Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің хатшысы Ақылбек Күрішбаев жұмыс сапары барысында Жетісу облысында болды. Сенатор Жоламан кентіндегі өсімдік және мал шаруашылығымен айналысатын «Қызылшоқы» ЖШС кешенінің қызметімен және заманауи цифрлық технологияларды пайдалану нәтижелерімен танысты. Серіктестікте өсірілетін дәнді дақылдар тұқымдық жүгері, жаздық арпа және қант қызылшасы жаңа заманауи су үнемдеу технологиясы бойынша суарылады. Кәсіпорын суармалы 305 га жерден 10 500 тонна қант қызылшасын өндіруді жоспарлап отыр.
Ақылбек Күрішбаев сонымен қатар цемент өндіретін «Аласем» ЖШС кәсіпорнында да болды. Жылына 1, 2 млн тонна цемент өндіре алатын зауытты 2020 жылы Alacem Қазақстан-Сингапур компаниясы іске қосқан болатын.
Депутат Сарыөзек және Шоқан елді мекендеріндегі әлеуметтік инфрақұрылымдармен, халықты табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарларымен де танысты. Ол сондай-ақ «Шоқан және К» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде болып, жергілікті фермерлермен кездесті және егін жинау жұмыстарына дайындықты талқылады.
Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің хатшысы Қанатбек Сафинов Жеке сот орындаушылары республикалық палатасының өкілдерімен кездесіп, ұйымның қызметімен танысты. Сенатор кездесу барысында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған саяси реформалар және атқарушы билік саласындағы жаңалықтар туралы айтты.
Бақытжан Жұмағұлов Ақмола облысына жұмыс сапары барысында «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында болып, балалардың демалысын ұйымдастыру жағдайымен танысты. Сенатор орталықтың жұмысынан хабардар болды және балалар демалысы, балалар мен жасөспірімдер арасындағы қауіпсіздік пен рухани құндылықтарды ілгерілету мәселелерін талқылады.
Бақытжан Жұмағұлов сондай-ақ каникул кезінде педагог-ұйымдастырушылармен және балаларға жауапты адамдармен кездесті, балалардың қауіпсіздігін сақтау мен құқықтарын қорғау жөніндегі ойларымен бөлісті. Депутат сонымен қатар Бурабай ауданының Қотыркөл аймағында орналасқан «Эдельвейс – Бурабай» балалар сауықтыру орталығында да болды.
Сапар аясында балалармен және педагогтермен кездесу өтті. Депутат балаларға демалысты тамаша өткізуге, педагогикалық құрамға өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісінде табысты болуларына тілектестігін білдірді.
Бақытжан Жұмағұлов Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғаныс академиясында да болды. Сенатор академияның материалдық-техникалық базасымен, оқу және білім беру бағдарламаларымен танысты, музейде, оқу ғимараттарында, зертханаларында болды. Академияның қызметкерлерімен және профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесу барысында сенатор Президенттің бастамасы бойынша жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар, ұлттық құндылықтарды сақтаудың маңыздылығы, Палатаның заң шығару жұмысы және Парламенттің өткен сессиясында қабылданған заңдар туралы айтып, жоғары оқу орнын одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Кездесуге қатысушылар сонымен қатар азаматтық қорғаныс саласындағы білім беру сапасын арттыруға және азаматтық қорғаныс академиясының материалдық-техникалық және оқу-әдістемелік базасын жақсартуға бағытталған бірқатар ұсыныс айтты. Бақытжан Жұмағұлов көтерілген мәселенің барлығы заң шығару қызметі барысында ескерілетінін және тиісті мемлекеттік органдармен пысықталатынын атап өтті.
Андрей Лукин Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне қарасты мекемелерде болды. Ол «Шарапат» және «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының, қарттарға, мүгедектігі бар адамдарға және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығының, «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының ұжымдарымен кездесті.
Бұл орталықтардың мақсаты – өмірде қиын жағдайға тап болған әрбір азаматқа, отбасына психологиялық, әлеуметтік және заңгерлік көмек көрсету, сондай-ақ жан-жақты қолдау жасау. Ұйымдар сонымен қатар көпбалалы, толық емес және аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, егде жастағы адамдарға, белгілі тұрғылықты жері жоқ адамдарға қолдау көрсетеді.
Депутаттар Сұлтанбек Мәкежанов пен Нұртөре Жүсіп Алматы қаласына жұмыс сапары барысында Индустриялық аймақта және «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында болды. Сенаторлар сапар барысында индустриялық және арнайы экономикалық аймақ аумақтарында қолданыстағы және іске асып жатқан жобалармен танысты, сондай-ақ «ИТП» АЭА дамыту мәселелерін талқылады.
Сенаторлар сонымен қатар Палата қызметінің қорытындылары туралы айтып, өткен сессия барысында қабылданған заңдардың негізгі нормаларын егжей-тегжей түсіндірді. Сондай-ақ «Алматы Бизнес» қалалық бағдарламасы бойынша шағын және орта бизнесті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударып, халықтың әлеуметтік мәселелерін шешудің маңыздылығын атап өтті. Парламентшілер кездесу қорытындысы бойынша индустриялық аймақта жұмыс істейтін мамандардың ұсыныстары мен өтініштері тиісті уәкілетті органдардың назарына жеткізілетінін атап өтті. Сұлтанбек Мәкежанов пен Нұртөре Жүсіп сонымен қатар Hyundai Trans Kazakhstan зауытында да болды.
Сенаторлар Мәкежанов Сұлтанбек пен Жүсіп Нұртөре Алматы қаласына жұмыс сапары аясында «Қалқаман» метро стансасының құрылысымен танысты. Олар сондай-ақ метрополитеннің «Сарыарқа» және «Бауыржан Момышұлы» жаңа стансаларында болды. Депутаттарға құрылыс-монтаж жұмыстарының барысы, қоғамдық және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қала метрополитенінің одан әрі дамуы туралы ақпарат айтылды. Бүгінгі таңда Алматы қаласының метрополитенінде 11 станса, ұзындығы 13,4 шақырым жол, электр пойыздарының 15 құрамы жұмыс істейді. Күнделікті жолаушылар ағыны 40-45 мың адамды құрайды. Метроны батыс бағытта «Қалқаман» стансасынан «Барлық» базары ауданындағы стансаға дейін одан әрі дамыту көзделіп отыр, ол арада 3 станса бар, ал учаскенің ұзындығы 5,2 шақырым болады.
Сенат депутаты Бауыржан Қаниев Ақтөбе облысының Темір ауданында болды. Сенатор Шығырлы және Қалмыққырылған елді мекендеріндегі орталықтандырылған ауыз су құбыры құрылысының барысымен танысты. Бұл құрылыс жұмыстарын 2022 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр және елді мекендер көптен күткен орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. Депутат сапар барысында әлеуметтік мекемелерге де барып,
аудан тұрғындарымен кездесті.