Білім • 27 Шілде, 2022

Білім беру саласында кемшілік көп

969 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Балабақша, мектеп, колледж секілді білім беру мекемелерін бес жылда бір мемлекеттік аттестаттаудан өткізу, профилак­ти­калық бақылау жүргізу, азаматтардан түскен шағымдар бойынша тексеру, педагогтердің ұлттық біліктілік тестілеуін үйлестіруіне, оқу жетістіктеріне мониторинг жүргізу – облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті мамандарының міндеті. Жуықта аталған департамент басшысы Зейнеп Махсұтова баспасөз мәслихатын өткізіп, жартыжылдықта атқарылған жұмыстар туралы баяндап берді.

Білім беру саласында кемшілік көп

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Жалпы, Шығыс Қазақстан облысында 787 мектепке де­йінгі ұйым болса, оның 354-і бала­бақша, 433-і шағын орталық. Со­ны­мен қатар 650 мектеп, 78 колледж бар.

Облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету депар­таментінің басшысы Зейнеп Махсұтованың айтуынша, де­партамент білім беру ұйым­дарынан шығатын ресми құ­жаттарға апостиль қою және білім беру қызметімен айна­лысуға лицензия беру секілді қыз­мет көрсетеді. Биылғы бі­рінші жартыжылдықта ли­цензия алу бойынша 60 өті­ніш түссе, оның 16-сы ғана қа­на­ғат­тандырылған. Демек өтініштің басым бөлігі жарамсыз деп танылған. Өтініштердің қана­ғат­тан­дырылмауының негізгі себеп­тері – көзбен шолу кезінде ұйымның материалдық-техни­калық базасының білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі, электронды өтінімде ұсынылған ақпараттың толық болмауы. Сонымен қатар мемлекеттік баждың дұрыс төленбеуі екен.

– Бірінші жартыжылдықта лицензиялау мәселелері жөніндегі консуль­татив­тік-кеңесші комиссияның үш отырысы өткізілген. 2022 жылдың бірінші жарты­жылдығында Қазақстанда алын­ған білім туралы құжаттарға апостиль қоюға 194 өтініш келіп түссе, оның 139-ы қанағат­тандырылып, 55-і қараусыз қал­­ды­рылған. Білім туралы 139 (72%) құ­жат­қа апостиль қойылса, оның – 36-сы жоғары білім туралы; 18-і кәсіптік-тех­никалық білім туралы; 85-і жалпы орта білім туралы. Білім туралы құжат­тардың түпнұсқалары уақты­лы ұсыныл­мағандықтан, төлем көр­се­тілген мер­зімде түспегендіктен 34, сон­дай-ақ «Аза­маттарға арналған үкімет» мем­ле­­кет­тік корпорациясы арқылы келіп түскен мем­лекеттік баждың дұрыс енгізіл­меуіне байланысты 21 өтініш қараусыз қалдырылған, – деді департамент басшысы.

Биылғы бірінші жартыжылдықта 80 білім беру ұйымында, оның ішінде 78 орта мектепте, екі мектепке дейінгі мекемеде мемлекеттік аттестаттау өткізіліп, қорытындысы бойынша 16 орта білім беру ұйымы аттестаттаудан өтті. Бұл мемлекеттік аттестаттау рәсімінен өткен мектептердің жалпы санының 20%-ы ғана. Ал 64 білім беру ұйымы, яғни 80% аттестаттаудан өте алмаған. Неге десеңіз, мемлекеттік аттестаттау кезінде бірқатар кемшілік анықталған.

– Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуда оқу қызметі жұмысы жоспарға сәйкес келмейді. Заттық кеңістікті дамытушы орта құрылмаған. «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бо­йынша педагогтердің үлесі төмен және ерекше балаларға арналған жеке оқу жос­пары мен бағдарламалар әзірленбеген. Мектепке дейінгі мекемедегі интеграциялау арқылы білім беру салаларына негізделген мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұны іске асырылмаған. Тәрбиеленушілердің дамуына бастапқы мониторинг жоқ. Оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талап сәйкес келмейді және сақталмайды. Балабақшадағы топтардың жас ерекшелігі мен жинақталуы сақталмайды, – деп бірқатар кемшілікті атап өтті департамент басшысы.

Қорыта айтсақ, жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын бағалауды талдау нәтижелері бойынша 344 бұзушылық анықталыпты. Мәселен, 11 мектепте тәрбие жұмысы жүзеге асырылмайды. Атап өтсек, 4 мектепте бейінді оқытуды іске асыру әлсіз, 9 мектепте білім алушылардың ерекше білім алу қажеттіліктерін ескере отырып, оқу процесі ұйымдастырылмаған, 26 мектепте кundelik.kz электронды журнал толтырылмаған, 51 мектепте білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптары және Білім және ғылым министрлігі­нің 2015 жылдың 17 маусымындағы №391 бұйрығымен бекітілген оларға сәйкес­тік­ті растайтын құжаттар тізбесі бұзылған; ­­ 8 мектепте тамақтану орны жоқ; 7 мектепте ұлттық білім беру базасымен нақты деректер сәйкес келмейді; 28 мектепте тиісті бейіндер бойынша педагогикалық білімі бар педагогтер жоқ; 3 мектепте медициналық лицензия жоқ. Осы орайда айта кетерлігі, Алтай ауданына қарасты Жаңа Бұқтырма кентіндегі қазақ орта мектебі мүлдем мүшкіл күйде. Бұл мәселе «Egemen Qazaqstan» газетінде қозғалған еді. Алайда қашан жаңа мектеп бой көтеретіні белгісіз. Облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету депар­таментінің бастығы Зейнеп Махсұтова да қадағалауында ұстап отырғанын айтты. Сон­дай-ақ департамент мамандары биыл­ғы бірінші жартыжылдықта нұсқама­лардың орындалуы бойынша 19 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, бес білім беру ұйымында бұзушылықтар анықталған.

Жоғарыда аталған проблемалардан бөлек білім алушылардың даярлық деңгейіне қойылатын талаптардың да ақсап жатқаны анықталды. Облыстағы 11 мектептің оқушылары мемлекеттік стандарттың талаптарына сәйкес білім­дерін дәлелдей алмаған.

Биылғы бірінші жартыжылдықта департаментке 103 өтініш келіп түссе, оның 96-сы жеке тұлғалардан, жетеуі заңды тұлғалардан түскен. Сегіз өтініш бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, бес лауазымды тұлға және бір заңды тұлға, үш жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау нәтижесінде сегіз лауазымды тұлғаға 80 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, үш жеке тұлғаға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, бір заңды тұлғаға 30 айлық есептік көрсеткіш мөл­шерінде айыппұл салынды.

Білім берудің сапасы артпайынша, елдің алға жылжуы неғайбыл. Сондықтан балаға сапалы білім, салиқалы тәрбие берілуге тиіс.

 

Шығыс Қазақстан облысы