Аймақтар • 05 Тамыз, 2022

Ауыл жастарының аламаны

183 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ауыл балаларының ауызбіршілігін нығайтып, берекеге ұйытқан жасөспірімдер арасындағы республикалық IV жазғы ойындар додасы өз мәресіне жетті. Талдықорғанда ту көтерген жалынды жастар 3 күн қатарынан бақ сынады. Дүбірге бөлеген байрақты бәсекенің жабылу салтанатына Жетісу облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли қатысты.

Ауыл жастарының аламаны

Он күн бойы кіл мықтыны анықтауға барын салған ауылдың жасөспірім спортшылары аянып қалмады. Спорттың 12 түрінен 14 облыстың командасы бақ сынаған бәсеке өте тартысты өтті. Болашағынан үміт күттіретін жас спортшылардың өсіп келе жатқанына куә болдық. Жан алып, жан беріскен жарыста Же­тісу облысының спортшылары на­­мысты қолдан бермеді. Әр бәсе­кеде жоғары сатыға шығу үшін барын салды. Қоржындарына ұпай еншілеп, жалпы командалық есепте бірінші орынға қол жеткізу бас­ты мақсаттары болды. Сонымен әр спорт түрінің нәтижесіне келер болсақ, Жетісу облысы мынадай көрсеткішке қол жеткізді:

Облыс құрама командасы волейболдан қыздар арасында – 2-орын, шағын-футбол – 3-орын, еркін күрестен – 3-орын, грек-рим күресінен – 2-орын, дзюдодан – 1-орын, еркін күрестен – 3-орын, баскетболдан қыздар – 2-орын, ұлдар – 3-орын, көгалдағы хоккей қыздар мен ұлдар – 1-орын иеленді. Бұл жетістіктердің әрқай­сына жекелей ұпай беріледі. Жал­пы, жарыстың жиынтығы бойын­ша 276 ұпай жинаған Жетісу облысы республикалық ауыл жас­өспірімдерінің IV жазғы ойын­дарының жеңімпазы атанды. Екін­ші орынға 257 ұпай жинаған Алматы облысы қол жеткізсе, үшінші орынды 241 ұпай жина­ған Түркістан облысы еншіледі.

Төрт жылда бір болатын республикалық ауыл жасөспірім­дерінің IV жазғы ойындарының жабылу салтанатында Жетісу облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли жарысқа қатысқан барлық командаға алғысын білдіріп, жеңімпаздарды арнайы кубокпен және медальдармен марапаттады. Жетісу облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Алмат Үшкемпіров 2026 жылы болатын республикалық ауыл жасөспірімдерінің V жазғы ойындарының байрағын Ақтөбе облысының өкіліне салтанатты түрде табыс етті.

 

Жетісу облысы