Сайыс 3 тамызда басталады. Жарыс өтетін жерге теңізшілер «Сарыарқа» зымыран-артиллериялық кемесімен келеді, ал «Орал» кораблі резервтегі кеме ретінде белгіленіп отыр. Әскери теңізшілер жарыста жүзбелі минаны, теңіз және әуе нысаналарын артиллерия оғымен атудан сайысумен бірге, кеменің тіршілік үшін күресін, құтқару құралдарымен жұмыс істеу дағдыларын және теңіз машығын көрсетеді. Жарыстың тәртібі гидрометеорологиялық жағдайларға байланысты құрылады.
Қазір қатысушылар әуе және суүсті нысаналарын имитациялайтын нысаналарға оқ атып, тәжірибе жинауда. Жүзушілер қашықтыққа жүзуді орындап, құтқару құралдарын пайдалану техникасын пысықтайды. Кеменің мықтылығын сынау үшін апаттық жағдайдағы нұсқасы әзірленуде. Сабақтар бассейнде, пирстерде және теңізде өтеді.
– Авариялық құтқару құрал-саймандарының көмегімен кеменің мықтылығын көрсету үшін команда әртүрлі көлемдегі тесікті бітеуге тиіс. Бұл тапсырманы әскери-теңіз базасының оқу-жаттығу кешенінде пысықтаймыз. Су жүйелі түрде он секунд сайын тесіктерден жіберіледі. Оған кірісу команда капитанының кеме зақымданды деген баяндамасынан кейін жеті минут ішінде орындалуға тиіс, – деді команда капитаны 3-сыныпты старшина Жамбыл Бадбаев.
Былтыр Иранда теңізшілеріміз сайыстың осы кезеңінде бірінші орын алды. Жалпы, Халықаралық армия ойындарында қазақстандықтар жеті сайысқа қатысады. Ресейде «Танк биатлоны» мен «Эльбрус шеңбері», Әзербайжанда «Теңіз кубогы», Арменияда «Бейбітшілік жауынгері» өтеді деп жоспарлануда.
Қалған үш сайыс еліміздің әскери полигондарында өтеді. Гвардейскіде «Артиллериядан оқ ату шеберлері» минаатқыш есептоптарының жарысы, Бурабай таулы аймағындағы әскери колледждің базасында «Меридиан» әскери-топографиялық қызмет мамандарының жарысы, Спасск полигонында – «Тактикалық мерген» әскери-спорттық жарыстар кешені ұйымдастырылады.
Маңғыстау облысы