Спорт • 29 Шілде, 2022

Жағажай футболы: Қазақстан құрамасы Грекияны ұтты

241 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Молдовада өтіп жатқан Еуролига ойындарында Қазақстан құрамасы қатарынан үшінші ойында жеңіске жетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жағажай футболы: Қазақстан құрамасы Грекияны ұтты

«С» тобының шешуші ойынында Қазақстан құрамасы Грекиямен кездесті. Екі құрама да осы ойынға алты ұпаймен келіп, бірінші орын үшін таласты.

Грекия құрамасы бірінші таймды өз пайдасына аяқтады. Есеп – 1:0. Гол авторы – Скоуртас.

Екінші таймда намысқа тырысқан Болат Әленов командасы керемет комбинация ұйымдастырып, соңын голға ұластырды. Таразы басын теңестірген Роман Богданов.

Тартысты ойынның үшінші бөлігінде екі жақ айып добынан гол алмасты. Ең алдымен қарсыластың ойыншысы Папастатопулус дәл соққымен Грекия құрамасын тағы да алға шығарды. Қазақстан құрамасының ойыншысы Станислав Макагон да өз мүмкіндігін мүлт жібермей, жылдам есепті теңестірді.

Ойынның жеңімпазы пенальти сериясында анықталды. Біздің құрамадан Асқар Әжікенов, Баянбек Муралинов, Тимур Ершин және Виталий Тюльпа мүлт кетпеді. Ал қарсыластың соңғы соққысын қайтарған қақпашы Всеволод Гаврилов Қазақстан құрамасына жеңіс сыйлады.

Топтық кезеңнің барлық ойынында жеңіске жеткен Қазақстан құрамасы бірінші орынға ие болып, Промофиналдың жартылай финалына шықты. Сонымен қатар біздің жігіттер «В» дивизионының үздік төрттігіне еніп, 2023 жылы өтетін Еуролиганың «А» дивизионына жолдама алды.

Жартылай финалдың ойындары ертең, 30 шілдеге жоспарланған. Қазақстан құрамасының қарсыласы сәлден соң анықталады. 

Грекия – Қазақстан – 2:2 (1:0, 0:1, 1:1. пенальти сериясы 3:4)