Театр • 31 Шілде, 2022

Тоғызыншы маусым табыстары

287 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Күзде еліміздегі еңселі де ең үздік өнер ордалары – «Астана Опера» мен «Астана Балет» театрлары Х мерейтойлық маусымның шымылдығын түреді. 10 жыл бойы елордалық көрерменді бекзат өнердің рухани рақатына бөлеп келе жатқан таңғажайып театрлардың талантты труппасы үшін бұл меже – тағы бір табысты белес, тамаша кезең екендігі сөзсіз. Уақыт ағзам алақанында бедерленген он жылдық шежіресін тарих қойнауына қалдырғалы отырған өнер ұжымдарының тоғызыншы театр маусымындағы табыстары таңдай қақтырады.

Тоғызыншы маусым табыстары

Операдағы озық жетістіктер

Өткен маусым «Астана Опера» театры үшін табысты болды. Тоғызыншы театр маусымын жарқын жетістіктер­мен түйіндеген өнер ұжымының мақ­та­нуға тұрарлық жаңалығы жетерлік. Атап айтсақ, Қазақстан бойынша 10 гастроль, театр әртістерінің марапаттары, фестивальдағы үздік аталымдар һәм табысты премьералар – мұның бар­лығы жас та жасампаз театрдың шы­ғар­машылық қарымының көрсеткіші. Әсіресе театр репертуарын көркемдік тұрғыдан ғана емес, мазмұндық жағы­нан да байытқан тоғызыншы маусым­ның табысты қойылымдары – Т.Кочак­тың «Ақшақар мен жеті ергежейлі» балеті, елордалық сахнада алғаш рет мүлде жаңа интерпретацияда ұсынылған Е.Рах­мадиевтің «Алпамыс» батырлық операсы және атақты Иржи Килианның «Алты би» комедиялық балеті талғамы биік көрермен үшін өнердің үлкен жаңалығына айналды.

Сондай-ақ тоғызыншы театр маусымы бірегей балеттік, опералық және сим­фониялық жобаларға да толы. Балет труп­пасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова әрқайсысы бір-біріне ұқсамайтын 20-дан астам ерекше гала-кеш өткізді. Бұл концерттер көпшілікке би өнеріндегі жаңа есімдерді ашса, театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаевтың авторлық жарқын жобалары бекзат өнер жанкүйерлері үшін тамаша өнер тартуы болды. Айта кету керек, әйгілі маэстроның жетекшілік етуіндегі мыңнан астам музыканттың қатысуымен өткен Г.Малердің №8 симфониясы үш ай бойы 40 миллион аудиториясы бар «Меццо» француз телеарнасынан көрсетілді.

Театрдың тағы бір тамаша жаңалы­ғы – «Астана Опера» төрінен Достар клубы­ның ашылуы десек, қателес­пей­міз. Айтулы жобаның арқасында енді театрмен дос болғысы келген көрер­мен клубқа мүшелікке қабылданып, өнер­ге етене жақын бола алады.

Театр ішінен ашылған Astana Opera халықаралық опера академиясын да тоғызыншы маусымның табысы деп батыл айтуға болады. Франческо Медда, Анатолий Гусев бастаған білікті маман­­дардан білім ала отыра, шеберлік деңгейлерін арттырған болашақ опера әншілері академиядағы алғашқы оқу жылын тәмамдап, мазмұнды концерттер мен В.А.Моцарттың «Дон Жуан» операсының премьерасын сәтті өткізді.

Жалпы, әлемдік мәдени кеңістікте театр беделін қалыптастыру бойынша жұмыс ұдайы жүргізіледі. Ал оның маңызды бағыттарының бірі – әртістердің халықаралық байқауларға қатысуы десек, бұл жағынан да театр ұжымы кенде емес. Өткен жылдың қыркүйегі­нен бастап биылғы маусымға дейін «Аста­на Опера» солистері халықаралық ­бай­­қаулар мен фестивальдарға қаты­сып, әлемнің көптеген елінде театрдың даң­қын асырды. Олардың қатарында Жапо­ния, Италия, Аустралия, Ресей, Қыр­ғызстан, Өзбекстан және басқа да ел­дер бар. «Россия-К» телеарнасының тікелей эфирінде трансляцияланған «Нано-Опера» халықаралық жас ре­жис­серлер байқауында театрдың жас режиссері Еренбақ Тойкенов жүзден жүйрік шығып, беделді екінші орынды қанжығасына байлады.

Мерейтойлық даталар да театр назарынан тыс қалмады. Атап айтсақ, Үлкен зал мен Күләш Байсейітова атында­ғы Камералық зал сахнасында Ғазиза Жұ­банованың 95 жылдығына орай «Жұ­бановтар әлемі», Роза Бағланованың 100 жылдығына орай «Асыл арман» кон­церттері, Мұхтар Әуезовтің 125 жыл­дығына орай А.Жұбанов пен Л.Хами­дидің «Абай» операсы, сондай-ақ Кү­ләш Байсейітованың 110 жылдығы­на орай «Қазақтың бұлбұлы» және атақ­ты ком­позиторлар, орындаушылар мен жазу­шылардың мерейтойлық даталарына арналған «Ұлыларға тағзым» концерттері өтті. Тоғызыншы театр маусымында «Астана Операда» жалпы саны 207-ден астам іс-шара, соның ішінде аңызға айналған өнер қайраткерлері, ­театр әртістері мен спектакльдердің қою­шыларына арналған 45-ке жуық көр­ме ұйымдастырылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды – Балалар жылы деп жариялағаны белгілі. Осы ретте «Астана Операда» көптеген кере­мет жоба өтіп, тағы біразы жүзеге асы­ры­луға дайындалуда. Соның негіз­гісі – Театрлық қолөнер студиясының ашылуы. Одан бөлек «Астана Опера» балалар студиясының екі бөлімі – «Хор» және «Балет» өзінің белсенді жұмысын жалғастыруда. Қалыптасқан әртістер­мен қатар, опералық спектакльдерге Күләш Байсейітова атындағы Камералық зал­дағы концерттерге енді балалар да қаты­са алады. Сонымен қатар Нұр-Сұл­тан қаласы әкімдігімен бірлесіп қолға алын­ған «Театр сабағы» жобасы өте таны­мал болғанын атап өту қажет. Театр бас­шылығының айтуынша, енді оған қала оқушылары ғана емес, облыс және ауыл мектептерінің балаларын да қатыстыру жоспарлануда.

Сондай-ақ «Астана Опера» қала­лық әкімдікпен бірлесіп, «Мәдени ел» қайырымдылық жобасын жүзеге асырды. ABAQUS-DARYN-ның қызықты бағдарламалары, «Сиқырлы ысқы», «Балаларға арналған классика» топта­масынан концерт – К.Сен-Санстың «Жа­нуарлар карнавалы», «Астана кеш­терi» фестивалі аясында композитор Пьер Тиллуаның шығармашылық кеші, «Viva Mozart!» көшпелі қайырымдылық концерті көпшілікті бейжай қалдырмады.

IХ маусым «Астана Опера» сахна­сында қазақстандық театрлар мен ше­тел­дік әртістердің кезек-кезек болған гастрольдерімен де есте қалды. Мұнда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының ұжымы жарқырады, сондай-ақ елордалық жұртшылық Шым­кент опера және балет театры мен Қара­ғанды академиялық музыкалық комедия театрының әртістеріне қол соқты. Театрда пианист Джузеппе Джулотта, Ла Скала театрының бірінші скрипкашысы Лаура Марцадори, бандонеоншы Марио Стефано Пьетродарки (Италия) гастрольдік сапармен болды.

«Астана Операның» өз ұжымы тура­лы айтсақ, балет труппасы Алматыда екі ­рет, одан кейін Түркістан мен Шым­кент­тің көрермендеріне өз өнерлерін тарту етті. Опера труппасы мен симфония­лық оркестр Павлодар, Екібастұз, Қара­ғанды, Рудный, Ақтөбе және Петро­павлға саяхатын сәтті аяқтады. Соның нәтижесінде қазақстандықтар елордалық театр шығар­машылығымен жақыны­рақ танысуға тамаша мүмкіндік алып, кө­рермендер аудиториясы өзі үшін клас­сикалық өнерді жаңа қырынан ашты.

Әлбетте, игі істер, мазмұнды жобалар мен гастрольдік қызмет жаңа мау­сымда да жалғасын табады. Әлемдік БАҚ Х мерейтойлық маусымның ашылуы жайлы әлдеқашан хабарлап қойды.

– Атаулы дата болғаннан кейін Х мау­сымның жарқын оқиғалармен атап өті­летіні белгілі. Атап айтсақ, «Астана Опера» қазақстандық және шетел­дік опе­ра және балет жұлдыздары қаты­са­тын «Жібек жолы» халықаралық фести­валін өткізеді, сондай-ақ оны әлем­­дік театр сыншылары тамашалай­ды. Мерей­­тойлық маусымды театр әлем­дік опера сахнасының жұлдызы, «Грэмми» сый­лығының лауреаты сопрано Суми Чоның (Корея) қатысуымен өтетін концерт ашады. Осы орайда ЮНЕСКО-ның Суми Чоны «Бейбітшілік әртісі» ретінде таңдағанын атап өтуіміз қажет. Бұдан бөлек, шығармашылық ұжым алда болатын премьералар – Раймондо Ребек­тің қойылымындағы Сергей Прокофьев­тің «Күлбике» заманауи балетіне, Юрий Александровтың қойылымындағы Бал­нұр Қыдырбектің «Қалқаман – Ма­­мыр» опера-балетіне және Жолан Дәсте­нов­тің музыкасына режиссер Еренбақ Тойкеновтің қойған «Қаңбақ шал» балалар операсына қызу дайындық үстінде, – деп Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, «Астана Опера» директоры Ғалым Ахмедьяров театрдың алдағы жос­парларымен бөлісті.

Қуантарлығы – маусым жабылға­ны­мен, театр көрерменмен қоштаспайды. Оларды «Астана Опера» сахнасында қара­ғандылық және түркістандық театр­лардың гастрольдік өнер көрсетулері, сондай-ақ Күләш Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында «Музыкалық демалыс» қызықты концерттері күтеді. Ал 9 қыркүйекте ашылатын жаңа мау­сымда театрдың негізі қалануының 10 жылдығын жарқыратып атап өтеді деп жоспарлануда.

Балеттегі белестер

«Астана Балет» театры үшін де тоғы­зыншы театр маусымының табы­сы мол. Бұл маусымда гастрольдік сапар­лар да, қызықты жобалар да жүзе­ге асырылды. Мәдениет және спорт минис­трлігінің қолдауымен өткен премьералар көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Өткен маусымның айтулы жаңалы­ғы – бас дирижер Арман Оразғалиев­тің жетекшілігіндегі «Астана Балет» театрының симфониялық оркестрі құ­рылды. Енді театрдың қойылымдары оркес­трдің сүйемелдеуімен өтеді.

Биылғы театр маусымында премьералар да көп болды. Театр репертуарына көптен күткен тағы бес қойылым қосылды. Олар – И.Стравинский музыкасына Дж.Баланчин қойған «Фортепиано мен оркестрге арналған каприччио», танымал музыкант К.Абдуллинаның либреттосына Мукарам Авахри қойған «Тағдыр бұлтарыстары» бірегей балеті, сонымен қатар Стивен Райхтың музыкасына заманауи би кемеңгері Иржи Килиан қойған хореограф Стефан Жеромски­дің «Жолдан тайғандар» балеті. Бұл театр үшін шынымен де тәжірибеге толы бірегей қойылым болды. Себебі бонг аспабындағы солоны «Астана Балет» театры симфониялық оркестрінің әртістері орындады. Сонымен қатар ақын Бақыт Қайырбековтің либреттосына Мукарам Авахри қойған «Жібек жолы» авторлық спектаклі де театр репертуарынан тиісті орнын алды. Одан бөлек, Людвиг Минкустың музыкасына Мариус Петипа қойған «Баядерка» балетінен Майра Қадырова сахналаған Pas d’action және «HASSAK» этно-фольк­лорлы ансамблінің музыка­сына Айгүл Тәти қойған «Тәңір сыйы – Ақ жол» атты хореографиялық миниа­тюралардың да премьерасы өтті. Ал мау­сым шымылдығы Кристина Полиннің «Орфей мен Эвридика» балетінің премьерасымен жабылды. Астаналық кө­рермен назарына көне Грекия мифінің хореографиялық интерпретациясы мо­дерн элементтері бар неоклассика мәне­рінде ұсынылды.

«Астана Балет» театрының гастроль­дік сапарларының географиясы да едә­уір ұлғайды. Атап айтсақ, астаналық ұжым алғаш рет Орал қаласына барып, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері Айгүл Тәтидің авторлық интер­пре­тациясындағы «Ұлы дала мұрасы» ди­вертисменті мен Рикардо Амарантенің «A Fuego Lento» неоклассикалық бале­тін паш етті. Биылғы маусымда Түркістан, Семей және Тал­дықорған қалалары­на да гастроль­дік сапар ұйымдастыры­лып, ұлттық хореографияның үздік туын­дылары көр­сетілді. Дубай опера сах­­насында екі ауқымды спектакль – «Махаббат туралы дастан» және «Бейбарыс сұлтан» туындылары да жа­һан көрермендері назарына ұсыныл­ды. Театрдың Алматы қаласына жаса­ған гастрольдік сапары да сәтті өтті. «AlmatyTheatre» көпсалалы мәдени кеңіс­тіктің ашылу рәсімі аясында аста­на­лық театр әртістері бір айға жуық уақыт өнер көрсетіп, көрермен қауым назарына театр репертуарындағы үздік спектакльдерін ұсынды.

Тоғызыншы маусым жүзеге асы­рылған іс-шаралармен қатар, марапаттардан да кенде болған жоқ: балетмейс­тер Айгүл Тәти, ұстаз-репетитор Майра Қадырова, симфониялық оркестрдің бас дирижері Арман Оразғалиев «Құр­мет» орденіне ие болды. Театр әртістері Айжан Мұқатова, Дарина Қайрашева, Сүндет Сұлтанов, Риза Қанатқызы мен ұстаз-репетитор Әсел Абақаева «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Риза Қанатқызы «Театр» аталымы бойынша «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды. Театр­дың жетекші солисті Сүндет Сұлтанов Тұңғыш Президенттің Мемлекеттік стипендиясына ие болды.

Театр басшылығы мәлім еткендей, «Астана Балет» театрының мерейтойлық маусымы 9 қыркүйекте ашылады деп жоспарлануда. Өнер ұжымы алдағы маусымда да өнімді еңбек етуге сақадай сай. Оның дәлелі – жаңа маусымда Альберто Алонсоның «Кармен-сюита», Георгий Ковтунның «Қар патшайымы» спектакльдерінің пре­мьерасына қызу дайындық басталып кетті. Сондай-ақ спектакль бейнелерінің имидждік түсірілімдері үшін Дарьян Волкова арнайы шақырылды. Ол – балет фотографиясының хас шебері, балет және арт-фотографияның халықаралық сайыстарының жеңімпазы, еуропалық және ресейлік ірі театрлардың прима-балериналары және солистерімен жұмыс істейтін танымал фотосуретші. Оның суреттері АҚШ, Германия, Ұлы­британия, Аустрия, Гонконг, Италия, Швейцарияның жекеменшік жинақ­­та­ры мен Орыс музейі мен Шереметьев сара­йы, РосФото музей-көрме орталығы­ның қорында сақтаулы. Алматы және Қазақстанның өзге де қалаларына ұйым­­дастырылуы жоспарланған гаст­рольдік сапарлардың да театрдың шы­ғармашылық қарымын танытуда маңызы зор. Демек «Астана Опера» мен «Астана Балет» театрларының мерейтойлық маусымынан күтер жаңалық мол.