Қоғам • 27 Шілде, 2022

Жүгенсіз жүргізушілер көбейіп тұр

198 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаз басталғаннан бері жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті. Өкініштісі сол, адам шығыны көп. Жол сақшылары көлік тізгіндегендерді тәртіпке шақырғанымен, нәтижесі аз. Қол қусырып отыруға болмас. Бұл ретте, елімізде шұғыл түрде жол қауіпсіздігін сақтауға үндейтін «Қауіпсіз жол» айы жалғасуда.

Жүгенсіз жүргізушілер көбейіп тұр

Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиевтің мәліметінше, жыл басынан бері жол апаттарында мыңнан астам адам қаза тауып, 8 мың­нан астам жолаушы жарақат алған. Күн сайын еліміздің жолдарында 10-ға жуық адам қаза тауып, 70-ке жуық адам түрлі дене жарақатын алады екен. Ведомстволық мәліметтерге сәйкес, өткен аптада ғана елімізде 200-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 50-ге жуық адам қаза тауып, 200-ден астам адам жарақат алған. Кәме­летке толмаған жасөспірімдердің қатысуымен болатын оқиғалар ерекше алаңдаушылық тудырады. Жыл басынан бері 2 мыңға жуық бала түрлі жарақат алып, 90-нан астам жеткіншек қайтыс болған.

– Еліміздің жолдарында азаматтар­дың өмірі мен денсаулығын сақтау – Ішкі істер министрлігінің басым міндеттерінің бірі. Оны іске асыру үшін жол қауіпсіздігі деңгейін арттыруға бағытталған ұйымдастырушылық, прак­тикалық және құқықтық шаралар кешені қабылданды. Жол апаттарын талдау барысында жылдамдық режімін асыру, маневр жасау ережелерін бұзу, қарама-қарсы жүріс жолағына шығу, аударылу, жаяу жүргіншілерді басып кету сияқты жол ережелері жиі бұзылады.

«Қауіпсіз жол» айының алғашқы аптасында 46 мыңнан астам жол жүру қағидаларын бұзу деректері анықталды. Оның ішінде 270 жүргізуші автокөлікті мас күйінде басқарғаны, 153-і қарсы жолаққа шығып кеткені, 7 мыңнан астамы жылдамдық режімін сақтамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Заңсыз қайта жабдықтаудың 400-ге жуық дерегі және маневр жасау ережелерін бұзудың 3 мыңға жуық дерегі тіркелді. Сондай-ақ жолаушыларды заңсыз тасымалдаған 60-тан аса жүргізуші анықталды.

Техникалық ақаулары бар, рейс ал­дын­­дағы техникалық байқаудан өтпе­ген көлік құралдарын пайдалануға шы­­­ғарғаны, сондай-ақ жолаушыларды ав­то­көлікпен тасымалдауды жүзеге асыру кезінде жүргізушіні медициналық байқаудан өткізбей көлік басқаруға жібергені үшін 48 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапқа тартылды. Сонымен қатар 40-қа жуық рұқсат етілмеген тұрақ анықталды, – дейді Жандос Мұратәлиев.

Ай шеңберінде автожолдардың қауіпті учаскелеріне қосымша тексерулер жүргізілген. Нәтижесінде, 20 апатты-қауіпті орын анықталған. Жолдарды күтіп ұстаудағы кемшіліктерді жою үшін 749 ұйғарым берілген. Жолдарды күтіп ұстауға жауапты тұлғаларға қатысты 500 әкімшілік хаттама толтырылып, қосымша 350-ге жуық жол белгілері орнатылған.

Осы жылдың 11 шілдесінде Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын. Заң ағым­дағы жылдың 9 қыркүйегінде күшіне енеді. Оған сәйкес, түзетулермен көлік құралын мемлекеттік нөмірлерсіз қайта басқарғаны үшін әкімшілік жауап­кер­шіліктің жаңа құрамы енгізілді (590-бап 2-1 Б.), онда 20 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде өндіріп алу немесе көлік құралдарын басқару құқығынан 1 жыл мерзімге айыру көзделген. Бұрын мұндай норма болмаған еді. Бұдан басқа, көрінеу жалған немесе жалған мемлекеттік нөмірлері бар көлік құралын басқару үшін жауапкершілік күшейтілді. Айыппұл түріндегі жаза алынып тасталды, енді аталған құқық бұзушылық үшін тек 1 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру және 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қолданылмақ. Бұған дейін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 1 жыл мерзімге басқару құқығынан айы­ру қарастырылған болатын.

Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі қала сыртындағы трассаларда «орташа жылдамдықты» арттырғаны үшін көлік құралдарының жүргізушілерін жауапкершілікке тарту мүмкіндігін көз­дей­тін түзетулерді пысықтап жатыр.

Айтпақшы, 1 шілдеден бастап электр самокаттарының техникалық сипаттамаларын белгілейтін ұлттық стандарт күшіне енді. Оған сәйкес, электросамокатты басқаратын адамның құқықтық мәртебесі туралы мәселесі қарастырылып, олардың жолдармен жүру тәртібі анықталмақ.