Коронавирус • 04 Тамыз, 2022

Індет барлық өңірде өршіп барады

268 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елімізде кейінгі екі аптада коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайы 3,2 есе өсті. Бүгінде індеттің белсенді таралу қарқыны барлық өңірде байқалып отыр. Бұл ретте Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Орталық коммуникациялар қызметі алаңында эпидемиялық ахуалға қатысты кеңінен мәлімет берді.

Індет барлық өңірде өршіп барады

«Қазақстанда КВИ жұқтыру жағдайының қайта көбеюі сипат алып жатыр. Кейінгі екі аптада алдыңғы апталармен салыс­тыр­ғанда індетке шалдық­қан­дар­дың саны 10 мыңнан 34,5 мыңға жетті, яғни өсім 3,2 есені құрайды. Індеттің кең таралуы барлық өңірде бай­қа­­лады. Бағалау матрицасына сәйкес бүгінде Нұр-Сұлтан қа­ла­сы «сары аймақта», қалған өңір­лер «жасыл аймақта» тұр. Қазір ви­рустың бұл түрі жеңіл өтіп жат­қанымен, бірнеше санаттағы адам үшін әлі де қауіпті болып отыр. Тәулігіне коронавирус инфекциясының оң нәтижесімен 3 мың жағдайға дейін тіркеліп отыр. Індеттің қазіргі түрінде ауру жеңіл өтеді. Бірақ аурудың қатаң түрімен ауыратындарға жүкті әйел­дер, 60 жастан асқан адамдар, созылмалы, қосалқы аурулары бар нау­қас­тар, КВИ-ға қарсы вакцина сал­дырмағандар жатады», деді А.Ғиният.

Жалпы, індеттің қайтадан кү­шіне міне бастағаны әлемнің тұс-тұсында байқалып жатыр. Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы­ның мәліметі бойынша кейінгі аптада 69 елде КВИ жұқтырушылар күрт көбейген. Мысалы өткен аптада әлемде 6,5 млн адам індетке шалдығып, осы дерттің салдарынан 14 адам қайтыс болған.

«КВИ-мен сырқаттанудың қа­зір­гі сипаты – науқастарда ауру жеңіл түрде өтуінде. Алайда дер кезінде емделмесе, ауру асқынады. Бұл науқастардың 94%-дан астамы амбулаториялық жағдайда ем­де­летінімен де расталып отыр. Қазіргі таңда республикада 5 062 төсектік орны бар 191 инфекциялық аурухана КВИ бойынша стацио­нар­лық көмек көрсетеді. Төсектік орынмен қамту 28%-ды құрайды. Реанимациялық төсектік орын 7%-ды құрайды. Сондай-ақ инфек­ция­лық төсектік орын қолдану көрсеткіші Нұр-Сұлтан қаласында 55%-ды және Солтүстік Қазақстан облысында 59%-ды құрап отыр. Ал реани­мациялық төсектік орынмен қам­тудың ең жоғары көрсеткіші Нұр-Сұлтан қаласында – 28% және Түркістан облысында – 20%. Бүгінгі таңда КВИ диагнозымен 43 пациент ем алып жатыр. Сараптама, тексерістер кезінде қа­ра­ғанда, пациенттердің 20,3%-ынан артығында артериялық гиппертензия ауруы, 7%-ында өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, 5%-ында жүректің ишемиялық ауруы, 8%-дан астамында қант диабеті сияқты созылмалы аурулары бар», деді ведомство басшысы.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, КВИ-мен ауырған науқастарды емдеу үшін дәрі-дәрмектің және медициналық мақсаттағы бұйымдардың көлемі жеткілікті. Өңірлерде коронавирус инфекциясын емдеу үшін дәрілік заттардың 16 атауы бо­йынша екі айлық қор қамтамасыз етілді. Алғашқы медициналық-сани­тарлық көмек көрсету ұйым­­дарында жалпы сомасы 1,3 млрд теңгеден артық дәрілік заттар­дың қоры бар. Сонымен қатар минис­трлік бөлшек және көтерме сауда орындарда дәрілік заттардың жеткілікті болуына тұрақты мониторинг жүргізіп отыр екен. Бұған қоса осы жылдың басынан бастап медициналық ұйымдарға 6 млрд теңгеге дәрілік заттар әкелінді. Бұл жылдық көлемнің 70%-ын құрайды.

Сондай-ақ брифинг барысында коронавирусқа қарсы шектеу шаралары қандай жағдайда қатаңдатылатыны туралы айтылды.

«Қатаң шектеу шараларын қандайда бір өңір немесе республика «қызыл аймақта» болған жағдайда енгіземіз. «Қызыл аймақтың» өзін біз екі кезеңге бөлдік. Бірінші кезеңде маска тағуды міндеттейміз. Қазір республика негізінен «жасыл аймақта» тұрғандықтан, мас­ка тағуды ұсынып қана отырмыз. Пандемия екі жылдан аса уақыттан бері жалғасып келеді. Халық жақсы біледі. Сондықтан өзіңіз тұратын өңірде науқастар көбейген болса, маска тағыңыз. Байқасаңыздар, бизнеске ешқандай шектеу шараларын қабылдап жатқан жоқпыз. Денсаулық сақтау министрлігі алдын алу шараларын сақтауға кеңес береді. Бұл өзіңізді де, халықты да ауру жұқтырудан сақтайды. Қазір ауру біршама жеңіл өтіп жатқаны белгілі. Бірақ халықтың денсаулығына қатер төнсе немесе ауыр жағдайлар көбейіп, өлім-жітім жиілеп кетсе, қабылдайтын шараларды қайта қараймыз», деді А.Ғиният.

Сонымен қатар індеттің таралуына байланысты білім беру ұйым­­дарында шектеулер енгізіл­уі мүмкін. Себебі қазір ауру жұқ­тырған балалардың саны да аз болмай тұр. Олардың ағза­сының ерекшелігіне қарай вирус­қа шалдыққанда сепсис, шок сияқты асқынулар болып жатады. Министрдің айтуынша, оқу жылы басталғанда мектептегі санитарлық талаптар күшейтіледі. Егер қыркүйек айында ауру өршіп тұрса, онда балалар қатысатын көпшілікке арналған іс-шараларға шектеу қойылады. Сондай-ақ өңірлердегі ахуал да ескеріледі. Жыл басынан бері 6 мыңнан аса бала ауырды. Қазір ауру­ханада 423 бала КВИ-ден емделіп жатыр. Әр баланың денсаулығы министрлік деңгейінде қаралады. Бүгінде осы ауырған балалардың 21%-ында ауру жеңіл, 77%-ында орташа, 0,7%-ында ауыр халде өтіп жатыр, ал 3 бала жансақтау бөлімінде жатыр. Оларды емдеуге республикалық деңгейдегі мамандар араласады.

Індеттің алдын алудың бір­ден-бір жолы – вакцина салдыру. Осы орайда елімізде вакцина қабылдауға жарайтын азаматтардың 80%-дан астамы немесе жалпы халықтың 56%-ы вакцина алды. Ал ревакциналаумен 5 млн-нан аса адам қамтылды. Бір тәулікте 14 мыңнан аса адам вакцина салдырып жатыр. Қазір Қазақстанда вакцинаның үш түрі – QazVac, Sinofarm және Pfizer қолжетімді, барлығы 1 млн 200 мың доза бар.

Бүгінде әлемде кең таралып жатқан маймыл шешегінен сақ­тануды назардан тыс қалдыруға болмайды. Бұл ретте А.Ғиният Қа­зақ­станда маймыл шешегін диаг­нос­тикалаудың әдістемесі әзір­ле­ніп жатқанын атап өтті.

«Маймыл шешегі бойынша 89 елде 25 мыңнан аса жағдай тіркелген. Ауру аталған елдерде көбінесе жеңіл түрде өтіп жатыр. Мысалы, бүгінгі ақпаратты қарасақ, 7 елде 8 өлім жағдайы болған, яғни ауру кең тарап жатқан жерлерде бір-бір қайғылы жағдай болған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесі – маймыл шешегіне қарсы арнайы екпе жүргізудің қажеті жоқ. Сондықтан аталған ұйым тарапынан қандай да бір нұсқау болса, соны орындауға тырысамыз. Ал өзіміз осы ауруға ұқсас симптомдары бар науқастарға мониторинг жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар аталған аурудың диагнозын қою үшін диагностикумдар алып қоймақпыз. Өзіміздің қызметкерлерді әзірлеп, оқытып, осы ауруды емдеуге нұсқау болатын және диагностика қоюдың әдістемесін белгілейтін хаттама әзірленеді. Біздің үлкен мамандарымыз ДДҰ-ның өкілдерімен бірге осы бағытта жұмыс істеп жатыр», деді министр.