерте пісе­тін картоптың жалпы өнімі бүгінде 270 мың тоннаны құрайды. Тамыздың бі­рінші жартысында 7,8 мың тонна жинау жоспарланған. Ерте пісетін картоп өнімінің жиналуы ішкі нарықты молықтыруға және картоп бағасының тұрақтануына ықпал етті. Осы айдың басынан бері картоптың бағасы 5%-ға (184 тг/кг-нан 179 тг/кг-ға дейін) төмендеді.

«Картоп бойынша ішкі нарықтың айлық қажеттілігі 153 мың тоннаны құ­райды. Қыркүйектен бастап күзгі картоп­ты жинау басталады, оның көлемі 4 млн тоннадан асады, бұл ішкі нарықтың қа­жеттілігін толық қамтамасыз етеді және белгілі бір көлемді экспортқа жөнелтуге мүмкіндік береді. Қырыққабат пен сәбіз бойынша да жағдай тұрақты. Яғни ерте қырыққабат пен сәбіз көлемі күзгі егін жинағанға дейін ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Сонымен қатар та­мыздың соңғы онкүндігінен бастап көкөніс өнімдерінің күзгі өнімі нарыққа шығады деп күтілуде», деді Е.Қарашөкеев.

Қант балансы оң сальдоны көрсетеді

Ауыл шаруашылығы министрі қант мәселесіне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, биыл қаңтар айынан бастап отандық қант зауыттары 120 мың тонна құрақ шикізатынан алынған қант өндірді, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 19%-ға артық. Соған сәйкес шілде айының басында республикадағы қант қоры 28 мың тоннаны құрады, айдың соңына дейін 37 мың тонна қант өндіріледі деп болжануда.

«Квота шеңберінде импорт көлемі 33,3 мың тоннаны құрайды. Осылайша, 69,8 мың тонна қажеттілік кезінде ішкі нарықтағы қанттың жалпы қоры 98,1 мың тоннаны, нарықтың қамтамасыз етілуі шамамен 140%-ды құрайды. Тамыз айындағы қант теңгеріміне келетін болсақ, болжамды қажеттілік 69,8 мың тоннаны құрайды, бұл тұтынудың ең жоғары көлемі. Тамыз айының басында республика бойынша қанттың қоры 35 мың тонна, ақ қант импорты 42,2 мың тонна деңгейінде күтілуде. Әкімдіктер қорларын ескере отырып, рес­публика бойынша қанттың жалпы қоры тамыз айының аяғына дейін 118 мың тоннаны, нарықтың қамтамасыз етілу деңгейі 169% құрайды деп жоспарланған. Шілде-тамыз айларында өзімізді қамтамасыз етуге қант қоры жеткілікті», деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Б.Сұл­тановтың айтуынша, қант зауыттары отан­дық қызылшаның маусымаралық кезеңінде қант шикізатын іздеуге мәжбүр, ал бұл биржалық тауар, спот бағамен сатылады, келісімшарттар жасалады, тәуекелдер бар. Көрші елдерден арзан қант келгенде, біздің зауыттардың жұмысына «кедергі» келтіреді, осындай сәтте зауыттар тоқтауға мәжбүр болады. Сондықтан соңғы бірнеше жылда тұтынылатын қанттың 570 мың тоннасының басым бөлігі 400 мың тоннаға дейін Ресейден импортталады.

«Біз бірінші кезекте зауыттарды шикі­затпен қамтамасыз етуіміз керек, екінші жағынан, демпинг болмас үшін кепіл­ден­дірілген сатуды қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл мәселені Еуразиялық эконо­ми­калық одақ алаңында да, өзімізде де қарас­тырудамыз. Зауыттарымызға басқа елдер тарапынан демпинг болады деп қорықпай, ішкі нарыққа кепілдендірілген өнім­нің қажетті көлемін шығаруға мүмкіндік беретін бақылау бағаларының ең төменгі деңгейінің құралдарын енгізу үшін тиісті есептеулер жүргізудеміз. Әрине, бұл күрделі де даулы тетік, бірақ осы бағыттағы екіжақты және көпжақ­ты алаңда жұмыс істейтін боламыз. Осы кезеңде қант зауыттарының аяққа тұ­руын және фермерлердің тиісті сұраны­сын қамтамасыз етуіміз керек. Ауыл ша­руа­шылығы министрлігінің нақты пайымы бар: субсидиялардың жалпы көлемі шамамен 160 млрд теңге. Бұл фер­мерлердің жұмысына және зауыттар үшін кепілдендірілген сатуды қамтамасыз етуге әкеледі. Салаға шамамен 400 млрд теңге инвестиция салынады деп күтілуде. Жалпы, біздің бірінші кезеңдегі міндетіміз 2026 жылға қарай отандық қант өндірісін отандық шикізаттан 7 есеге дейін жеткізу», деп атап өтті вице-премьер.

Б.Сұлтанов өңірлер арасында жеткізу және үлестіру бойынша іркілістер бар екенін айтты. Сондықтан осы процестерді қолмен реттеу үшін жергілікті атқарушы органдармен аптасына 2 рет тиісті бейнеконференциялар өтеді.