Спорт • 27 Шілде, 2022

Нелли Кимнің кереметтері

266 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ертең Қазақстанның мақтанышы Нелли Кимнің туған күні. Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында бес реттен алтыннан алқа тағып, әлемдік спорт тарихында өшпес із қалдырған еліміздің даңқты гимнасшысы 65 жасқа толады.

Нелли Кимнің кереметтері

Нелли 1957 жылдың 29 шіл­­десінде дүниеге келді. Ол Тәжік­станның солтүстік беткейін­де орналасқан Согдий облы­сы­ның Шураб ауылында туға­нымен, спортшы ретінде Қазақ­станда қалыптасты. Болашақ жұл­дыздың балауса шағында ата-ана­сы Шымкентке қоныс аудар­ған. Сол жақта Ким жергі­лікті жаттықтырушы Владимир Бай­диннің қол астында спорттық гим­настиканың қыр-сырына қаны­ғып, уақыт оза биік белестерді бағындырды.

Жетпісінші жылдары спорттың бұл түрінде кілең жұлдыздар бір-бірімен сайысқа түсіп, аса ірі халықаралық жарыстардың жүл­делерін өзара сарапқа салып жүр­ді. Солардың арасынан Люд­мила Турищева, Ольга Корбут, Елена Мухина, Эльвира Саади (КСРО), Надя Комэнечи, Теодора Унгуряну (Румыния),  Карола Домбек, Аннелора Цинке, Ангелика Хельман (ГДР), Марта Эгервари (Мажарстан) және тағы басқаларды бөле-жара атап өтсек, еш айыбы жоқ. Солардың қатарында біздің Нелли де болды.

Қазақстандық гимнасшы Одақ көлеміндегі жарыстарда озған соң, халықаралық додаларда бақ сынай бастады. 1974-1980 жылдары ол әлем чемпио­натында 11 рет (5 алтын+4 күміс+2 қола) жеңіс тұғырына көтерілді. Еуропа біріншілігінде тоғыз мәрте (2+3+4) олжаға кенелді. 1976 жылы Монреальда алауы тұ­танған Олимпия ойын­дарында Нелли Ким еркін жаттығу мен қолды тіреп жасалатын жаттығуда ең жоғары 10 ұпайды иеленіп, бас жүлдені олжалады. Соның алдында ғана дәл сондай көрсеткішке Комэнечи де қол жеткізген еді. Осылайша, олардың есімдері аса жоғары бағаға иелік еткен тұңғыш гимнасшылар ретінде тарихта қалды. Бұл тартыста ол Людмила Турищева, Карола Домбек және Надя Комэнечиді артта қалдырды. Сондай-ақ жерлесіміз командалық бәсекеде алтын алып, көпсайыста күміспен күптелді.

1980 жылы Мәскеу Олим­пиа­дасында Ким екі рет теңдессіз деп танылды. Еркін жаттығуда ол Надя Комэнечимен бірдей нәтиже көрсетсе, Макси Гнаук пен Наталья Шапошникова үшінші орынды иеленді. Командалық сайыста өте күшті бәсекелестік өрбіді. Құрамында Комэнечиден бөлек, Эмилия Эберле, Родика Дунка, Мелита Рюн, Кристина Григораш және Думитрица Турнер сынды мықтылары бар румыниялықтар өте күшті қарсылық көрсетті. Қола медальды қанағат тұтқан ГДР-дың да бастапқыдағы қар­қыны қатты болды. Десек те, бұл бәсекеде КСРО гимнасшыла­ры алдарына жан салмады. Ал­тын­нан алқа таққандар арасында Елена Давыдова, Наталья Шапо­ш­никова, Мария Филатова, Стелл Захарова және Елена Найму­шинамен бірге біздің Нелли Ким де бар еді.

Үлкен спорттан қол үзгеннен кейін отандасымыз Оңтүстік Корея, Италия және Беларусь құрамаларын жаттықтырды. Басқа да мемлекеттерде бапкерлік қыз­мет атқарды. Әлемдегі ең белді төрешілердің бірі ретінде көп­те­ген дүбірлі додада қазы­лық етті. 2004 жылы Ким Халық­аралық гимнастика федерация­сы техникалық комитетінің төра­йымы болып сайланды.

Бұл күндері Нелли Ким АҚШ-тың Миннеаполис қаласында тұрып жатыр.