Ш.Айманова атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Ақан Сатаев Корея кинематографиясын үлгі ететінін атап өтті. «Біздің отандық фильмдерiмiз корей кинофестивальдарына белсенді қатысады. Киноиндустрияда алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесіне сүйену зор нәтижеге жеткізеді. Сондықтан екі елдің достық қарым-қатынасын дамыта отырып, бiрлескен жобаларды қолға алуға әрдайым ашық әрі дайынбыз», – деді А.Сатаев.
Өз кезегінде Big ocean entertainment кинокомпаниясының өкілі Кореяның Қазақстанмен киноиндустрия саласында ынтымақтастыққа мүдделі екенін білдірді.
«Күзде біз Қазақстанда конференция өткізуді жоспарлап отырмыз. Киноиндустрияның танымал өкілдерін шақырып, бiздiң киноиндустриямызды жақынырақ таныстырсақ дейміз. Сондай-ақ қазақстандық тәжірибені зерттеу де бiз үшін маңызды. Өндірісте тәжірибе алмасу мүмкіндігін қарастырамыз. Бізге Қазақстандағы аудитория ауқымын жандандыру жоспары өте қызықты. Сонымен қатар осы елде қазақстандық актерлермен корей фильмінің ремейкасын түсіруді ұсынамыз», – деді Big ocean entertainment корей кинокомпаниясының басқарма төрағасы Хван Донг Соб.
Кездесу барысында «Қазақфильм» қызметкерлері шетелдік кино мамандарына павильондарды аралатып, анимациялық кешенді көрсетті. Долби-залы мен шоу-рилге экскурсия ұйымдастырды. Сонымен қатар жаңа форматтағы «Медиа және кино мектебінің» жұмысымен таныстырды.
«Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КеАҚ басқарма төрағасы Есетжан Қосубаев Қазақстанда сериалдар өндірісі жақсы дамып келе жатқанын жеткізді.
«Бүгінгі таңда отандық сериалдар өндірісі қарқынды дамып келеді. Біздің режиссерлеріміз бұл бағытта белсенді жұмыс істеуді үйрену үстінде. Соңғы жылдары корей сериалдары жоғары рейтингтерге ие болғаны белгілі. Еліміз өндірілетін өнімнің сапасын жақсартуға және үздік нәтижелерге қол жеткізуге ұмтылады», – деді Е.Қосубаев.
Кездесуді қорытындылай келе, тараптар өзара тиімді қарым-қатынастарды нығайтуға ниет білдірді.
АЛМАТЫ