02 Мамыр, 2014

Қазақстан – баршамыздың ортақ Отанымыз

387 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
01-05-05 Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясының өтуіне байланысты хаттар мен жеделхаттар келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Мемлекет басшысының атына елдің түрлі өңірлері азаматтарынан  Қазақстан хал­қы Ассамблеясының XXI сессиясынан алған әсерлерімен бөліскен, жүргізіліп отыр­ған татулық пен келісім саясатына қолдау біл­дірген, сондай-ақ, Мемлекет басшысын және барлық отандастарды Қазақстан халқы­ның бірлігі күнімен құттықтаған хаттар келіп түсті. Қазақстанның орыстар, славяндар және казактар ұйымдарының қауымдастығы төрағасының орынбасары А. Котенёв ҚХА-ның XXI сессиясы бұдан арғы жұмыс үшін жігер бергенін атап өтті. – Сіздің «біз бәріміз – біртұтас қазақ хал­қының әртүрлі әрі тең балаларымыз» деген сөзіңіз менің жүрегіммен үндесе кетті, – деп жазады автор. Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясына алғаш рет қатысқан Славян этномәдени бірлестігі  төрағасының орынбасары В.Жаринов өз хатында сессия «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудағы аса маңызды фактор  ретінде тарихта қалатыны туралы пікірін білдірген. Сессияға қатысқан Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданындағы өзбек этно­мәдени бірлестігінің төрағасы П.Исламов та өз кезегінде «Қазақстан-2050» Страте­гиясын жүзеге асыруға, соның ішінде әлеу­­меттік жобалар арқылы да қолдан кел­­генінше үлес қосуға әзір екенін айтқан. Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясына өзінің алғашқы қатысуынан алған әсерлерімен Павлодар облысындағы «Буковина» румын мәдени қоғамы» ҚБ төрағасы А. Дяк та бөліседі. – Сессияда қазақстандықтардың әр­қайсысы ел тағдырына, ортақ шаңыра­ғы­мыздағы татулық пен келісімді қам­тамасыз етуге, өз халқымыздың тілін, мә­дениеті мен салт-дәстүрін жаңғыртуға жауапты екенін айрықша сезіндім, – делінген хатта. Қарағанды облысындағы «Lituanica» литва этномәдени бірлестігінің төрағасы В.Тварионас Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлігіміздің іргетасы екенін, ал әрбір сессия азаматтық қоғамды дамытудың жаңа кезеңі болып саналатынын атап өткен. – Мен Ассамблея жұмысын, оның ма­ңы­зы мен мәнін жеке өзіме және айналамдағы қазақстандықтарға қатысты бағалаймын. Сіздің жолыңыз бізді халық бірлігін сақтауға деген зор құлшыныс арқылы қоғам мен мемлекетті дамытудың дұрыс бағытына бас­тап келе жатқанына сенімдімін, – делінген хатта. Чехтардың  ақтөбелік мәдени-ағар­тушылық орталығының жетекшісі В.Пэстру дәл осы ҚХА сессиясы  тәрізді ауқымды шараларда елдің қаншалықты байтақ екенін, этностар мен мәдениеттердің әралуандығын сезіну мүмкіндігі туатынын атап өткен. – Қазақстан халқы Ассамблеясы мә­де­ниеттер үнқатысуының бірегей еуразия­лық үлгісі болып отыр. Қазақстан жаһандық конфессияаралық үнқатысудың орталығына айналды. Біздер, ҚХА мүшелері, республика өміріне белсене қатысу мүмкіндігі үшін Сізге ризамыз,  –  деп жазады авторлар. Тараз қаласынан «Алтын алқа» ие­гері А.Дүйсенбекова Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясын өз отбасымен бірге үлкен ықыласпен көргенін айтқан. Ол форумның салиқалылығын, ондағы жарқын сөздер мен жылы шырайлы ахуалды айрықша атап өткен. ҚХА мүшесі С.Вишняк айтқандай, Мемлекет басшысы Ассамблея сессиясын­да көптің көңіліндегі ең жылы және ізгі сезімдерді қозғап, олардың көкейіне тату­лық, тыныштық және тұрақтылыққа деген үміт ұялатты. – Сіз Қазақстанның, қазақ даласының осында өмір сүріп жатқан баршамыздың мейірбан Отанымыз екенін тағы да нықтай түстіңіз. Павлодар облысынан ағылшын тілінің мұғалімі Ю.Отт өзіне Мемлекет басшысымен бір сахнада бірге болу және әңгімелесу мүмкіндігі бұйырғанын еске алады. – Өткен сессия еліміздегі ең жарқын шаралардың бірі болды деп санаймын.  Бір шаңырақ астында барлық ұлттар мен этностар өкілдері басқосып, достық, бір­лік туралы айтты, ұмытылмас сәттерді бас­тарынан өткерді. Менің ойымша, Қазақ­стан қоғамы өзінің парасаттылығымен ерекшеленеді, мен оның бір бөлшегі екенім үшін бақыттымын, – деп жазады автор.