02 Мамыр, 2014

Ырыс алды – ынтымақ

428 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Елбасымыз жақында ғана өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында «ХХІ ғасырдың ең басты заңы ─ татулық!» деген болатын. Жақында Түркістан қаласында ОҚО әкімі жанындағы «Ырыс алды ─ ынтымақ» қоғамдық форумы мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының бірлескен жиыны ұйымдастырылды. Бұл басқосу «Тұрақтылық тұғыры ─ татулық» деп аталды. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-түрік университеті мәдениет орталығының үлкен мәжіліс залы ұлыстың ұйытқысы атанған Оңтүстіктің барлық аудандары мен қалаларынан жиналған жұртшылыққа лық толды. Олардың ішінде қазақтан бастап өзбек, орыс, түрік, тәжік, корей, татар, неміс, украин, грузин, әзербайжан, грек, күрд, тағы басқа да көптеген ұлттардың өкілдері бар. Мәдениет орталығындағы жиын басталғанға дейін бірнеше сағат бойы аудандар мен қа­лалардан барған делегациялар Түркістан шаһарындағы жаңадан іске қосылған құрылыс нысандарын тамашалаған болатын. Әсіресе, Әзірет Сұлтан кесенесінің қарсы бетіндегі бұрынғы қиқы-жиқы құжыралардың орнына еңселене бой көтерген заманауи көрмелер залы, қолөнер үйі, зияратшылар мейманханасы сияқты ғимараттар керемет ұнады. Ру­хани орталықтардың көнелері қатарында саналатын шаһардың көркеюі қай қазақстандықтың да мақтаныш сезімін туындатары сөзсіз. Сонымен, бірлескен жиын да басталды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов «Тұрақтылық тұ­ғыры – татулық» атты баяндамасында Елбасының: «Бейбіт­шілік пен келісімді нығайту – «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың басты кри­терийі» деген қағидатынан бас­тап, облыста атқарылып жат­қан ізгі істер, сондай-ақ, ын­тымақ пен бірлікті, татулықты, сайып келгенде, Тәуелсіздікті күн сайын нығайту жөніндегі міндеттерге кеңінен тоқталды. Жиынға қатысушылар, жа­рыс­сөзге шыққандар «Ырыс ал­­ды – ынтымақ» қоғамдық фо­румының облыстық ассамблея­мен, өзге де ұйымдармен бірге жүзелеген жақсы істері туралы ағынан жарыла айтты. «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы облыс басшысының бас­тамасымен 2009 жылғы 22 нау­рызда – Ұлыстың ұлы күнінде, осы Түркістанда тұсауын кес­кен еді. Бес жылдың ішінде қыруар жұмыстар атқарылды. Қа­зығұрт тауының баурайында, Мәртөбеде, Ордабасы тауында, Жетісайда, Төле би ауданында, Ақсу-Жабағылы қорығы маңында, сондай-ақ, облыс орталығында бірнеше рет ұзын саны жиырмадан аса жалпы жиын ұйымдастырылып, оларда алуан түрлі тақырыптар талқыланды. Қазір барлық аудандар мен қалаларда, көптеген ауылдар мен мектептерге дейін «Ырыс алды – ынтымақ» форумдары жұмыс істейді. Форумның бес жылдығына арналған Түркістан жиынында Астанадан келген сенатор Икрам Адырбеков, Ұлт­тық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов аса бағалы пікірлерін ортаға салды. Ұлтаралық дос­тық­­тың бағасын білу, қазақ хал­­қының меймандостығы мен кеңпейілділігін қадірлеп, бү­гінгі жас ұрпаққа, әсіресе, өзге ұлт өкілдерінің жастарына ұғын­дыру жөніндегі ұсыныстары жұртшылыққа ұнады. Басқа да сөз алған түрлі ұлт өкілдері қоғам қайраткерлерінің ойларын ықыласпен қолдады. Форум мен жергілікті ассамблеяның бірлескен басқосуында маған да сөз берілді. Мен Пре­зи­ден­ті­­­міздің: «Қазақты қасиетті қара­шаңыраққа баласақ, елі­міздегі барша этностар – сол шаңыраққа шан­шылған уықтар», деген сөзін қатты қастерлеймін. Шіркін, қазағымның кеңдігіне ешқандай кереметті теңгере алмаймын. Біз қазақ халқының төзімділігін, ақжүректілігін қа­шан да қадірлей білуге тиіспіз. Оңтүстіктің қай ұлтының зиялылары да мұны терең түсінеді деп ойлаймын. Шаңырағымыз биік, уықтары берік бола берсін. Акабай ХУДАЙКУЛОВ,  Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, облыстық тәжік   этномәдени бірлестігінің төрағасы,  Мақтарал ауданының құрметті азаматы.