Өнер • 02 Тамыз, 2022

Жанкештілік

546 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өнер мен жанкештілік бір ұғым іспетті. Жанкештілік жоқ жерде өнер адамының өрісі жіңішкермек, тынысы тарылмақ. Қайбір жолы Мұхтар Әуезовтің өмірдерегіне көз жүгірте отырып, қуғын-сүргін мен мехнаттан көз ашпаған жылдарына куә болдық. «Апыр-ай, осындай аласапыран дәуірде, керуені кері айналған заманда қалайша кесек-кесек, қадау-қадау шығармалар қалдырған?» деген ойға қалғанбыз. Бақсақ, мұның астарында жанкештілік атты алып ұғым жатыр.

Жанкештілік

Сөз режиссер Рон Ховардтың «Ақыл ойыны» атты фильмінен соңғы тұжы­рымнан өрбіп отыр. Кинода америкалық аңызға айналған математик, Нобель сыйлығының иегері Джон Нэштің өмір жолы көрсетіледі. Тұтас өмірін матема­тика саласына арнаған, ғұмыры өнерге айналған Джон университет жылда­рынан-ақ өзгелерге ұқсамайтын ерек болмысымен, асқан талантымен көзге түседі. Әр құбылыстан сыр іздеп, кеңістіктегі құпия түстерді бақылайды. Ақыры шизофрения дертіне шалдығып, елестермен алысып, көрінбейтін әлемге сапар шегеді.

Сонымен, Джон Нэш осында тұра тұрсын, біз XX ғасырдағы қазақ әдебие­тіне оралайық. Жанкештілік жайында сөз бола қалғанда Қадыр Мырза Әлінің бай кітапханасы ойға оралады. Ақын қырықтан асқан тұсында қызметтің бар­лық түрінен бас тартып, өзін жазу үстеліне шегелейді. Бір сұхбатында қазақтың Қадыры «ой орамына» толы өмірі жайлы ағынан жарылатыны бар: «Мен – бүкiл саналы ғұмырымды осы жазуға арнаған адаммын. Жұмыс iстемей, қарап жүрген күндерiм, жылдарым болған емес. Жылына бiр кiтап, кейде екi-үш кiтап шығарып тұратынмын. Бiр жылы мынадай оқиға болды. Желтоқсан айы басталды. Байқасам, жыл бойы дым жазбаппын. Ол кезде газет-журналдарда қызмет етiп жүрiп мойын бұра алмасам керек. «Қой, мұным болмайды» деп сол күнi кiтап жазуға отырдым. Күндiз-түнi жұмыс iстедiм. Жиналыстар мен тойларға барған жоқпын. «Ауырып жатырмын» деп жұмысқа да шықпай қойдым. Бiр күнi миым шырт ете түстi. Ең алғашқы қан қысымы ауруын мен сол жолы таптым. Бiрақ сол айда кiтабымды аяқтап үлгердiм. Маған таңғалудың қажетi жоқ. Бельгияның Джордж Сименон деген детектив жазатын атақты жазу­шысы бар. Ол – дүние жүзi бойынша рекорд жасаған адам. Сол 400-ден астам роман жазған. Былайша қарасаң, ақылға сыймайды» дейді. Расында, әлемде соңына адам сенгісіз алуан мұра қал­дырған қаламгерлер шоғыры бар. Зерт­теушілер Шекспирдің барлық шығармасын жалғыз тудырғанына, ұшан-теңіз еңбегін бір ғана адам жазғанына күмән келтіреді. Мәселен, ағылшын жазушысы Барбара Картленд жылына 23 роман жазып, Гинестің рекордтар кітабына енген. Ал жазушылықпен қоса спорттық жаттығуларға да мән беретін Харуки Мураками ала таңнан ерте оянып, еңбек сағатына кіріседі. Содан да жазушының әңгімелері мен аудармаларын қоспағанда әлемді шарлаған оннан аса романы бар. Ал Стивен Кинг шығармашылық ғұмырында 50-ге жуық роман жазып, табысқа жеткен. «Кітапты қалай жазу керек» атты кітабында: «Есікті жауып, жазуға отырыңыз, редакторлық жасар кез­де есікті ашып жасаңыз» дейді. Стивен Кинг кез келген жағдайға қарамастан күні­не ақ қағазға екі бет жазу жазатынын мәлім­деген. Әрине, бұл жанкештілік өрнек­тері, өрнек ішінде маңдай тері мен алақан күсі бар.

Сонымен, жоғарыдағы «Ақыл ойы­ны» фильміне қайтып оралсақ. Джон Нэштің шизофринеяға ұшыраған соң азапқа толы өмірі басталады. Алайда ғалым бір сәт те математикалық кестелерден ақылын суытпайды. Тіпті кино сюжетінде тұтас бөлмені есеп жазыл­ған қағаздарға толтырған жері бар-тын. Азапты ізденіспен уақытын сарп еткен Джон Нэштің еңбегі еленіп, кино соңында белгілі ғалымдар құрмет көрсетеді, мо­йын­дау ретінде алдына қаламсаптарын қояды. Мұнан соң Нобель мінберінен сөз сөйлеп, бар азабы мен ауырлығына төзген жұбайына алғысын білдіреді. Киноны көріп болып Ромен Роланның «Жан Кристофын» немесе Стефан Цвейгтің «Бальзагын» оқығандай тұлғалық бол­мысыңызға белгісіз қуат құйылып, жаң­бырмен жуған жемістей жарқырап, жаңа­рып қаласыз. Иә, киноның айдары мен тұмары – Джон Нэштің жанкешті болмысы. Жанкештілікке байланған өмірі. Онсыз өнер де болмас еді.