Қоғам • 09 Тамыз, 2022

Қаңғыбас мысықтан қауіп көп

396 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жасыратыны жоқ, бұл күні қаңғыбас ит пен мысық ерекше қорғауға алынған. Оларды ветеринария мамандары бұрынғыдай аулай алмайды. Себебі заңмен ресми түрде шектеу қойылған.

Қаңғыбас мысықтан қауіп көп

Соның салдарынан биыл­дың өзінде-ақ көшедегі қаңғыбас ит-мысықтың қарасы екі-үш есе арт­қан­дай. Әр аулада, әр подъездің алдында, тіпті аялдамалардың жанында топ­талған мысық. Көшені көлденең ке­сіп өтуші иттер. Міне, қала ішіндегі қа­зір­гі көрініс.

Қаңғыбас ит қауып алар деген қауіп­тің бары сөзсіз. Жаз мезгілінде асыр салып ойнайтын балалар үшін тіптен алаңдайсыз. Таяуда Сәрсенбаев көшесіндегі бір тұрғынды өзінің иті талап тастап, ер адам жан сақтау бөліміне жатқызылды деген хабарды естідік. Оның жанында иесіз жүрген иттен келер қауіпті өзіңіз саралай бе­ріңіз.

Ал қаңғыбас мысықтан адамға жұғатын вирустардың түрлерін оқып білгенімізде еріксіз жағамызды ұста­дық. Бала күнімізде «мысықтан бүрге жұ­ғады» дегенді ғана естіп өстік қой. Сөйтсек...

Мәселен, «құтыру ауруы» мысық­тан жұғуы ықтимал. Адам ағзасына құтыру вирусы қан арқылы тарайды. Бұл аурудың емі жоқ. Дертке шал­дық­қан адамның денесі тырысып, судан жиіркеніп, сал болып, шөліркеп және жағдайы күрт төмендейді. Құтыруға шал­дыққан адамға ең мық­ты дәрігер де көмектесе алмайды екен.

«Хламидиоз» вирусы да адам ағзасына мысықтан жұғады. Көз жанарына қауіп төндіретін ауру. Адамның терісін, шашын зақымдап, ұзақ уақыт емделуді қажет қылатын «дерматомикоз» дерті де осы жануардан жұ­ға­ды екен. Тіптен бауырыңызды за­қым­дау­ға дейін баратын «гельминттер» де ағзаға мысық арқылы жұғады.

Адам ағзасына түссе, ауыр дертке бас­тайтын «фелиноз» вирусы да қаңғыбас мысықтарда көп кездеседі екен. Дәрігер емеспіз. Төрт-бес мысал ғана келтірдік. Әйтпесе, мысықтан жұ­ғатын аурулар түрі мұнымен шек­тел­мейді.

Бір әттегені, «киік көбейіп кетті» деп шулағандар «мысық көбейіп кетті» деуге асығар емес. Керісінше, аула-аулада қаңғыбас мысықтарды қоректендіретін «қамқоршыларға» «қой дейтін қожа» табылмай тұр.

 

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

 

Қарағанды облысы,

Балқаш қаласы