Тергеу барысында А.Базарханованың 2013 – 2019 жылдар аралығында емдік дене шынықтыруға бөлінген ақша қаражатын ұрлағаны, яғни мектеп директорының сабақ өткізбестен, оқу сағаттарын жүргізгені үшін ақы алып отырғаны анықталды. Нәтижесінде балалар білікті ем алу құқықтарынан айрылған.
Бұдан басқа, А.Базарханова интернат қызметкерлеріне қосымша жұмыс істегендері үшін ақы аударып отырған, кейіннен олар ол ақшаларды есеп шоттарынан шешіп, Базархановаға қайтарып беріп отырған. Шын мәнінде қызметкерлер қосымша жұмыс атқармаған.
Сонымен қатар, А.Базарханова өзінің танысына қарызды қайтару мақсатында оның жұбайын жұмысқа алды. Осылайша, өзінің қарызын қайтару мақсатында жалған жұмысқа орналасушыға 729 мың теңге еңбекақы төлеп, бюджет қаражатын талан таражға салған.
Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер бойынша сот алқасы оның өз кінәсін мойындап, шығынды толықтай қайтарғанын, жасөспірім баласының бар екенін ескере отырып, А.Базархановаға 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.