Өнер • 27 Шілде, 2022

«Астына қанатының маржан тағып...»

4409 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әуелі аңыз жетелейтін сияқты, өнер атау­лы құбылысқа. Кейде әннің не күйдің өзін тыңдап рахаттанасың немесе мұңға батасың, жаның жай табуы мүмкін. Кейбір туындының өзінен бұрын аңызы жүреді. Мысалы, Леонардо да Винчидің әйгілі «Джакондасынан» бұрын біздің құлаққа ол туралы неше түрлі әңгімелері жетті. Сонсоң барып қызығушылық туып, тамашалай бастадық. Ақан серінің «Қараторғай» әніне де солайынан душар болғанымызды неге жасырайық? «Астына қанатының маржан тағып» деген жалғыз-ақ жолына бүккен сыры үшін іздеп жүріп қайта-қайта тыңдадық.

«Астына қанатының маржан тағып...»

«Қараторғайдың» ел ішіне кең тараған аңы­зында былай әңгімеленеді. Ақан атақты Қараторғай атты қыранын бір батырдан алыпты деседі. Жыл­дар бойы бауыр басып, сыралғы болған қы­раны күндердің күні өткенде қартайыпты-мыс. Қыранның қанаты бүтін болғанымен, құйрығының қауырсындары түсіп, сиреп кетсе керек. «Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонатыны» белгілі. Самғап биікке көтерілген Қараторғай құйрық қауырсындары жоқтығынан айналып қона алмай қояды екен де, жарықтық. Иесінің төбесінен айналып ұзақ ұшқан қыранның қанатының астынан моншақтап тер құлағанын көрген Ақан «келеді Қараторғай қанат қағып, астына қанатының маржан тағып» деп әнге қосқаны туралы әңгімені ертеректе, әннен бұрын естігенбіз. Жаны қысылған құстың қанатының астынан аққан терді маржанға балаған дейтін ақын. Бұл әңгіме, әрине, кімді де болсын бейжай қалдырмайды. Осыны кейін де теріске шығарушылар табылды да, үндемей қоя салғанбыз. Бұрын тек домбырамен дәстүрлі әншілер ғана шырқап келген «Қараторғайды» бертінде эстрада әншілері, оның үстіне әлемді аузына қаратқан Димаш Құдайберген орындап шыққанда ән туралы аңыз ойға қайта-қайта оралып жүрген. Соның бірі жақында асылдың сынығындай жалт ете қалмасы бар ма?! Бір мақаласында Кәкімбек Салықов жазыпты:

«Әннің қазақ баласының тіліне, дініне, діліне шапағатын тигізіп, рухани азық болғаны да аян. Сырымбеттің етегінде туғаннан ба, бала кезімнен Ақан серінің «Сырымбет», «Қараторғай», «Құлагер» атты өлеңдері ән-күйге құштар етті. «Келеді қара торғай қанат қағып, астына қа­на­ты­ның маржан тағып», деген сөз сарасын кейін түсінсек, сұлу қыздың мойнындағы әсемдіктің маржаны емес, сері «Қараторғай» атты алғыр қыранын соңғы рет құсқа салғанда аспанға қа­лық­тап шықса да қартайған шағы жеңіп, жерге қайта қона алмай шыбын жаны қысылғанда, қанатының астынан тамған тердің ақ моншақтай тамшылары екен. Батар күннің ашық сәулесі қос қанатының астынан түскен ащы тердің үзімдерін Ақан сері ақындықтың асыл үлгісіндей етіп сипаттапты», депті Кәкімбек Салықов. Сондай-ақ бұл кісі «Біз ол кезде мұңы терең «Құлагерге» үйір болдық. «Зәурешті» алғаш естігенде оның авторы Мұхит екенін де білмедік. Бір азалы ағайынның көкірек жарған қайғысы ғой деп ойлайтынбыз», деп тағы бір әңгіменің ұшын шығарып кетеді.

Неге екенін қайдам, осы «Қараторғайдың» алғашқы шумағы халық әні «Япырайдың» сөзін еске түсіреді де қояды. Әннің алғашқы шумағы былай ғой:

«Келеді Қараторғай қанат қағып,

Астына қанатының маржан тағып.

Бірге өскен кішкентайдан сәулем едің,

Айрылдым қапылыста сенен нағып», деп келеді.

«Япырайдың» суреттеуінде де дәл осындай шендестіру кездеседі.

«Алтын бу айна көлдің бетін жабар,

Ақ сәуле көктен төніп, япурай, маржан тағар.

Есіме ақ сәулемді алған кезде

Ақ моншақ жылт-жылт етіп, япурай,

жерге тамар»,

дейді. Екеуін салыстырып оқыса, ұқсастық байқалады. «Япырай» Мағжанның әні дейтіндер де бар. Ал Мағжан Ақан серінің шығармашылығын көп зерттеп, еңбектер жазғанын қаперге алса, қисынды көрінеді тұспалымыз. Әрине, біздікі жеке пікір, тұспал ғана.

«Қараторғай, ұштың зорға-ай.

Бейшара, шырылдайсың

Жерге қонбай», дейтін Ақан әннің екінші шумағында көңіл ауаны мен бастан өткен құбылыстарын параллель өргенде, әлдебір жұмбақ жайларды емеурін еткендей сезіледі.

«Ертістің әр жағында бір терең сай,

Сүйреткен жібек арқан телқоңыр тай.

Ағаштың бұтағына қонып алып,

Сайрайды таң алдында қара торғай».

Екінші шумақта сайрайтын құс қыран емесі анық. Кәдімгі қараторғай. Қыран сайрамайды – бір, екінші – ағашқа қонбайды. Яғни қыраны Қараторғайдың қайғысын сері сүйген жардың зарына жалғағанға ұқсайды. «Ертістің ар жағында жібек арқанды үзген телқоңыр тай» десе, Ақан өмірімен етене таныс адам бірден тауып айтады деген үміттеміз. Біздікі кезі келгендегі сөздің орайы мен қисыны, елдің назарын ұлттық өнердің қайнары саналатын әнге бұрудың бір амалы ғана. Негізгі сөзді өнертанушылар мен ақантанушылар айтады.