Мешіт – мұсылман қауымның Жаратушы Аллаға кіршіксіз құлшылық етіп, тәубеге келетін, жанына жұбаныш табатын, дұға тілейтін мінәжат үйі. Мешіт – құлшылық қана емес, білімнің, тәрбиенің де киелі ордасы. Бұл мешіттің мұсылман баласы үшін қаншалықты үлкен маңызға ие екенін көрсетеді.
Катонқарағай ауданына қарасты Ақсу ауылында бой көтерген жаңа мешіттің ашылу салтанаты болды. Алғашқы құттықтау сөзді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шығыс Қазақстан облысы бойынша бас имамы Ермек қажы Тасболатұлы алды. Ол өзінің сөзінде осы мешіттің бой көтеруіне тікелей ықпал жасаған Азамат Нұрсұлтановқа ризашылығын білдіре келе, оған алғысхат тапсырды. Басқа сөз сөйлегендер де ауылдастарын жаңа мешіттің ашылуымен құттықтады. Соңында аруақтарға Құран бағышталды.
Осы мешіт салынып жатыр екен деп естіген кезде қуанышымда шек болмады. Мешіттің салынуына көп күш-жігер жұмсап, бастан-аяқ қамқоршы болған Азамат пен Асхат бауырларымызға алғысымыз шексіз. Осындай көрікті ғимараттың бой көтеруіне жан-жақты қолдау көрсеткен барлық ауыл адамдарына да Алланың нұры жаусын дегім келеді.
Бүгінде көптің тілегі қабыл болып, күмбезі көк тіреген зәулім мешітіміздің есігі барлық исі мұсылман қауымы үшін айқара ашық. Ал мешіт салудың сауабы қаншалықты үлкен екені жайында Алла Тағала Құран Кәрімде: «Алла Тағаланың мешіттерін тек Аллаға және ақирет күніне иман келтірген, намаз оқыған, зекетін берген және Алладан басқа ешкімнен қорықпайтындар ғана салады», деп айтылған. Ақсу ауылындағы еңселі мешітіміз дініміздің өркендеуі үшін қызмет етіп, халқымызды имандылыққа тәрбиелей берсін.
Сайраш ТОҚПАЕВА,
Герасимов орта мектебінің мұғалімі
Шығыс Қазақстан облысы,
Ұлан ауданы