Үш күндік жұмыс сессиялары барысында негізгі спикерлер ретінде Ортсайлауком төрағасы Нұрлан Әбдіров, төрағаның орынбасары Константин Петров, сондай-ақ ОСК мүшелері Сәбила Мұстафина, Анастасия Щегорцова, Асылбек Смағұлов және Шавхат Өтемісов сөз сөйледі.
Семинар-кеңестің бірінші күні республикалық референдум науқанының қорытындыларына арналды. Референдумға дайындық жөніндегі комиссиялардың атқарған жұмыстары, дауыс беру күнін
ұйымдастыру, оның ішінде мүгедек адамдарға жағдай жасау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ ақпараттық, қаржылық қамтамасыз етуге, референдумға қатысушыларды оқыту қорытындыларына, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін, сондай-ақ сот актілерін қарауға талдау жүргізілді. Аумақтық сайлау комиссияларының өкілдері референдумға дайындық және оны өткізу кезеңіндегі түрлі қызмет бағыттары бойынша жұмыс тәжірибелерімен бөлісті. Семинардың бірінші блогының қорытындылары бойынша белсенді пікір алмасу болды және референдум науқанының қорытындыларын ескере отырып, аумақтық сайлаукомдарға сайлау комиссияларының одан әрі жүйелі жұмысы жөнінде бірқатар тапсырма берілді.
Екінші күні семинарға қатысушыларға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында Үкімет ұсынған сайлау заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар жобасы ұсынылды. ОСК мүшелері аумақтық сайлау комиссияларымен Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарын сайлау кезінде аралас сайлау жүйесін енгізуге, әкімдерді сайлау тәжірибесін дамытуға, әлеуметтік желілердегі үгіт-насихатты құқықтық реттеуге, ұлттық байқаушылардың қызметіне, сайлауды мемлекеттік емес қаржыландыруға және сайлау процесін жаңғырту жөніндегі өзге де бағыттарға байланысты заңнама жаңалықтарын егжей-тегжейлі түсіндірді. Сонымен қатар Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық негіздер мен сайлау дауларын қарау тәртібі талқыланды. Талқылау қорытындысы бойынша аумақтық сайлау комиссияларына сайлау заңнамасы мен құқық қолдану практикасын одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар беру тапсырылды.
Үшінші күні аумақтық сайлау комиссияларының құрамын кәсібилендіру тақырыбы талқыланды. Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының электоралды оқыту орталығының директоры Жанар Бұқанова орталық базасында сайлау процесіне қатысушыларды даярлау және оқыту бойынша алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті.
Семинар соңында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров үлкен жұмыс атқарылғанын, Республикалық референдумның қорытындылары шығарылғанын, негізгі міндеттер түсіндірілгенін және елімізде жүргізіліп жатқан Конституциялық-саяси реформаларды іске асыру бойынша одан әрі қадамдар белгіленгенін, сондай-ақ бірқатар нақты тапсырма берілгенін атап өтті.