Серіктесім Нұрсайын Шәріптің «ананы қара» деген сөзі қырық жамау құрақ көрпе секілді жолдан екі көзімді алмай келе жатқан мені еріксіз елең еткізді. Сонда да рульден айырылып қалмайын дегендей сығымдай ұстап, оң жаққа көз қиығымды салсам, алдымен қара түтіні будақтаған мұржа, одан әрірек іркес-тіркес орналасқан бірнеше вагон шалынды. Жақындай бергенде маңайында қыбырлаған адамдардың сұлбасы көрінді.
Сөйтсек, қайың көмірін шығаратын «Жігер» ЖШС-на тап келіппіз. Бригадир Олег Анатольевтің айтуынша, серіктестік 2018 жылы құрылған. Қаз-қатар қойылған 24 бөшкеде күніне бір тоннаға дейін өнім дайындалып, ағашты кептіру, қыздыру, қара май қосып қайнату секілді циклдардан тұрады. Маңында жас қайың тау-тау болып үйіліп жатыр. Обал-ақ. «Тәулігіне қанша текше метр ағаш жағылады, шірік қайыңды неге пайдаланбасқа?» деген сұрағымызға «ол жағын білмеймін, келісімшарт бойынша ағашты «Базилик» ұйымы жеткізеді. Біздің міндетіміз – қызуы күшті қайың көмірмен қамтамасыз ету», деген жауап алдық. Көрші қонған тағы бір ұйым да қайың көмірін әзірлеумен айналысады екен. «Айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» демекші, жапан түзде қайың ағаштарын емін-еркін жағып жатқандарына қарағанда, «әй» дер әже, «қой» дер қожа» жоқ сияқты. Рұқсатпен кесе ме, әлде ауыл іргесіндегі орманды оңды-солды отап жатыр ма, тиісті органдар назар аударатын мәселе екені анық. Оған қарағанда асфальт төсеп жүрген «Гранит-Сервис» кәсіпорнының тірлігі адам сүйсінерлік. Негізгі кеңсесі Бескөл кентінде орналасқан серіктестің жұмысшысы Григорий Сибонян Конюховоға дейінгі 20 шақырым жолға асфальт төселгенін, енді Октябрьдің жолы қалыпқа келтіріліп жатқанын айтты.
Бұрынғы балабақшаға қоныс тепкен Аққайың ауылдық округінің кеңсесіне жеттік. Аудан әкімінің орынбасары Азамат Шәріпов қарсы алды. Әкімдіктің жалпы мәселелер жөніндегі бас маманы Светлана Гулшос біраз жайтқа қанықтырды. 144 түтіні бар округ орталығының көшелері толық жарықтандырылған. Күшейткіш қондырғы орнатылып, ұялы байланыс қалпына келтірілген. Кең жолақты интернет жұмыс істейді. Бүгінде жолға күрделі жөндеу жүргізіліп, ауыз су тартылуда.
Аралас мектептегі 72 оқушының жартысына жуығы қазақ балалары екенін білім ошағының директоры Қанат Мерекеұлынан біліп, ішіміз жылып қалды. Яғни оқушылар осында көшіп келген 15 отбасының есебінен көбейген. Биыл тіке сайлау арқылы тұрғындардың сеніміне ие болған, түбі қазығұрттық Мақсат Есжанов әкімдік қызметке дейін мектепте еңбек еткен. «Сегіз қырлы, бір сырлы» азамат екені ісінен де, сөзінен де айқын аңғарылады. Төрт бала өсіріп отыр. Нұркен деген жерлесі өз кіндігінен өрбіген 5 балаға қоса, «Патронаттық отбасы» құрып, 4 баланы бауырына басқан. Қай-қайсысы болсын еңбек десе, емешегі үзіледі. Солардың бірі Қуатбек Кененбаев та оңтүстіктен солтүстікке «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қоныс аударған. Ол алға мақсат қойып, әрекет етсе, бәрі оңына келеді деп есептейді. «Атамекен» бағдарламасына қатысып, 6 пайыздық үстемемен 4 млн теңге жеңілдікті несие алған. Сол кезде сатып алған 4 ірі қара малы бүгінде 40 басқа жеткен. Бұдан бөлек қой өсіреді, бау-бақша күтімімен шұғылданады. Жергілікті тұрғындардан сатып алған бұзауларды бордақылап, қыруар табыс тауып жүр. Делдалдар өздері іздеп келіп, сойылған малдың әр кило етін 1 750 теңгеден алады. Мақсаттың қорасында да 15 ірі қара малы және жылқылары бар. Ол да Қуатбек сияқты көктемде 50-60 бұзауды сатып алып, бордақылап, күзде етке өткізеді.
Округ орталығындағы қазіргі көрініс осындай. Мұнда бір кездері интернат, монша, сауда орталығы, тұрмыстық қызмет үйі, шұжық цехы, шаштараз болды дегенге сену қиын, бірақ иланбасқа шараң жоқ.
«Бізді қойшы, өміріміздің жазы кетіп, азы қалды. Әлеуметтік жағдай жасалмағаннан кейін жастар қайтып тұрақтайды, оларға қайтып кінә артарсың? – дейді аудандық әкімдікте 35 жыл заңгер болып істеген Ирина Данилова. – Таяқ тастам жердегі Зарослоеде адам қалмады. Татьяна Федосеева деген әйел сонда үй сатып алып, мал өсірмек ниетте. Жалғыз-жарым ол не бітіреді? Балалары округ орталығында оқиды, мұнда қаншама оқушылар туыстарын сағалап жүр? Интернат неге салмасқа?».
Шекаралық аймаққа жататын Аққайың – аудандағы ең үлкен округтердің бірі. Оның құрамына 6 елді мекен кіреді. Өкініштісі, Суворовкада – 17, Зарослоеде – 10, Гавринода – 61, Хлеборовта – 57, Мичуринде 7 отбасы ғана қалған. Түгелге дерлік зейнеткерлер. Түменнің Сладковское ауданымен шектесетін Хлеборовта 25 оқушы ғана бар, 9 жылдық мектебі биыл жабылмақ. Қалған ауылдарда мектеп жоқ, балалар қатынап оқиды. Интернет, ұялы байланыс сияқты өркениет көшінен шет қалған. Мұндағылар Ресейде тұратын туыстарына бару үшін көрші елдің Есілкөл, Петухово елді мекендері арқылы 200 шақырымды айналып қатынауға мәжбүр. «Халыққа тиімді, оңтайлы жолдарын неге қарастырмасқа?» деп қара қазандай өкпелерін сыртқа шығарған октябрьліктер шекаралық аймақтардағы елді мекендердің мүлдем сиреп, әлеуметтік нысандар қалмағанына налиды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында ізімізді басып келе жатқан буынның азаматтық белсенділігі өте жоғары, жастардың құлшынысы зор екенін айта келіп, осы белсенділікті бәсеңдетпей, оларды жаңа мақсаттарға жұмылдыру қажеттілігіне тоқталған болатын «Жастарға қатысты келелі мәселе – жұмыспен қамту. Біз жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет», деп атап көрсеткен.
Өкінішке қарай, жергілікті билік өкілдері оңтүстіктегі облыстардан келген отбасылардың мал шаруашылығын жандандыру талпынысын, белсенділігін жете бағалай бермейді. «Өлмесең өрем қаптың» кері сықылды. Қуатбек бауырымыздың әлдеқашан тарап кеткен Камышловадан жайылымдық жер сұрағанына бақандай 4 жыл болыпты. Бос жатқан жерлер бола тұра үмітінің үзілгеніне қарадай күйінеді. Гавринодағы кеңсені сатып алуға өтінген екен, әлдекімдер бұзып әкеткен. Онда екіқабатты мектеп үйі де иесіз тұр. Бұл ауылдың жастары негізінен Ресейге кеткен. 115 тұрғынның бәрі – қарттар. Қолынан іс келетін азаматтарға жер телімдерін беріп, қолтықтарынан демеп жіберсе, салмақ салмас еді. Жасыратыны жоқ, халықтың қалаға жаппай көшуі шекаралық аумақтарға зардабын тигізіп отырғанын осы мысалдан-ақ бағамдауға болады. Олай болса, еңбек күші көп оңтүстік өңірлер тұрғындарының қоныстануына қолайлы мүмкіндік тудыру әр кез басты назарда болуға тиіс. Мұның еліміздің қауіпсіздігіне тікелей қатысы, стратегиялық мәні айрықша. Оған кезекті науқан ретінде қарайтын шенеуніктер қатты қателеседі.
«Күнгей жақтан көшіп келетіндердің отбасында кемі 6-8 жан бар. Жастайынан жерді еміп өскендіктен, мал мен бау-бақша өсіруге бейіл. Сондықтан көші-қон бағдарламасына өзгерістер енгізіп, отбасының әр мүшесіне 100 гектардан жер бөлуді міндеттеу керек», деген Қуатбектің ойына алып-қосарымыз жоқ. Иә, «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» басты қағидаты азаматтар мүддесі үшін жұмыс істеу десек, тұрғындармен тікелей қарым-қатынас жасап, олардың проблемаларын шұғыл түрде шешумен айналысу әкімдіктер мен оларға бағынышты ведомостволарға жүктелері сөзсіз. Бірақ әрдайым осылай бола бермейтіні өкінішті. Президенттің «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауындағы «Өз бетінше бизнеспен айналысқысы келетіндердің де көшуіне жағдай жасаған жөн. Көшіп келген азаматтардың үй салу ғана емес, ауыл шаруашылығымен айналысу үшін де жер телімдерін беру мүмкіндігін пысықтау керек. Сондай-ақ оларға мемлекеттік қолдау шаралары қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет», деген тапсырмаларының толық орындалмауы жауапкершіліктің жеткіліксіздігінен екені айтпаса да түсінікті.
Аудан әкімінің орынбасары А.Шәріпов та талай жылдан бері қордаланған, әлі шешімін таппай келе жатқан бір мәселенің ұшығын шығарды. Оның ойынша, шекараның шетінде, желдің өтінде күн кешіп отырған теріскей өңірлерде демографиялық ахуал өте алаңдатарлық. Сондықтан Үкімет арнайы бағдарлама қабылдап, қосымша қаражат бөлу тетіктерін ойластырса деген тілегін жеткізді. Екіншіден, табиғи туу көрсеткіші төмен болғандықтан, шағын жабдықталған мектептер жиілеп кеткен. Мәселен, 11 жылдық мектепте оқушы санының ең төмен шекті мөлшері 80 болуға тиіс. Теріскейде бұл талапты сақтау өте қиын. Оқушының аздығынан Хлеборов, Золотая Нива, Успенка мектептерінің жабылу ықтималдығы басым. Өйткені 9 жылдық мектептерде тиісті оқушылар саны 41 болудың орнына 27-30 ғана қалған. Сондықтан оқушылардың контингент шегін белгілеу құзыреті министрліктен алынып, аудандық әкімдіктерге берілгені жөн. Жағдай осылай жалғаса берсе, білім саласы бірыңғай бастауыш мектептерге айналып кетуі ғажап емес. Уақыт өте келе оған да зар болып қалуымыз әбден кәдік.
Ауылға механизатор, дәнекерлеуші, аспаз сияқты жоғары сұранымға ие мамандар даярлайтын колледж директорының орынбасары Батыр Әбілмәжінов араластырып оқыту ұсынысын алға тартты.
«Колледжде 180 студент оқиды. Оларға барлық әлеуметтік жағдай жасалған. Соңғы жылдары материалдық-техникалық база көп жаңартылды. Енді бізге бір мамандыққа оқыту үшін топта кемінде 25 студент болуға тиіс деген талап қойылып отыр. Әйтпесе, мемлекеттік тапсырыс берілмейді. Бұл мүмкін емес, әсірелеп айтсақ, аспандағы айды әпер деумен бірдей. Әрі кетсе, дәнекерлеуші мамандығына 2-3 қана өтініш түседі. Қолдан жасалған осындай кедергілер салдарынан жастар Ресейдің Есілкөл ауданындағы колледжге кетуге мәжбүр. Онда оқу тегін, екі жылдан кейін азаматтық автоматты түрде беріледі. Тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді. Отбасын құрса, несиелік жеңілдіктер жасалады. Бұдан кейін кері оралуы неғайбыл. Осындай миграциялық теріс ағымға тоқтау салу үшін алдымен жастарды жергілікті жерде оқытудың, тұрақтандырудың жолдарын ойластыру керек. Бір топта заңгерлік, бухгалтерлік мамандықтарын топтастырып, неге оқытпасқа? Мамандар жеткілікті, шетінен тәжірибелі. Адам ақылына сыймайтын мұндай келеңсіздікке тоқтау салмай болмайды. Әлеуметтік әріптестеріміз тарапынан кадрларға сұраныс көп, тұрақты жұмыс та, жайлы пәтер де ұсынып отыр. Менің пікірімше, жергілікті жастар тұрғылықты жерде білім алса, ешқайда кетпейді. Осы жағын ескермейтіні таңғалдырады», деді Б.Әбілмәжінов.
«Еңбек» бағдарламасы қабылданғалы ауданға 252 отбасы көшіп келген. Адамдардың саны – 961. Басым бөлігі Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстарынан, Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан қоныс аударған. Араларында кері қайтқандары да жоқ емес. Оның бір ұшы әлеуметтік жағдайдың толық жасалмауына келіп тіреледі. Жоғарыда сөз еткендей, бюрократтық кедергілер мен заңдық тетіктердің толық қарастырылмауы белгілі дәрежеде теріс ықпалын тигізіп жатқаны даусыз.
Ал жергілікті жастарды тұрғылықты жерлерде оқыту, тұрақтандыру мәселесі әлі басы ашық күйінде қалып отырған жайы бар. Соның бір мысалы, колледжде орын алған жағдай. Жастардың көбі ірі қалаларда тұрғысы келеді дегенді, урбанизацияны сылтау етпей, барынша экономикалық, әлеуметтік қолдау жасалса, орнығып қалуларына септігін тигізері күмәнсіз. Әйтпесе, қай жеңгенің менікі деген пиғылмен аңысын аңду, әліптің артын бағу ұшпаққа шығармайды. «Таяқтың екі ұшы бар» дегендей, теріскейдегі демографиялық ахуалды сырттан көшіп келген ағайындарымыздың және жергілікті халықтың, оның ішінде жастардың есебінен орнықтыру өзектілігін жоғалта қойған жоқ.
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде жұмыссыздық ішкі және сыртқы көші-қон үдерісіне байланысты күшейіп бара жатқанына екпін берді. Үкіметке ішкі экономикалық ресурстарды жұмылдыратын жаңа тәсілдер әзірлеуді тапсырды. Бұл ретте халықты өзге аймақтарға көшіру бағдарламасын түбегейлі қайта қарау керек екенін, шараларға қарамастан жастарды жұмыспен қамту мәселесі толық шешілмей келе жатқанын атап өтті. Бұл талаптардың шекаралық аумақтарға да толық қатысы бар.
Өмір ЕСҚАЛИ,
журналист
Солтүстік Қазақстан облысы,
М.Жұмабаев ауданы