Әдебиет • 01 Тамыз, 2022

Магиялық реализм

1574 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Магиялық реализм» терминін алғаш рет неміс өнертану­шысы Франц Ро сурет өнеріне қолданды. Одан соң Ортега-и-Гассет магиялық реализмнің әдебиеттегі орны жайлы сөз қозғады. Латын Америкасы прозасында XX ғасырдың орта тұсында термин бірегей бағытқа айналып, әлем оқырмандарының жоғары қызығушылығына ие болды.

Магиялық реализм

Магиялық реализм – шы­ғар­маның магиялық, фантас­тикалық, мифтік сарындар ар­қылы көркемделген, терең­дікке сүңгіген түрі. Бағыт неге Латын Америкасынан кең түрде көрініс тапты? Латын Америка жері­нің арғы қоныстанушылары, тегі Түркіден тарағаны бүгінгі ғылымда дәлелденіп отырған үндістердің жеке мәдениеті, үнді аңыздары, үнді ауыз әдебиеті испантілді жазушылардың қы­зығушылығын тудырған еді. Бүгінгі испан қоныстану­­шы­ларының көп бөлігі кешегі үнді халқының ұрпақтары еке­ні де даусыз. Колумбқа дейінгі үнділік цивилизация, ацтек, майя, чибча, инки тайпалары­ның ойлау жүйесі, танымдық ерекшеліктері жазушыларға жаңа серпін берді. Әсіресе перулік кечуа тілінде жазып, кечуа халқының этнография­лық бай мұраларын жинаушы пірадар Франсиско де Авила еңбектері, Эльдорадо жайлы миф әзірлеуші Педро Симон, тупи тілі грамматикасының алғашқы авторы, Канариялық арал қоныстанушыларының ұрпағына жататын испан­дық пірадар Жозе ди Аншиета еңбек­тері – ақын-жазушы­лар­дың сана көкжиегін жаңа бағытқа бұрды.

Хорхе Луис Борхес, Габ­риэль Гарсия Маркес, Алехо Кар­пентьер, Жоржи Амаду, Хули Кортасар – біз айтып отыр­­ған мұзжарғыштар легінің авангардтары.

Кубалық Алехо Карпен­тьердің «Жер патшалығы» романында магиялық реализм мен «таңғажайыптар» бейне­сі көрінеді. Романда алғашқы Латын Американы жаулаушы халықтардың мифологиялық санасы мен құрлықтың алуан түрлі сиқырлы жады көрініс табады. Тұтас роман жолбарыс терісі түстес фантастикалық жолақтарға құрылған. Роман­ның басты кейіпкерінің бірі Макандаль оқыстан жоғалып кетіп, адамдарды әрі-сәрі күйге түсіреді. Әртүрлі жан-жануарға, жәндікке айналатын қабілетке ие болады. «Жаратушы аңға, құсқа, жәндіктерге айналу қабі­летін дарытқан Макандаль ­шы­нында да жазықтағы по­мес­тьелерге келіп тұратын-ды. Жақ­тастарын бақылап, олардың әлі де болса өзін күтіп жүргеніне көз жеткізетін. Сан түрлі сырт­қы өзгеріс арқылы жануар­лар­ға айналатын жалғызқол мүгедектігінен де құтыла алатын, әрі қалаған жеріне де барып тұра алатын. Бүгін қанаттыға айналса, ертесіне желбезекті балыққа айналып, келесі күні малша жортып жүрмек-ті. Енді бірде бауырымен жорғалаушы болып шыға келетін. Жерасты сулары, жағалаудағы үңгірлер, ағаштардың ұшары тегіс соған тиесілі еді».

Романдағы оқиға желілері қым-қиғаш, сан түрлі бояуларға толы. «Жер патшалығы» – ма­гия­лық реализмнің алғашқы қар­­лығаштарының бірі болатын. Борхестің «Ажалсыз» атты шығармасында фантастикалық, мифтік сюжеттер оқырманды өзге кеңістікке, жаңаша ойлауға үндейді. «Иллиаданың» соңғы томының арасынан табылған қолжазбаны баяндау арқылы Борхес түпсіз тұңғиыққа, Гомер дәуіріне сүңгіп, өзімен тікелей тілдеседі.

«Түні бойы көз ілмей шық­тым. Жүрегімде бір керемет­тер болып жатқан. Таң алдында орнымнан тұрдым. Құлдарым ұйықтап жатыр. Айдың түсі төңіректегі шөлейт даладан аумай қалыпты. Шығыс қапталдан үсті-басын қан жуған жаралы салт атты келе жатты. Маған бірнеше қадам қалғанда атынан ауып түскен. Ол әлсіреген дауыспен латын тілінде қала қабырғасын шайып жатқан өзеннің қалай аталатынын сұ­рады. Мен өзеннің Мысыр аталатынын, жауын суынан нәр алатынын айттым. Әлгі қайғылы дауыспен «менің іздегенім – адамдардың ажалын шайып тастайтын басқа өзен» деді. Кеуде тұсынан қоп-қоңыр қан саулап жатты. Жолаушы өзінің Ганганың арғы бетіндегі таулардан шыққанын, ондағы адамдарда «жердің шеті бітетін ең қиыр батыста суы адамға бақилық өмір сыйлайтын өзен жатыр» деген сенім барын айтты».

Борхестің осы үзіндісін оқып, оқырман санасы алыс түк­­­пірлер мен ну жынысты экзо­­тикалық орманға енгендей әсер алады. Жаратылыс жұм­бақ­тары өзі өлшеген сызғыштан әлдеқайда ұзын екенін аңғара­ды. Иә, Борхес ақыл-ой пернеле­рін соңғы түкпіріне дейін баса алған, шексіздік тілін меңгерген жазушы. Тіпті сана теңізі та­сы­ғанда тау кеуде Шекспирді ке­лекелеп, ол жайлы ойдан сю­жет құрады. «Ажалының ал­дында яки өлгеннен соң ол Құ­дайдың алдында болып: «қа­­те­ліктен бірнеше адамның кейпінде болыппын. Енді өзім – өзім болсам деймін» депті. Дауылдар арасынан Жарату­шы былайша пәрмен түсіріпті: «Менің өзім де – өзім емеспін; Шекспирім менің, сен жазған шығармалардай етіп, мен де бұл дүниені ойдан шы­ғар­ғам. Менің түстерімнің бір елесі – өзімнен аумай қалған өзіңсің! Оның мазмұны «бәрі болғансын – бірақ ешкім де емес­сің» дегенге саяды». Иә, паң Борхес, тәкаппар Борхес солай дейді. Сірә, ұлылардың бір-бірі­нің кеңістігіне әжуа добын лақтыруы бұл бір емес, мұндай «келеңсіз» оқиға көптеп танылады.

Магиялық реализм бағы­ты Орталық Азия әдебиетіне, оның ішінде қазақ әдебиетіне де едәуір ықпал етті. Бұл жайлы кеңірек сөз етуге болады.