Негізгі міндет – қалыпты жұмыс режіміне оралу
Павлодар облысына жұмыс сапары аясында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Павлодар мұнай-химия зауытында болып, кәсіпорынның қызметімен, жоспарлы жөндеуден кейін зауытты іске қосуға дайындық барысымен, сондай-ақ кәсіпорын мен сервистік (аутсорсингтік) компаниялар қызметкерлерінің еңбек жағдайларымен танысты.
Жөндеу жұмыстары кезінде «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасы заңының талаптарын қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар орындалды. Зауытта жұмыстың өндірістік циклін үздіксіз қамтамасыз ету үшін жабдықтың өнеркәсіптік қауіпсіздігіне техникалық куәландыру және сараптама жүргізілді. Сонымен қатар технологиялық қондырғыларда жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстарына сәйкес жабдықтарды тексеру, тазалау және ауыстыру іс-шаралары жүргізілді.
Вице-премьер бір апта ішінде өнім шығару көлемі 1,5 мыңнан 9 мың тоннаға дейін ұлғайтылатынын атап өтті. Негізгі міндет – қалыпты жұмыс режіміне оралып, күзгі егіс жұмыстарына алдын ала дайындалу және энергия ресурстары бағасының көтерілуіне жол бермеу арқылы еліміздің орталық және солтүстік өңірлерін қамтамасыз ету.
Е.Тоғжанов зауыттағы жөндеу жұмыстары кезінде жағармай бағасы бұрынғы деңгейде қалғанын айтты. Жазғы кезеңде туристердің келуіне байланысты жағармай жеткізуде қиындықтар туындағанымен Үкімет және тиісті органдар бұл мәселелерді жедел түрде шешіп отырды.
«Энергетика министрінің ІІ жарты жылдыққа арналған жанар-жағармай материалдарының бағасы бойынша бұйрығы бекітілді. АИ-92 бензинінің бағасы бұрынғы деңгейде қалды (литріне – 182 теңге), Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарын есепке алмағанда, мұнда логистиканың қымбаттауына байланысты бензиннің бір литрінің бағасы 187 теңге тұрады. АИ-95 маркалы бензиннің бағасы реттелмейді (бұрын 215 теңге болса, қазір де орташа баға сондай болып қалды). Дизель отынының бағасы өңірлердің ерекшеліктеріне қарай бұрынғы деңгейде сақталып қалды, литріне – 230-260 теңге. 28 шілдеден бастап ПМХЗ жөндеуден кейін өз жұмысын бастайды», деді Е.Тоғжанов.
Халықтың табысын арттыру бағдарламасы шеңберінде еңбек кірістеріндегі теңгерімсіздікті жою және жұмыскерлердің жалақысын салалық орташа көрсеткіштен төмен емес деңгейде арттыру, халықты өнімді жұмыспен қамтуды ұлғайту мақсатында мемлекеттік қолдау шараларын алу кезінде бизнестің міндеттемелері белгіленді.
2022 жылғы 30 мамырдағы жағдай бойынша «ПМХЗ» ЖШС 2 315 адам жұмыс істейтін 13 сервистік (аутсорсингтік) компаниямен 29 шарт жасасты. Осы мәселені реттеу мақсатында «ПМХЗ» ЖШС бұрын аутсорсингке шығарылған персоналдың жалақысын және әлеуметтік пакетін одан әрі арттыра отырып, сервистік компаниялардың қызметтерінің құнын арттыру бойынша ұсыныстарды, сондай-ақ аутсорсинг қызметкерлерінің жалақысын көтеру бойынша шарт сомасын ұлғайту үшін қолданыстағы шарттарға қосымша келісімдер әзірленіп, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-мен келісілді.
Сонымен қатар жалақыны арттыру «ПМХЗ» ЖШС қаржылық мүмкіндіктеріне қарай жүргізіліп, жұмыскерлердің біліктілігіне, орындайтын жұмыстың күрделілігі, саны және сапасына, еңбек шарттарына қарай, сондай-ақ ұлғайтусыз қолданыстағы мұнай өңдеу тарифі шеңберінде дифференцияланады.
Аутсорсингтік компаниялар персоналының лауазымдық және тарифтік мөлшерлемелері әр компания үшін жекелей жұмыскерлердің біліктілігі, орындайтын жұмыстың күрделілігі, саны және сапасына, еңбек шарттарына байланысты 14-тен 56%-ға дейін ұлғайтылады.
Кездесу соңында Е.Тоғжанов кәсіпорын басшылығына кадрлар даярлауға ерекше назар аударуды тапсырды. Ол зауыт басшылығына өңірдегі колледждердің бірін өз қамқорлығына алуды ұсынды.
Павлодар мұнай-химия зауыты мұнайды отын нұсқасы бойынша өңдейді және өңдеу тереңдігін 88%-ға дейін қамтамасыз етеді, бұл үздік өндірушілердің деңгейіне сәйкес келеді. Зауыт автомобиль бензинін, РЖ маркалы реактивті қозғалтқыштарға арналған отын, дизель отынын, мазут, мұнай коксын, жол битумын, коммуналдық-тұрмыстық мақсаттағы газдар шығарады.
Үлгі аларлық бастамалар бар
Сонымен қатар Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Павлодар облысына жұмыс сапары кезінде көпбалалы аналармен кездесіп, «Бақытты отбасы» отбасыларды қолдау орталығының қызметімен танысты.
Өңірде өскелең ұрпақтың дамуына едәуір көңіл бөлініп, көпбалалы отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. 2022 жылдың сәуірінде «Бақытты отбасы» отбасыларды қолдау орталығы іске қосылды. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың айтуынша, орталық көмекке мұқтаж азаматтарға «бір терезе» қағидаты бойынша әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Орталықтың тағы бір бағыты – қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарды уақтылы анықтау.
Төрт ай ішінде 1,5 мың адам кеңес алып, 413 өңір тұрғыны қолдау шараларымен қамтылды. Сондай-ақ 210 адам жұмысқа орналастырылып, 26 адам кәсіби оқудан өтті және 11 азамат өз кәсібін ашуға шағын несие алды. Жалпы алғанда, жыл соңына дейін «Бақытты отбасы» орталығында 3 мыңға жуық адамды әлеуметтік қолдау шараларымен қамту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Е.Тоғжанов әлеуметтік осал топтар санатындағы әйелдермен және өз кәсібін ашқан көпбалалы отбасылармен кездесті. Кәсіпкер әйелдер мемлекеттік қолдау және Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының көмегімен жүзеге асырылған жобалары туралы айтып берді.
Мұнда оларға заң мәселелері және бизнес-жоспарлары құрастыру бойынша көмек көрсетіледі. Вице-премьердің пікірінше, бұл үлгі аларлық бастамалар.
«Маңызды әлеует бар. Біз республика көлемінде жүзеге асыруға болатын шынайы мысалдарды көрдік. Мұндай бастамаларды қолдап, дамыту керек», деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары.
2023 жылдан бастап «Павлодар облысының ауылдық округтері халқының табысын ауқымды және тиімді арттыру» қанатқақты жобасын іске қосу жоспарланып отыр.
«Жобаның мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейі мен экономикалық жағдайын көтеру», деді Павлодар облысы әкімінің орынбасары М.Өтешов.
Қанатқақты жобаны іске асыру үшін атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны жоғары 5 ауылдық округ анықталып, оларда ауыл шаруашылық кооперативтерін құру жоспарланып отыр. Негізгі бағыттар – мал және құс шаруашылықтары, бал арасы мен бақша жидектерін өсіру, өсімдік шаруашылығы мен ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу. Осы арқылы ауылдық жерлерде 350 жаңа жұмыс орны құрылады.
Үкімет халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында қабылдаған шаралар бюджет қаржысын әділ бөлу және табыс деңгейі төмен азаматтарды қолдау арқылы «Әділетті Қазақстан» концепциясын іске асырады.
Біріншіден, Үкімет бюджеттік сала жұмыскерлерінің еңбекақысын көтеру және әлеуметтік төлемдерді индексациялау бойынша барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындайды.
Екіншіден, табысы жоқ азаматтардың жұмыс орындарын құру және біліктіліктерін көтеру, жаңа дағдыларды меңгеруі арқылы экономикаға әлеуметтік кіріктірілуі, сондай-ақ еңбекақы деңгейі төмен әлеуметтік осал тұрғындар тобын қолдау бағдарламаның әлеуметтік бағытын нақтылайды.
Үшіншіден, бизнес қауымдастықпен бірлесіп қабылданған еңбекақы айырмашылығын азайтуға және өндірістік персоналдың еңбекақысын арттыруға бағытталған жүйелі шешімдер білім және біліктілік деңгейін есепке алғандағы аз жалақы төленетін азаматтар санаттарының еңбекақысын көтеруде жекелей (әділетті) көзқарасты қамтамасыз етеді.