06 Мамыр, 2014

Таңдау пәндерін қалай таңдап жүрміз?

2840 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
ЕНТ-2 Мемлекеттің өркендеуі адами капиталға, оның ішінде сауатты ұрпаққа тікелей байланысты. Содан да болуы керек Елбасы Тәуелсіздік алған жылдардан бері осы мәселені жиі көтеріп, әр жыл­ғы жолдауларында нақты тап­сырмалар беріп келеді. Жал­пы, білім беретін мектепті бітіру­ші тү­лектеріміз жоғары оқу орын­да­­­ры­на түсуі кезінде таңдау пән­дері бел­гіленген. Олар сол бойын­ша ҰБТ сынағында тест тапсырып, мем­лекеттік грантқа ие болып жүр. Осы арада айтарым, 11-сыныпты бі­­­тірушілердің таңдау пәндері жай­­­лы жұртшылыққа ой тастау еді. Жалпы білім беретін мектепте барлық пәндер Білім және ғылым министрлігі бекіткен стандарт бойынша оқытылады. Сол арқылы жастар белгілі дәрежеде білім алады. Бірақ ҰБТ-ға жоғары деңгейде дайындықпен қатысу, қалаған мамандығына қол жеткізу үшін олар барлық пәнді оқи бермейді. Тек болашақ мамандығына қажет пәндерді ғана жаттап алуға тыры­сады. Айталық, қазіргі кезде болашақ экономист, программист, архитектор, инженер мамандығын алғысы келетін үміткерлер үшін таңдау пәні география белгіленген. Оқушылар 9-сыныптан бастап осы пәнді жан-жақты оқиды. Яғни, олар дүниежүзілік картада көрсетілгендерді, өз Отанымыздың географиялық ауқымын толық жаттап алуға тырысады. Бұл олар­дың логикалық ойлауына кері әсер етпей қоймайды. Жаттап алған дүние адамның ойында ұзақ жүр­мейді. Уақыт өте келе ұмы­тылып қалады. Айталық, жоға­рыда айтқан экономист, програм­мист, архитектор, тағы басқа мамандықтар бойынша оқитын студенттер университеттер мен ака­демияға түскен соң әлгі география пәні қосалқы қызмет атқарып, негізінен жоғары математикаға ден қояды. Сонда 9-сыныптан бастап 3 жыл бойы таңдау пәні болған география жайына қалады. Әрине, ҰБТ-да түлектердің бәрі де математикадан емтихан тап­сырады. Дегенмен, ол кезде дәл география пәніндей жан-жақты оқи қоймайды. Осыдан түйер ой, болашақта эко­номист, программист, архитектор болғысы келетін үміткерлерге мате­мати­ка­дан да тереңдетіп білім беру керек тәрізді. Жалпы, математика пәнін жақсы оқыған оқушы қай маман­дықты болсын игеріп кетеді. Академик Асқар Жұмаділдаев: «Математика ең алдымен оқу­­шы­лардың дұрыс ойлау мәде­ние­тін қалыптастырады, дамы­тады және оны шыңдай түседі» десе, «Математика – бар­лық ғы­лым­ның патшасы» дейді К.Гаусс. Бұл сөздердің де аста­ры тереңде жат­қаны анық. Қай­талап айтамыз, жо­ғарыдағы ма­мандықтарға келе­шекте геогра­фиядан гөрі, мате­ма­тиканы таңдау пәні етіп алсақ ұтылмас едік. Ойды ой қозғайды демекші, адам жанының арашасы болатын келешек дәрігерлер жоғары оқу орындарына түскен кезде олардың таңдау пәні биология болып саналады. Бұл арада да талапкерлер сол пәнді жан-жақты оқып, тестте көрсетілген сұрақтардың жауабын ой өресі жеткенше жаттап алады. Иә, биология үлкен ғылымның саласы. Оның терминдерін не болмаса атауларын уақытша жат­тап алғанның пайдасы шамалы. Мысалы, индустриялық-иннова­циялық технологияның дамыған кезінде сырқат диагнозын қою, дәрінің құрамын білу, анализдерін сараптау кезінде биологиядан гөрі химия пәнінің, яғни химия ғылымының орны бөлек. Осыған орай, менің ұсынысым – болашақ дәрігерлердің таңдау пәндері химия мен биология болса деймін. Бұл арада ҰБТ бойынша тест тапсыратындар тек дәрі-дәрмек саласын таңдағандар ғана химияны таңдау пәні етіп алатынын білемін. Дегенмен, медицинаға химия пәні жақын екенін естен шығармай, мектептен бастап осы саланы тереңдетіп қолға алсақ құба-құп. Ал мұнай-газ саласын таңдаған талапкерлердің таңдау пәні химия емес, физика. Сөзім дәлелді болу үшін мысалға жүгінелік. Бен­зиннің түрлері химиялық жолмен өзгертіліп отырады. АИ-72 мар­калы бензинде химиялық зат – қор­ғасын тераэтилаты жоқ. Ал АИ-76 маркалы бензинде тераэтилаты бо­лады. Мұны химиялық заттар­­­­дың қосындысымен өзгертіп отырады. Көпті толғандырып жүрген тағы бір мәселе бар. Ол жоғары оқу орындарына түскен студенттердің білім сапасының төмендегендігі. Шындығында, мамандыққа дайындайтын білім ордаларының оқытушыларымен ой бөліскенде олар да бұл пікірді қолдайды. Мұның себебі не, дегенге келетін болсақ, яғни менің мектептегі қызметімнің нәтижесіне сүйенер болсақ, мұғалімдер 9-сыныпқа дейін барлық пәндерді жан-жақ­ты оқытады. Кейін таңдау пәндері дегенге жеткен тұста оқушылар көбіне көп соған ден қояды. Ата-аналары да ҰБТ-ға дайындықты бастап кетеді. Сенің бүкіл өміріңді сарп етіп берген білімің жайында қалып, таңдау пәндері бойынша ақылы түрде оқытуға көшеді. Осылайша, екі ұдай ойда жүрген оқушы ҰБТ-ға керек кітаптарды жаттаумен жүріп, өзге пәндерге мән бере қоймайды. Осыдан кейін тиісті балл жинап, жоғары оқу орнына түскен соң мектепте оқы­ған пәндері бойынша білім салыс­тыр­ғанда олқы соғып жатады. Оның үстіне үш жыл бойы жан са­лып оқыған таңдау пәндері сырт қалып, өзге пәндер тереңдетіліп оқы­тыла бастағанда олар қатты қина­лады. Ендеше, ҰБТ-ға таңдау пән­дерді алғанда осы жағын да ойластыру керек секілді. Сөзімнің түйінінде айтарым, жоғары оқу орындарына түсу кезінде әзірлік жасайтын таңдау пәндерін мамандығына қарай таңдасақ ұтылмас едік. Себебі, көп жағдайда оқушылар осы таңдау пәндерінің жетегінде жүріп өзге пәндерден білімсіз қалып барады. Заман талабы мұны көтеретін емес. Білім мен білігің болмаса, ісің ілгері баспайды. Соған орай, ҰБТ-ны ұйымдастырушылар таңдау пәндерін қайтадан бір сараптан өткізсе деген пікірдеміз. Молдахан СОВЕТХАН, Астана қаласы №51 мектеп-гимназиясының жоғары санатты мұғалімі.