05 Мамыр, 2014

Әділдіктің туын желбірету – міндет

290 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
IMG_4815 Кезінде жасыл қала деп аты шыққан Талдықорғанның сәнін кіргізіп, салтанатын асырған орталық саябақтан қазақтың үш биі – Төле, Қазыбек, Әйтеке бабаларымыздың мүсіндері орын алса, дала данышпандарының әділдігін Жетісу жерінде жалғастыруды төл міндетіне айналдырған Алматы облыстық соты судьяларына арналған тағы бір ғимарат күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілді. Халықаралық стандартқа сай талап пен қажеттіліктің барлығы ретімен орын алған деп ауыз толтыра айтуға тұратын осынау игілікті Елбасының сарабдал саясатының сот жүйесіндегі бір жемісі деп те бағалады халық. Ел бұл ғимараттан енді сотқа жүгінген тараптарға әділ шешім мен үкім һәм қаулы шығатынына үміт артады. Өйткені, дамыған елдердің барлығында әуелі қызметкердің жұмыс істеуіне жағдай жасалады. Сосын барып талап қойылатыны белгілі. Бұл өркениетке ұмтылған еліміздің де ұстанымы болып отыр. Сонымен, дүйім жұрттың алдына республика Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы Ақылтай Қасымов, Алматы облыстық сотының төрағасы Мейрамбек Таймерденов шығып Мемлекет басшысының сот жүйесіне баса назар аударып, әлемнің дамыған елдеріндегідей жасап отырған жағдайына адал қызмет етумен жауап беретіндіктерімен елді сендіре тұрып, жергілікті атқарушы билікке Астанадан алып келген Алғыс хаттарын оқып, ізгі тілектерін білдірді. Өз кезегінде Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов мінбеге көтеріліп: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сот билігінің беделін арттырып, мәртебесін көтеруге ерекше мән беруде. Ата Заңымызға сәйкес, сот жүйесі дербес, тәуелсіз билік ретінде мемлекеттік биліктің бір тармағына айналды. Сот жүйесін қаржылық, материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуге назар аударылғандығының жарқын дәлелі ретінде талапқа сай ғимараттың бүгін ашылуы мен қызметтік көліктердің берілуін айтуға болады», деді. Құқықтық сауаттылық, әділдік, арғы-бергіні екшей алатын зерделілік сынды судьяларға ауадай қажетті құндылықтарға тұла бойы тұнып тұрған Қазақстан Республикасы Судьялар одағының төрағасы Серік Байбатыров бүгінгі тарихқа айналған кешегі өмір өткелдерінен суыртпақтай сыр тарта сөйледі. Шыны керек, кеңестік дәуірде сот жүйесі мен құқық қорғау органдары қызметкерлері жұпыны кеңселерде отырып, тозығы жеткен автокөліктерді кезектесе мінетін еді ғой. Ал бүгін ше? Сондықтан Тәуелсіздіктің қадірін біліп, бағалаумен шектелмей сол Тәуелсіздігіміз ғұмырлы болуы үшін мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандығын қорғауда заң шеңберінде еңбек ету парыз, міндет. Сөйтіп, еңселі ғимаратқа ие болған Алматы облыстық сотының өңірдегі жүйесіне Жоғарғы Сот – 10, ал Алматы облысының әкімі – 20 автокөлік тарту етті. Сондай-ақ, осы салада қажырлы еңбек етіп келе жатқан бірқатар судьялар мен сот қызметкерлері ведомстволық наградалармен марапатталды. Ендігі міндет – әділдіктің туын желбірету. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». ТАЛДЫҚОРҒАН. Суретті түсірген Жұмабай Мұсабеков.