05 Мамыр, 2014

«Отанға, туған далама жыр арнау – қарыз, борышым»

518 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Рафхаттын фотосы (6) Орал қаласындағы М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен республикалық студент-ақындар мүшәйрасы «Алаш» халықаралық сыйлығының лауреаты, Ақ-жайықтың ақ шағаласы атанған ақын Ақұштап Бақтыгерееваның мерейтойына арналды. Ол – ақ сөйлеп, адал күлетін, шындықты жақтап жүретін, сыйластық сырын білетін жан, жоқтыққа тарылмайтын, арманнан арылмайтын ақын. Жанары мөлдіреген, жүрегі елжіреген, үмітке сендіре білген ана. Жас қаламгерлер ақынның осы қырларын толғап, жыр маржанына айналдырды. Астана, Алматы, Семей, Қарағанды, Қостанай, Атырау, Ақтөбе, Орал қалаларынан келген жиырма талапкер бақ сынасты. Олар алғашқы өлеңін Ақұштап ақынға арнаса, екіншісін еркін тақырыпта оқыды. Ақын Ақұштап Бақтыгереева жырлары жүректің назды үнімен, көңіл­дің сазды әуенімен өзге бір әлемге жетелейді. Кеште сөз алған ақын Ақұштап жастарға ақ батасын берді. «Өлең өлмейді. Ол – мәңгілік. Мен адал­дықты жырладым, әділдікті сөз еттім. Әйел тақырыбын ұсақ тақырып деп қарайтындар бар. Мен үшін бұл үлкен тақырып. Қазақ әйелін жырға қосу арқылы, қазақ анасын жырладым. Өйткені, қазақ қызы – қазақтың болашақ анасы. Ана тақырыбын ұлт тағдырымен, ұрпақ тәрбиесімен  үндес деп білем. «Таңда десе қайта бастап өмірді, Сәби жүрек емес оған айыпты – Жырлау үшін, сүю үшін елімді, Мен қайтадан таңдап алам Жа­йықты», деп жырласам, мені тек өз жерін ғана сүйетін ақын екен деп ойламау керек. Жайықты жырлау арқылы, елді жырладым, елдікті айттым, Жайық арқылы тазалықты, тұнық таза мөлдірлікті жырладым» дей келіп, қалың қазақтың Қадырын шынардың сыңарындай Фаризасын еске алып, көзіне жас алды. Қасым, Тайыр, Жұбан, Сағынғали, ақындарға қарындас бола білген  ақын апамыз өлең құдіретіне бас ие жыр толғады. Жыр додасына түскен дүлдүлдер  ақшалай сыйлықпен марапатталды. Үшінші орынды Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенті Ләззат Мақаш пен Қара­ғанды «Болашақ» университетінің студенті Абай Ораз бөлісті. Жүлделі екінші орын Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің студенті Арман Шеризатовқа бұйырса, бірінші орынды Қарағанды «Болашақ» университетінің студенті Аян Мейраш иеленді. Бас бәйге М. Өтемісов атындағы БҚМУ студенті Жадыра Ерманованың еншісіне тиді. Бала кезінен ақын апа­сының өлеңдерін жаттап өскен Жадыраның тастанды сәби тағдырын қозғаған еркін тақырыптағы өлеңі әсерлі, мұңды иірімдерімен ерекшеленді. «Қай кезде де жақсылыққа жанасты. Туған елге қамқорлықпен қарастың. Сізді бәрі көрсем дейді, ал ешкім Елемейді қара қызын Тарастың. Жерлестерім – жанашырым. Далам – құт. Бақылайтын қадамыңды дәл аңдып. Аман болсын біздер туған сол ауыл! Екі қызға тілейтін тек амандық» деп жырға қосқан Жадыра Ақұштап Бақтыгерееваға сырын жайып, «Сіз және мен» деген  өлеңін арнапты. Зейнолла Қабдолов ағамыз «Мен Ақжайықты үш қызы арқылы танимын: бірі – махаббатың символы Қыз Жібек, екіншісі – батыр қыз Мәншүк, үшіншісі – ақын Ақұштап» десе,  сол өнегелі із «Барлық ғасыр сөз еткен ақын жайлы Ақын жырын әр ғасыр мақұлдайды» демекші, жыр бәйгесіне қатысқан жас ақындардың үнімен үзілмей жалғасып жатқанын көрдік. Рита СҰЛТАНҒАЛИЕВА, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің баспасөз хатшысы. ОРАЛ.