Қазақстан • 01 Тамыз, 2022

Мемлекетшіл

266 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Қалтафон қоңыраулатты. «Махмұт Базарқұлұлы жақында жетпіс жасқа толатын еді... Сізден...» деп басталған өтініш-тілек таңданта қойған жоқ. Талайдан жолдас, дос болып келе жатқан азаматқа мерейжасы тұсында бірауыз жылы сөзін арнайтын шығар деп күту әбден-ақ табиғи. Несі бар, арнаймыз. Қарайлайтын, алаңдайтын ештеңе жоқ. Жетпістің аты – жетпіс. «Бір күн дәмдес болғанға қырық күн сәлем» дейді ғой біздің қазақ. Ал біздің өз кейіпкерімізбен етене аралас-құраласқанымызға биыл дәл отыз бес жыл толады екен. «35 күз. 35 қыс. 35 көктем. 35 жаз. Осал өмір емес-ау 35 жас» деп Мұқағали жазғандай, отыз бес жыл деген – біраз уақыт. Әйтеуір, бір адамды танып-білуге жететін уақыт екені анық.

Мемлекетшіл

Мұндайда, әрине, алдымен мақалаға қояр тақырыбыңды ойлап, бас қатырасың ғой. Танымал мемлекет қайраткері, саясаттанушы Махмұт Қасымбеков туралы жазылар мақаланы қалай атау орынды болар еді? Әрі ойлап, бері ойлап, ақыры осы тақырыпқа тоқтадық. Кейіпкеріміздің кісілік келбеті мен қайраткерлік қарымы туралы толғанғанда, азаматтың болмыс-бітімін танытатын түйінді тұжырым іздегенде осы сөзден артығын таппадық.

Махмұт Қасымбеков – мемле­кет­­шіл қайраткер. Онымен жа­қын араласа бастағалы бергі өмір осы ойды көңілімде дә­йім ор­нықтырумен келеді. «Жа­қын­ араласа бастағалы бергі» деп­ айтуымның да мәні бар. Мах­мұтпен бір мекемеде – Қа­зақ­стан Компартиясы Орталық ко­митетінің аппаратында 1987 жылдың басынан бірге жұ­мыс істегеніммен, оған дейін де га­зеттің, газет болғанда да Орта­лық комитет органының – «Со­циалистік Қазақстанның» ең­бек өтілі он екі жылдан асып үл­герген, редакция алқасының мүшесі ретінде ОК номенклатурасына қосылған қызметкері ретінде сол кездегі билік төңірегінде бой көрсете бастаған азаматтардың атына құлақ түріп, затына назар сала жүретіндіктен маған Махмұт Қасымбеков есімі біршама қанық еді. Оның аудандық, облыстық комсомол комитеттерінде хат­шы­лық қызметімен танылғанын, кейін республика комсомолының бас штабындағы жемісті жұмысы­мен көзге түскенін, әсіресе мық­тылығын өз көздерімен көр­мейін­ше ешкімді де мойындай қоймайтын әдебиет пен өнердің жас перілерінің арасында жақсы атымен аталып жүргенін, содан облыстық партия комитетіне, одан Орталық комитетке ауысқанын сырттай білетінмін. Атына құлақ біраздан қанығып қалғаннан кейін бе, жас жағынан менімен қарайлас деп ойламаппын. 1987 жылдың басында, жаңа ғана Орталық комитет нұсқаушысы қызметіне ор­наласқан бетте Насихат және үгіт бө­лімінің бір қағазын Жалпы бө­лімнің қызметтік хаттар сек­торы­ның меңгерушісі Махмұт Қа­сымбековке апарып, өзімен алғаш танысқанымда да ол маған атынан ат үркетіндей сол аппаратта талай жылдан отырған адамдай, менен бірнеше жас үлкен кісідей әсер қалдырғаны есімде. Сөйтсем, мұның өзі атқа жастай мініп, ерте есейген азаматтың табиғи қалпы екен. Орталық комитетке келгеніне сол кезде екі-ақ жыл толған екен. Онысын кейінірек білдім. Менен жасы кішілігі де кейін анықталды...

Махмұтты ерте есейткен билік баспалдақтары ғана емес. Әкесі Базарқұл – кешегі қанды соғысқа бастан аяқ қатысып, Ленинград, Великие Луки, Варшава, Берлин үшін шайқастардың бел ортасында болған, майданнан І топтағы мүгедек күйінде оралған ардагер азамат. Бұл әулеттің арғы тегі қасиетті Кенесары ханның отаршылдыққа қарсы күресінің әйгілі әскербасысы Ағыбай Қо­ңыр­байұлынан, жорықта жолы бол­ғыштығы аңызға айналып, Ақ­жолтай Ағыбай батыр атанған ба­бамыздан тікелей тамыр тартады. Егемендіктің елең-алаңында, 1992 жылы Айыртау-Сопы деген жерде Ағыбай батырдың 190 жылдығына дүркіреген той өткенде осы Махмұттың қатты қайрат қылғаны есімізде. Нағашы жұрт жағынан да осал емес. Анасы – Күләнда апамыз кезінде кесімді сөзімен аймаққа аты жайылған Кеншім бидің немересі. Он құрсақ көтерген кісі, солардан төрт бала ерте шетінеп, алты бала – төрт қыз, екі ұл­ды өсірген. Текті атадан тарағаны бар, өзінің етінің тірілігі бар, әйтеуір жап-жақсы дәулет құ­ра­ған Қасымбек кәмпескенің қара бұлты үйірілгенде әуелі қыр­ғыз­ жеріне кетіп, одан түрікменнің төрі­не дейін бой тасалауға мәжбүр бо­­лып, Мойынқұм, Шудың ма­ңайына соғыстың алдында ғана орала алыпты.

Адамның адамдығы сыналар бір тұс – бауырларына, ағайын-туысқанға қалай қарайтыны. Ма­хаңның әке соғысқа аттанғанда ана құрсағында қалған Бақыткүл, өзімен тетелес Бақытжан деген әпкелері, Жібек, Жамал есімді қарындастары, әулеттің кенжесі Серғалы (Серік) інісі туралы әңгі­мелері жаныңды жылытады. «Өзім­мен тете, 1949 жылы ту­­ған Бақытжан әпкемді әке-ше­шем еркелетіп Бикен деп атайтын. Бикен әпкем өмірдің өзі тым ерте есейткен дейтіндей, үй шаруа­сына пысық, өте сарамжалды жан еді. Өзі бала бола тұрса да, біз сияқты емес, отбасымыздың абы­ройын, оның ертеңгі күнін, тосыннан келіп қалуы мүмкін қонаққа дейін күні бұрын ойлап отыруға ақылы жететін. Ана­мыз ауруханада жатқан кезде қонақ келе қалса, абыржыған әкем осы Бикен әпкемнің бетіне қа­рай­тын. Сондайда ол бізден әл­­деқалай жасырып ұстайтын кәм­п­ит пен тәтті күлшелерді дас­тар­қанға әкеп қойып жататын. Шағын үйде Бикенге оларды біз­ден жасырудың қалайша «сәті түсе­тініне» біз таңғалатынбыз...», – дейді бүгінде Махмұт. Шағын үй демекші, Махаң оны да айтады. «Дүниені енді ғана тани бастаған үш-төрт жастағы шағымда баспанамыз қазақтың кәдуілгі қоржын үйі болғаны есімде. Біздің шиет­тей көпбалалы отбасымыз, қа­зақ­тың үзілмей келіп жататын қо­нақтары – бәріміз сол шағын үйде бір дастарқан басында отырып­ ас ішетінбіз. Ол – халықтың жа­дау тұратын, адамдардың дү­ние-мүлікке қызығып, соның соңы­на шырақ ала түсе қоймаған кезі еді. Тек 1965 жылы Ұлы Отан со­ғысының мүгедектеріне жәр­дем­ақының мөлшері көбейтіліп, адамдарға қосымша жұмыс іс­теу­ге ерік берілген кезде ғана отбасымыздың ахуалы ептеп жеңілдеген. Сол жылы шағын да болса, шатырлы үй салуды қолға алдық. Оның кірпішін құюға жасым он екіден асып, әжептәуір жұмысқа жарап қалған өзім де атсалыстым», – деп әңгімелейді. «Бірнеше бала алтыншы сыныпты бітірген жылы, жазғы демалыс кезінде аудандық тұтынушылар одағының Шудағы базасында же­міс-жидекке арналған жәшіктер құрастырып, соларды шегелеп, жұ­мыс істедік. Күн сайын әр­қайсымыз жиырмаға тарта жәшік құ­растырамыз. Бірнеше апта жұ­мыс істеп, сол еңбегіме азын-аулақ жалақы алғаным есімнен кет­пейді. Бұл менің алғашқы ең­бек­пен тапқан табысым еді. Қар­сы болғанына қарамастан, әкем­ді ба­зарға ертіп апартып, оған және өзім­е арзанқол шалбар сатып ал­ғанымыз да есімде», – деп те еске алады. Өмір оған ненің де қадірін білуді бала күнінен үйреткен.

Махмұттың мемлекетшілдігі­нің бастау-бұлағында ел тірші­лігі­мен ерте тыныстағаны да жат­қандай. ҚазПИ-дегі оқу ке­зінде бірінші курстан-ақ ком­со­молдың жұмысына белсене ат­са­лысып, жиын-жиналыстарда жиі сөйлей жүріп, факультет ком­сомол бюросының мүшесі, ұйым хатшысының орынбасары бол­ға­ны бір басқа, сол тұста институт өмірінің шырқын бұзып, төменгі курс студенттеріне әлімжеттік жасайтын бұзақы топты тәртіпке ша­қыруға қозғау салғаны, ақыры олардың кейбірін оқудан шығару туралы ректор бұйрығына қол жеткізгені, бір жылдан кейін ті­келей өзі араласып жүріп, жаңағы жігіттерді институтқа қайта ал­ғыз­ғаны, содан беделі бөлекше биіктеп, төртінші курстың басында институт комсомол комитеті хатшысының орынбасарлығына сайланып, жоғары курстарда әрі жалақы, әрі арнаулы стипен­дия алғаны бөлек бір хикая. «Жігітті жұрт мақтаған қыз жақ­таған» дегендей, қазақша да, орыс­ша да суырыла сөйлеп тұр­ған сұңғақ бойлы, аққұба жігіт кімге ұнамасын, оған сонау жер түбіндегі Зайсаннан келген курс­тасы Зәурештің көңілі қалай құ­ламасын, ақыры бұлар үшінші курсты бітіретін 1973 жылдың жа­зында тағдыр тоғыстырып, үй­лену тойын жасаған. Ана бір жылы, Зәуреш екеуінің отас­қан­дарына 35 жыл болғанда біз­дің Махаңның бұрын көрсете қой­майтын өнерін шығарып, жан жарына арнаған өлеңдерін оқып, жиналған жұртты риза еткені бар. Махмұттың жырларына әде­мі әндер де жазылған. Қос тіл­де қатар көсілетін қаламгердің бірнеше кітабы жарық көрген. Ішінде ғылыми монографиясы да, саяси публицистикасы да бар.

Мемлекетшілдік ұғымын тек тәуелсіз Қазақстан тағдырымен бай­ланыстыру – біржақтылық. Жұмысын жақсы істеген, балаларын жақсы тәрбиелеген әрбір адам – мемлекетіне қызмет еткен адам. Әрине, тәуелсіздік таңы ат­қалы бергі мемлекетшілдіктің, еге­мен ел болу жолындағы жұ­мыстың жөні басқа. Әйтсе де, ке­шегі қоғамда да елдің ертеңін қам­даған ерге, адалдықты ту еткен адамға, жұртқа жақсылық жа­сауға ұмтылған жанға мемлекет мүддесіне еңбек етудің жолы жеткілікті болатын. Мах­мұт Қазақ педагогика институтынан студенттердің құрылыс отряд­тарын жасақтаса да, меха­ни­каландырылған отрядтар ұйым­дастырып, оларды Торғай даласына аттандырып жатса да, Фрунзе аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы ретінде жас ға­лымдар еңбектерінің жарық кө­руіне, олардың өз өнерта­быс­тарына патент алуына көмектессе де, Алматы қалалық комсомол ко­митетінің хатшысы қызметінде жастардан шұғыл жасақтар құр­ғызып, олар түннің бір уағына дейін қоғамдық орындардағы, көшелердегі тыныштықты сақ­­тау­ға қолғабыс тигізсе де, Алматы облыстық комсомол ко­ми­­тетінің хатшылығында жүр­генде ауылда қалып, еңбек еткен жастардың кейін жоғары оқу орындарына белгілі бір же­ңілдікпен түсуін көздейтін қау­лының қабылдануына қоз­ғау салса да, комсомолдың Ор­талық комитетінде насихат­ және мә­дени-көпшілік жұмыстар бө­лімінің меңгерушісі қызметіне шақырылғанында талантты жас­тардың көзге түсуіне көмектессе де, қысқасы, қандай жұмыс ат­қар­са да, айналып келгенде, мемлекеттің мүддесіне қызмет ететін.

Махмұт Қасымбековті қыз­мет жолы өмірдің небір өтке­лек­терінен өткізді. Талай-талай ситуацияларға салып сынады. Жалпы бөлім деген – жан-жағынан жел үрлеп тұратын жер. Талай тағ­дырлардың тоғысатын тұсы. Талай пікірлердің соғысатын тұсы. Соның бәрі мылтықсыз май­­дан түрінде, үн-түнсіз, қағаз бе­тінде жүріп жатады. Махмұт айт­қан әңгімелердің біреуін келтіре кетейін. Колбиннің тұсында Қо­наевты жерден алып, жерге сал­ған көп хаттың бірін жазған бі­реу онысымен қоймай, бірінші хат­шының қабылдау бөлмесіне теле­фон шалып, сондай сипатта хат жолдағанын басшыға жет­кізу­ді сұрапты. Басшы әлгі хатты тез өзіне беруді бұйырады. «Таң­ертеңгі поштамен келген ол хатты мен көргенмін. Жа­ңа­­ғы қандасымыздың заманға күй­­леген намыссыздығына іш­тей қа­ным қайнаса да, тәртіп бо­йын­ша тіркеуге өткізгенмін», – дей­ді Махмұт. «Сол екі арада жо­ғары­дан пәрмен келіп, әлгі хат­ты бөлім меңгерушіміз із­де­те қалды. Әбігерге түстік. Хат сек­торын­дағы қызметкерлер әбден қарап-қарап, ондай фамилиямен тіркелген хат жоқ дегенді айтты. Енді қайттік? Көргенім, оқығаным анық. Тіркеуге бергенім анық. Қабылдау бөлмесінен қайта-қайта хабарласып, дігерлеп барады. Кінәлі адам мен болуға ай­налдым. Бір кезде машбюрода жұмыс істейтін Ольга Ни­ко­лаевна Бондарева деген кісі бөл­ме­ме кірді. «Ол хат менде еді...» деп қолыма құжатты ұстатты». Сонда не болған дейсіз ғой? Сөйт­се, жаңағы машинистка әйел Қонаевты қаралап жазған хат­ты тіркемеуге, тіпті реті келсе, жойып жіберуге ниет етіп отыр екен. Димаш Ахметұлының қа­ра­ма­ғында көп жыл жұмыс істеген қа­рапайым адамның қолынан келген көмегін көрсетпек болғаны... Махмұт осыны толқи отырып әңгі­мелейді. Мұндай жағдайлар көп.

Әрине, Махмұттың адам ре­тінде де, азамат ретінде де, қыз­мет­кер ретінде де, қайраткер ре­тінде де қайнап-пісіп, қатты шың­далуына қылшылдаған қырық­тың қырқасына жаңа жеткен шағында, ел тарихының аса бір жауапты белесінде Президент Әкім­шілігінде қызмет атқаруға кі­рісуінің мәні бөлекше болды. Оның мемлекетшілдігі де тәуелсіздік тұсында тыңнан түле­ді, жаңаша жарқырады. Махмұт Қасымбековтің мемлекет бас­шысының жанындағы жұмысы егемендіктің елең-алаң шағында-ақ басталған еді. Дәлірек айтсақ, ол аппаратта 1990 жылғы 24 сәуір­ден – елімізде президенттік бас­қару институты енгізілген күннен, яғни 29 жыл бойы жұмыс істеп келді. 2019 жылдан бері Тұңғыш Президент Кеңсесінің бас­шысы қызметінде.

Президент Әкімшілігінің ал­ғаш­қы басшысы Нұртай Әбіқаев­­тың ұйымдастыруымен, тап­сы­руымен, қадағалауымен тәуел­сіз­діктің бастапқы белесінде аппарат қызметкерлері, ең алдымен Махмұт Қасымбеков бас­қарған Жалпы бөлім атқарған жұмыс – елдік тарихымыздың елеулі бет­терінің бірі. Осының алдында Орталық комитет аппаратында бес жыл жұмыс істеген Мах­мұттың өзі Президент аппаратын құру жайында шешім қабыл­данғанда қатты қиналғанын айтады. «Оған дейін біздің барлық тапсырмамыз Мәскеуден келетін, біз соларды орындаумен ғана оты­ратынбыз. Керек қағаздарды Қазақ­стан жағдайына бейімдеп қана жазатынбыз. Президенттік институтты енгізу арқылы Нұр­сұл­­тан Әбішұлы елді дербес мем­лекет болуға дайындай бастады», дейді ол.

Қазақы ортада өсіп, қазақша мектеп бітірген, одан кейін талай жыл бойы комсомолдың, партияның басшылық мектебінен өте жүріп, орысшаға да әбден ысыл­ған Махмұттың екі тіл­ге бір­­дейлігі де тіліміздің тәуел­сіз­дік табалдырығында тұғжың­дап қалмауына көп көмектесті. Сол тұста ең негізгі ұғым-термин­дер­дің өзі қайтадан аударылған бо­латын. Мысалы, «указ» соған дейін «үкім» күйінде алынып кел­ген. Былайша қарағанда оның «жарлық» делінбейтіндей түгі жоқ сияқты. Бірақ олай етуге рұқсат жоқ. Неге десеңіз, жарлық бір жерден – Мәскеуден ғана шығуға тиіс... Сонымен, «указ» «жарлық» күйінде алынды да, «үкім» сот шешіміне қатысты айтылатын болып шешілді. «Распоряжение» баламасына «өкім» сөзі алынды. Ал «светское государство» сияқты тың, күрделі ұғымдарды «зайыр­лы мемлекет» деп қабылдау жө­ніндегі ұсыныстарды Махмұт Ба­зарқұлұлының кабинетіне кә­сіп­қой аудармашыларды арнайы жинап тұрып, ақылдасып барып жа­сағаны есімде. Аудар­ма де­мекші, барлығы орыс ті­лін­де әзірленетін бума-бума құ­­жат­­тар­ды қазақшаға жедел ауда­­рып отырудың қандайлық қиын­­дыққа түскенін айтудың өзі артық. Әсіресе, Жоғарғы Кеңес өзін-өзі таратқан 1995 жылы Пре­­зидент бар жауапкершілікті өзі­не алып, бір жылда заң күші бар 139 жарлыққа қол қойғандағы қар­балас күндер мен түндер ерек­ше есте. «Бұл қиындықтан біз мамандарымыздың тәжірибелі­лігі мен біліктілігінің және уақыт­пен санаспай жұмыс істеуі­нің ар­қасында ғана абыроймен шығып отырдық. Қызмет­кер­лері­­міздің бір күнде 150-200 бет­­тей заң мәтіндерін аударған кез­дері де болды», дейді ол. Ал Пре­зиденттің күнбе-күнгі жұмысын ұйымдастыруға көмек­тесу, жұ­мыс кестесін түзу, қабыл­дауға сұран­ған адамдарды елеп-екшеу, тиісті ақпараттар алдырту, олар­ды жинақтау, дер кезін­де жеткізу, түрліше жиын-жиналыстарды дайындау, ағыл-тегіл келіп жататын поштамен жұ­мыс істеу сияқты бітпейтін де қой­майтын қат-қабат шаруаның бәрін сырт-сырт соққан сағат тіліндей мүлтіксіз жүргізу өз алдына бө­лек әңгіме. Қасымбековтің қадал­ған жерден қан алар бюро­крат­тығының, сыннан өткен саясаткерге тән сақтығының пайдасы да сондайда тиеді. Пайдасы тиеді демекші, «Егемен Қазақстанның» басшылығында болған он алты жылдың ішінде Махмұттың талай көмегін көргенімді тойының тұсында атап айтуды парыз санаймын. Тұңғыш Президентпен 2011-2015 жылдар аралығында әр тоқсан сайын дерлік жүздесіп жүріп, көлемді сұхбат кітабын дайындап шыққанымызда Мах­мұттың қатты қолғабыс жасағаны, акционерлік қоғамның жеті қабат­тық дербес ғимаратын, екі көп­пәтерлі үйді, екі жатақхананы тұрғызатында, сөйтіп қызмет­кер­лерді түгелдей үйлі-жайлы ете алған тұста тиісті қағаз­дары­мыз­ды мемлекет басшысының алдына жеткізіп, тапсырмасының ойдағыдай орындалуын қадаға­лап отырғаны ешқашан ұмытыл­майды.

М.Қасымбеков ата-баба­ларымыздың көшпелі өмір сүр­гені, қағазға жазылған құ­жат­тар көп сақталмағаны, мұ­ның өзі елдің тарихын жазуға қиын­дық келтіретіндігі жайында көп ойланған, көп толған­ған, сондықтан да өз билігі­міз өз қо­лымызға тигенде мемле­кет­­тілігіміздің деректі жазбаша та­рихын қалыптастыру жө­нін­дегі жұмысты ұйымдастыру қа­жеттігін егемендіктің елең-ала­ңын­да-ақ анық сезінген. Солай болғандықтан да ол еліміздегі пре­зидент институтының қаз ба­суы, қалыптасуы, орнығуы жө­нінде көптеген мақала жаз­ды, бұл тақырыпта алдымен кан­ди­даттық, одан кейін док­тор­лық дис­сертация қорғады, Мем­лекет­тік басқару академия­сында осы тақырыпта талай-та­лай дәріс оқып, профессор ата­ғын алды. «Институт президентства как инс­трумент полити­ческой мо­дернизации» атты ол мо­нографиядан («Елорда», 2002) мем­лекеттілігіміздің мы­ғымдануындағы басты-басты белестер жөнінде ордалы ойларды, байыпты ғылыми тұжырымдарды молынан табасыз. Нұрсұлтан На­зар­баев туралы кітабының алғы­сөзінде Махмұт былай жазған еді: «Кітапқа менің әр жылдарда жазған очерктерім топтастырылып отыр. Олардың бірқатары орталық газеттердің беттерінде жарияланған. Мен онда Президент өміріндегі өзім куә болған, әрі ең маңызды, ең елеулі-ау деп санаған жайттарды қысқаша баяндап беруге тырыстым. Алайда болмысты өз бетіңше баяндаудың өзі, қалай дегенмен де, нақты зерделеушінің жүрек сүзгісінен, құн­дылықтар өлшемінің призмасы­нан өткізілген таным-тү­сінік екені сөзсіз. Сол себепті кі­тап парақтарында автордың өз көз­қарастары мен пейілін аң­ғартпау мүмкін болмай қала­ды екен. Ондай субъективизм­нен менің де бой тарта алмағанымды мойындаймын. Бірақ өз кіта­бым­ды алғашқы парақтан соң­ғы параққа дейін адал жазуға талпынғаныма сіздерді сендір­гім келеді». Шынайы сөз. Қай қалам­гердің де толық объективтілікке қол жеткізуі мүмкін емес. Ақи­қат бел ортада жатады. Кешегі кеңестік кезеңдегі кеткен басшыны шетінен қаралай беретін көркеуделік бәріне кең қарай­тын қазақ ұлтына, даланың дана жұр­тына көшпеуі керек. Назар­баев билік құрған кезең – тарих еншісі. Бәрінен бұрын болашаққа көз тігу маңызды. Ең бастысы – На­зарбаевтың жетістіктерінен та­ғылым алу, кемшіліктерінен сабақ алу.

Махмұт Қасымбековтің жылдар бойы мемлекет басшысының жанында жүруі, қызмет бабына байланысты алдында жиі бо­луы, жұмысына қатысты құжат­тардың барлығының дер­лік жай-жапсарынан жақсы хабар­дарлығы оған шын мәнінде Тұң­ғыш Президент қызметінің ше­жіресі арқылы тәуелсіз мемле­кет­тілігіміздің шежіресін түзіп шы­ғуға мүмкіндік берді. Махмұт Қасымбеков бұл жөнін­дегі ойларын, пайымдарын, толғаныс­тарын ұдайы қағазға түсіріп, жүйелеп жазып келді. Алдымен «Егемен Қазақстанда» жарияланып жүрген тартымды тарау­лар кейіннен қалың кітапты құ­рады. Бірнеше шет тіліне аударыл­ған кітаптың Бейжіңдегі, Анка­радағы, Ыстамбұлдағы, Абу-Да­бидегі, Дубайдағы тұсаукесер­леріне қатысқанымыз бар. Бәрінде де сөйлегенбіз. Тарих ғы­лым­дарының докторы, Ыстам­­бұлдағы Мимар Синан көркем­өнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қара сол оқиға жайында жазған мақаласында біздің сөзімізді былайша жеткізіпті: «Кітап авторы – егемендіктің елең-алаң шағынан бері келе жат­қан көрнекті қайраткер, белді ғалым, қарымды қаламгер. Ең бас­тысы – мемлекетшіл тұлға, елшіл азамат. Махмұт Базарқұл­ұлымен осыдан ширек ғасыр уа­қыт бұрын партияның Орталық комитетінің аппаратында қатар жұ­­мыс бастаған, содан бері қа­нат­тас келе жатқан адам, дос ре­тін­де мен мұны сеніммен айта ала­мын».

Сол сөзімізді Махмұттың мерейтойы тұсында да қуаттаймыз.

 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

Мәжіліс депутаты