Қоғам • 28 Шілде, 2022

Ер адамдар эмоциялық қысымға төзімсіз бе?

449 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жыл сайын Қазақстанда мыңдаған адам өз-өзіне қол жұмсайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының рейтингіне сәйкес, Қазақстан суицид деңгейі ең жоғары жиырма елдің қатарына кіреді. Бас Прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректеріне сүйенсек, 2015-2021 жылдар аралығында суицид 27,6 пайызға, өзін-өзі өлтіруге әрекеттену 10,1 пайызға артқан.

Ер адамдар эмоциялық қысымға төзімсіз бе?

Құқықтық статистика комитетінің дере­гіне сай, негізгі себептер ретінде, ең ал­дымен, жалғыздық және қаржылық қиын­дықтар көрсетіледі. 2021 жылы жал­­ғыз­дық факторы бойынша 27% және қар­жылық қиындықтарға қатысты 28% суицид тіркелген. Сонымен қатар әлеу­меттік жағдайдың төмендегі (6%), отбасылық қатынастардың бұзылуы, ажы­расу (11%) қоғамдағы әлеуметтік мәрте­бесін жоғалту сынды факторлар да әсер етеді.

Әлеуметтік топтар арасындағы суи­цид әрекеттерін қарастырсақ, ерлер әйел­дерге қарағанда 4-5 есе жиі суицидке барады екен. Мұндай деректі ДДҰ-ның Құқықтық статистика комитеті ұсы­нып отыр. Сарапшылар мұндай айырмашылықтың себебі әйел мен еркек­тің қоғамдағы орны мен қалыптасқан қағи­даларға б­айланысты екенін айтады.

«Ер адамдар неге өз-өзіне қол жұмсау әрекетіне жиі барады?» деген сұрақ­қа нақты жауап беру қиын. Өйткені еліміз­де­гі суицидпен байланысты фактор­лар ауқымды деңгейде зерттелмеген. Сон­дық­тан мамандар көбінесе бұл тақырыпқа қатысты тек болжамдар ғана жасай алады.

«Елімізде ерлер арасында суицидтің көп тіркелуі ерлердің эмоциялық тұрғы­дан қысым көруінде жатыр. Балалық шағынан ер балаларға «еркек жыламайды» деп үйрететін қоғам екенімізді мо­йындауымыз керек. Дер кезінде эмоция­ны шығармай, іште сақтап қалу түрлі аурулардың бастамасына, соның ішінде, өз-өзіне қол жұмсауға себеп болады. Сонымен қатар отбасыдағы психо­эмо­цио­­налды жағдай тікелей әсер етеді. Елдегі отбасыларда бұл сын, тәртіп, ба­қы­лау, қысым, бір-біріне немқұрайды қараумен сипатталады», дейді психолог Гүлжан Ермекбаева.

Статистика мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанда 35-54 жас аралығындағы ер адамдар өз-өзіне қол жұмсауға бейім. Бұл кезеңдегі ер адамдардың психологиясын мамандар былай түсіндіреді. Олар 30 жас­тан бастап қызметті өздерінің еркектік болмысын қалыптастырудың бір жолы ретінде қарастырады.

Жалпы, суицидтегі гендерлік теңсіз­дік – жаһандық мәселе. British Medical Journal-дың зерттеуіне сәйкес, ер адамдар өздерінің экономикалық және рухани осал тұстарын қоғамға, айналасына көрсетпеуге тырысады. Сәйкесінше, ерлер медициналық көмекке жүгінуге құлықсыз, яғни әйелдерге қарағанда 32% -ға төмен.

Елімізде өз-өзіне қол жұмсау мәселесі қаншалықты қауіпті деңгейде екенін білу үшін басқа мемлекеттердің статистикалық деректерін шолып шыққан едік. Мысалы, Ауғанстанда 100 000 адамға шаққанда – 4,1, Иракта – 3,6, Сирияда небәрі 2,0 адам өз-өзіне қол жұмсайды. Аталған елдерде әлеуметтік және экономикалық қолайсыз жағдайларға қарамастан суицид деңгейі салыстырмалы түрде төмен. Ал бұның себебін дінтанушы Ақтөре Көпбай былай түсіндіреді.

«Бүгінгі таңда біз бой түзеп, үлгі алып жүрген дамыған Батыс елдерінде суицид оқиғалары тоқтамай тұр. Оның өзіндік себептері бар. Мұнымен салыстырғанда Ислам елдерінде суицид азырақ, тіпті өте аз деуге болады. Соңғы зерттеулерге сүйенсек, суицид аз болатын 10 мемлекеттің 9-ы – мұсылман елі. Бұл статистикада сөзсіз Ислам дінінің үлесі бар. Алла берген өмірді қию Ислам бойынша ең ауыр күнәға жатады. Ислам дінінде мұсылман адамның өзіне қол жұмсауы, басқа бір адамды өлтіргеннен де ауыр қылмыс саналады», дейді А.Көпбай.

Жалпы, мұндай күрделі мәселенің қара­пайым шешімі жоқ. Бірақ арнайы мемлекеттік бағдарламалар мен қайы­рым­дылық ұйымдардың көмегімен суи­цидпен күрес жұмыстарын жүргізуге бола­ды. Мысалы, Аустралияда белсенді ерік­тілердің көмегімен суицид жасауға әрекеттенген кісіні райынан қайтаруға тырысады. Мұндай шаралардың бірі «Жақ­сысың ба?» деп аталады. Осы жоба­н­ың аясында еріктілер өзін нашар сезінетін, моральды тұрғыдан шаршаған, қиын­дықтарға тап болған адамдармен сөй­лесуге шақырылады. Елімізде өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерін азайту үшін осы іспеттес шараларды жүргізумен қатар, пси­холог мамандар, ең алдымен, психо­ло­гиялық қызметті дамыту қажет екенін алға тартады. Суицид жасауға талпынған кісі ғана емес, оның бүкіл отбасына отбасылық психологтің кеңесі тағайындалуы керек деп отыр. Өкінішке қарай, қоғамда психолог кеңесіне жүгіну әлі күнге дейін ұят нәрсе деп санайтындар аз емес.

Қорыта айтқанда, жылдан жылға қаупі артып келе жатқан өз-өзіне қол жұмсау мәселесі ешкімді де бей-жай қалдырмауға тиіс. Мемлекет тарапынан суицидке бейім адамдарға көмек көрсетуден бөлек, психолог мамандардың көмегіне жүгіну де көмектесетіні сөзсіз.ф