Біріншіден, Үкімет бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеру және әлеуметтік төлемдерді индекстеу жөніндегі барлық әлеуметтік міндеттемені орындайды. Екіншіден, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жұмыс орындарын құру, біліктілікті арттыру, жаңа дағдыларды игеру, сондай-ақ табысы төмен әлеуметтік осал топтарды қолдау арқылы табысы жоқ азаматтардың экономикасына әлеуметтік ықпалдасу шаралары кешені қолға алынып жатыр. Үшіншіден, еңбекақыдағы алшақтықты қысқарту және өндірістік персоналдың жалақысын өсіру бойынша бизнес қоғамдастықпен бірлесіп қабылданған жүйелі шешімдер – еңбек адамының табысын арттыруда сараланған тәсіл.
Жалпы, Үкімет халықтың табысын арттыру жөніндегі міндетті кезең-кезеңімен шешуде. Осылайша, бағдарламаның тікелей іс-шаралары аясында бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша бюджет саласының 850 мың қызметкерінің, квазимемлекеттік сектордың 240 мың өндірістік персоналының, 1,2 млн бизнес-құрылым қызметкерлерінің жалақысы ұлғайды, әлеуметтік төлемдер индекстелді.
Ал жанама іс-шаралар экономиканы индустрияландырумен және әртараптандырумен, кәсіпкерлікті дамытумен ұштасатын нәтижелі жұмыспен қамтуды жолға қоюға бағытталған.
50 компанияның ірі инвестициялық жобаларды іске асыруының мультипликативтік әсері – олардың айналасында шағын және орта кәсіпорындар белдеуін құру және өндірістерді оқшаулау. Бұл өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді және жаңа жұмыс орындарын құруды қамтамасыз етеді. Инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде 2025 жылға дейін 2 млн-нан аса жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып жатыр. Оның ішінде 2022 жылы 444 мың жұмыс орнын құру көзделген. Бүгінде 249 мың жұмыс орны құрылды, яғни, жылдық жоспардың 56%-ы орындалды деген сөз.
Жұмыс орындарын құру бойынша жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу – барлық деңгейдегі әкімдердің басты міндеті. Барлық көрсеткіштер өңірлік жұмыспен қамту карталарында негізге алынды, бұған тұрақты мониторинг жүргізіледі.
2025 жылға дейін 266 мыңнан аса жұмыс орнын құруды көздейтін негізгі 847 инвестициялық жобалар пулы қалыптасты. Олар дайын өнімнің импортын алмастыруға және экспортына бағытталған. Өнеркәсіпті дамыту қоры қарсы міндеттемелерді орындау шарттарында жеңілдікті мөлшерлеме бойынша 305 млрд теңге сомасында қаражат бөлуді көздейді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жастар практикасы» жобасы (23,5 мың адамды қамту) бойынша тағылымдаманың ұзақтығы 6 айдан 12 айға дейін, ал «Алғашқы жұмыс орны» жобасы (96 мың адамды қамту) бойынша 12 айдан 18 айға дейін ұзартылды.
2022 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 546 жастар гранты берілді, 1,1 мың жас алғашқы жұмыс орнына тұрды, Жастар практикасымен 8,6 мың жас қамтылды. Колледждер жанынан 21 шағын кәсіпорын (жоспарланған 100 кәсіпорыннан) құрылды, жоғары оқу орындары жанынан 63 мансаптық орталық (103-і жоспарланған) ашылды.
Халықтың әлеуметтік осал топтарына (оның ішінде үйден шықпай) тұрақты табыс табуына мүмкіндіктер жасалып жатыр. Отбасын қолдау орталықтары (ел бойынша – 35) «бір терезе» қағидаты бойынша (заңдық, психологиялық, әлеуметтік, тұрғын үй және т.б.) кешенді кеңес береді. Мысалы, көп балалы отбасы мүшелерін сұраныстағы мамандықтарға қысқа мерзімді оқыту, өз бизнесін ашуға қолдау көрсету, отбасы институтын нығайту жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу басым бағыт болып саналады.
Сонымен қатар мүгедектігі бар еңбекке қабілетті 419 мың адамның 104 мыңы немесе шамамен 24,8%-ы жұмыс істейді. «Күміс жас» жобасы бойынша 226 адам жұмысқа орналастырылды.