Оқиға • 01 Тамыз, 2022

Халық әртісі Роза Әшірбекова өмірден өтті

483 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Халық әртісі, театр актрисасы 85 жасқа қараған шағында өмірден озды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Халық әртісі Роза Әшірбекова өмірден өтті

Қаралы хабарды М.Әуезов атындағы академиялық драма театр ұжымы жеткізді.

«Қазақ мәдениеті мен өнері орны толмас қазаға ұшырады. Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы, қазақ сахна өнерінің саңлағы, ҚР Халық әртісі Роза Әшірбекова 85 жасқа қараған шағында өмірден озды. М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ұжымы марқұмның жанұясына, жақындары мен күллі қазақ еліне қайғыра отырып көңіл айтады. Сіздің жарқын бейнеңіз көп көңілінде ұзаққа сақталары анық, деп жазылған М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының хатында.

Роза Әшірбекова 60 жылдан аса уақыт Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында еңбек етті. Актрисаның алғашқы рольдерінің бірі – Б.Тәжібаевтың «Қарагөз қарындасым» спектакліндегі Анна бейнесі.

Театр сахнасында сомдаған Ләззат (Т.Ахтановтың «Махаббат мұңында»), Хадиша, Сейде (Ш.Айтматовтың «Арманым Әселімі» мен «Бетпе-бетінде»), Шафақ (М.Кәрімнің «Ай тұтылған түнінде»), Гертруда (У.Шекспирдің «Гамлетінде»), Гиацинта (Мольердің «Скапеннің айласында»), Аркадина (А.Чеховтың «Шағаласында»), Клеопатра Львовна (А. Островскийдің «Адам аласы ішіндесінде») рөлдері Роза Әшірбекованың кәсіби шеберлігін танытып, қазақ сахна өнері тарихындағы шоқтығы биік бейнелерге айналды.