Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
– Сотқа дейінгі тергеу шаралары мемлекеттік объектілерді өртеу, мүлікті жою, лаңкестік әрекеттер, әскери қызметкерлерге шабуыл жасау, тонау және т.б. фактілермен байланысты. Бүгінде барлық қылмыстық іс бойынша 286 күдікті қамауда отыр. Олардың бүлік шығарып, ғимараттарды өртеуге, атыс қаруын ұрлауға, мемлекеттік объектілер мен күштік ведомстволар қызметкерлеріне қарулы шабуылдарға белсенді қатысқаны анықталды. Қамауға алынған әрбір адамның қаңтар бүлігіне қатысы бары және ауыр қылмыстарға белсенді қатысқаны туралы жеткілікті мәліметтер бар, – дейді Нұрлыбек Сәбитов.
Ішкі істер министрлігі Тергеу департаменті бастығының орынбасары Мұхтар Қожаев қаңтар оқиғаларының себептерін, террористік актілер мен жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушыларды анықтау және тергеумен арнайы прокурорлар жетекшілігімен ведомствоаралық жедел-тергеу топтары айналысып жатқанын атап өтті. Ал өкілеттікті асыра пайдалану, тергеу мен анықтаудың рұқсат етілмеген әдістеріне қатысты азаматтардан түскен шағымдарды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлері, жекелеген жағдайларда арнайы прокурорлар қарастырып жатқан көрінеді. Өз кезегінде ішкі істер органдарының жедел-тергеу топтары жаппай тәртіпсіздіктер аясында жасалған ұрлық, тонау, бұзақылық, мүлікті қасақана бүлдіру, қаруды ұрлау әрі сақтау сияқты фактілерді тергеп жатыр.
Сандарды сөйлетсек, полиция қаңтар айындағы оқиғаларға қатысты барлығы 4 642 қылмыстық іс қозғаған. Оның ішінде 2,5 мыңнан астамы – ұрлық, 708 қаруды ұрлау немесе сақтау фактісі, 418 бұзақылық, 199 мүлікті жою фактісі, 26 қарақшылық және тонау. Аталған қылмыстық істер бойынша полиция тергеушілері 15 мыңға жуық адамнан жауап алған. 35 мыңнан астам тергеу әрекеттері және 2,5 мың сараптама жүргізілген. 1 731 азамат жәбірленуші болып танылған. 343 млн теңгеден астам сомаға шығынды өтеу қамтамасыз етілген.
Ішкі істер министрлігі өкілдері сотқа дейінгі тергеу барысында азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуы әрі бұзылмауы қатаң бақылауда екеніне сендірді.
– Бұрын хабарлағанымыздай, тергеу сатысында жағымды мінезделетін және жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеген күдіктілердің бұлтартпау шаралары қоғамнан оқшаулауға байланысты емес болып өзгертілді. Соның негізінде 255 күдікті қамаудан босатылды. Олардың ішінде орташа немесе онша ауыр емес қылмыс жасаған 35 күдіктіге қатысты қылмыстық істер сотқа жеткізілмей тараптардың татуласуына байланысты қысқартылды, – дейді Мұхтар Қожаев.
Алматы, Талдықорған және Тараз қалаларындағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қызметтік және азаматтық қару ұрланғаны белгілі. Бұл ретте Ішкі істер министрлігі ұрланған қаруды табу және тәркілеу жұмыстарын жедел жалғастыруда. Бүгінде 860 қару тәркіленген. Оның ішінде 475 табельдік және 379 азаматтық қару тіркелді. Мысалдарға тоқталсақ, 13 шілде күні Тараз қаласында криминалдық полиция және қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында бүркемеленген жерге көмілген қойманы тапты. Ол жерден бұрын Полиция департаментінен ұрланған Калашников автоматы, екі оқ сауыт және 30-дан астам оқ-дәрі тәркіленді. 19 шілдеде аталған шаһарда гараждар орналасқан жерден бұрын Полиция департаментінен ұрланған Макаров тапаншасы табылды. 14 шілдеде Алматы облысының Іле ауданында полиция және ҰҚК қызметкерлері Байсерке кентінің теміржол өткелі маңындағы жасырын қоймаға тап болды. Онда 12 калибрлі келте мылтық, бөлшектелген аңшы мылтығы, газ тапаншасы, 3 жарық дыбысты және 2 газ гранатасы, сондай-ақ 150-ден астам патрон сақталған. Жақында Алматы шетіндегі таулы жерде полиция қызметкерлері жерге көмілген тағы бір қойманы тапты, онда 22 жарық-дыбысты, көзден жас ағызатын және газ-түтінді гранаталар, 2 газ тапаншасы, 12 калибрлі аңшы мылтығы, радиостанция және әртүрлі калибрлі 500 патрон сақталған. Сонымен қатар жедел-профилатикалық шаралардың нәтижесінде полиция қосымша 1 936 қару тәркіледі, олардың көбісінің тіркеу нөмірлері өшірілген.
Естеріңізге салсақ, қаңтар оқиғасы кезінде мемлекеттік органдардың 71 ғимараты, 700-ден астам автокөлік жойылып яки зақымдалған. Оның ішінде жедел жәрдем, полиция және өртке қарсы қызметтердің көліктері де бар. 1,5 мыңнан астам бизнес нысандары зардап шекті.