Медицина • 02 Тамыз, 2022

Желкедегі ісікпен жиырма жыл жүрген

360 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Күн сайын Алматы ауруханаларына түрлі кеселдермен нау­қастар түсіп жатады. Ақ желеңді мамандардан шипа тапқан мыңдаған адам күн сайын алғысын айтып, отбасына ора­лады. Алайда олардың арасында айрықша оқиғалар да бар. Мәселен, мегаполистегі №1 қалалық клиникалық ауру­ха­на­ның Амбулаторлық хирургия орталығында шағын оталар жа­салғанымен, желкесінде липома бар 73-тегі зейнеткерге жа­салған операцияның жөні бөлек. Пациент желкесіндегі ісік жиырма жыл бұрын пайда болған.

Желкедегі ісікпен жиырма жыл жүрген

«Томпайып көзге қораш кө­рі­нетіні болмаса еш ауыр­ған жоқ. Бұрын түрлі себептермен операция жасата алмай жүр­дім. Жақында таныстардан ісікті міндетті әлеуметтік меди­ци­на­лық сақтандыру есебінен тегін жасатуға болатынын естіп, ауру­ха­наға бардым», дейді зейнеткер.

Пациентке амбулатория дең­гейін­де жоспарлы операция жасалды. Операция жасалатын жер­ді жансыз­дандыру арқылы жасалған ша­ғын хирургиялық ма­нипуляция бар болғаны 20 минутқа со­зылған. Қазір операция орнында бі­лінер-білінбес тыр­тық қалды.

Амбулаторлық хирургия ор­та­лы­ғының жетекшісі Марат Ме­наяқов операция жасау үшін белгілі бір анализдер мен тексеру нәтижелері талап етілетінін айтады. Қажетті сараптамалар­дан кейін пациентке бірден операция жа­салады. Яғни ол үшін ауру­ха­наға жатып емделудің қажеті жоқ.

­«Пациенттің мойнындағы ісік­тен биопсия алынды. Нәти­же­сінде, оның майдан түзіл­ген липома екені анықтал­ды. Жалпы, мұндай ісіктерге операция жа­салғаннан кейін пациент бір­неше сағаттан соң үйіне қай­­тады. Содан соң екі күнде бір рет жарасын таңдыруға келіп тұрады. Тігістің жібі 10-12 күн­нен кейін алынады», дейді хирург.

Алайда мамандар оның әр­түрлі факторлар салдарынан қа­­терлі ісікке айналып кетуі әб­ден мүмкін екенін жоққа шы­ғар­майды. Сондықтан мұн­дай ісік­терді дер кезінде алып тастаған жөн.

Ал №1 қалалық клиникалық аурухана жанындағы Амбула­тор­­лық хирургия орталығында ашыл­ғалы бері өткен айда осы­ған ұқсас 20 шақты шағын операция жасалды. Хирургиялық кө­мек мін­детті әлеуметтік меди­ци­на­лық сақ­тан­дыру шеңбе­рін­де және ақы­лы негізде көр­се­тіледі. Хи­рург­тер липома, атерома, гигрома сынды тағы да басқа қауіпсіз ісік түрлеріне, шап­тағы және кіндік тұсындағы жарық­тар­ға операция жасайды, варикозды емдейді.

«Амбулаторлық хирургия орта­лық­тары көпшілікке өте ың­­ғайлы. Пациент мұндай орта­­лық­тарда операция жасату үшін аса көп анализ тапсырмайды. Оның үстіне, сақтандырылған азамат­тар тиісті сараптамаларды тіркелген емхана арқылы тап­сырып, инстру­мен­талдық зерттеулерден де МӘМС шең­бе­рінде өте алады», дейді Меди­ци­налық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев.

 

АЛМАТЫ