Абай • 09 Тамыз, 2022

Ар ұстанымы, имандылық және серт

724 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Қажымас дос халықта жоқ,

Айнымас серт қайда бар?

Абай

Ар ұстанымы, имандылық және серт

Бүгінгі сөз ертеңге жарамай, күнде өзге­ріп жатқан алмағайып заманда «атаны – бала, ағаны – іні аңдып, бір шаңырақтың астында өмір сүріп жат­қан­дар Абай заманында да болған. Аңғарғыш ақын адам бойындағы осы кемшіліктің сенімсіздіктен туатынын дөп басады. Сөздің киесі, энергиясы бар деп жиі айтып жүргенімізбен бабатанымнан келе жатқан сертті жоғалтып алған бүгінгі ұрпақтың жай-күйін:

Атаны бала аңдиды, ағаны – іні,

Ит қорлық немене екен

сүйткен күні?

Арын сатқан мал үшін антұрғанның,

Айтқан сөзі құрысын, шыққан үні, – деп дәл жеткізеді.

Асты ағынды, үсті толқынды дүние-тірліктің толқынына малынып, жаның жабырқаған сәтте, өмірдің сан қатпар сынының шешуін таба алмай қиналған кезде Абай шығармалары иманыңды, рухыңды оятып, жабырқаған жаныңа сәулесін шашып сала береді. Кейбір сәт­терде жаныңызда жүрген жанның серт бұзар сатқындығына налып, себеп­сіз­ден-себепсіз жүрегіңіз қатты соғып лапылдап, маза бермеген кезде тағы да Абай сөзіне жүгініп:

Жүрегім, ойбай, соқпа енді!

Бола берме тым күлкі.

Көрмейсің бе, тоқта енді,

Кімге сенсең – сол шикі! – деген ғажап сөз сиқырын оқып, сабырға түсесіз. Қандай ғажап құндылық, неткен жойқын күш дейсіз сосын.

Абай шығармаларындағы бабатаным баспалдағының биік те мұнарлы болуы­ның басты себебі – кез келген пенденің ішкі күйзелісі мен қиын сұра­ғына жауап таба алуы. Ұлы даныш­панның сөздерін оқып, «Ұлы Абайдың да басынан осындай жағдай өткен екен-ау, жалғыз ғана менің басымда емес екен» деп арқаңа қанат біткендей алға ұмтыласың.

Қазіргі таңдағы қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрдің кенжелеп, ұлттық құн­дылық бағытынан тайып, келер ұр­паққа берер рухани азық таусылып тұр­ған шақта Абайдың қабырғалы қара сөздері жастарға бағдаршам, адасқан өмір жолаушысына жетіқарақшыдай жәрдемші. Абай мұрасын жеткізе талдап, айтар ойын адаспай тура түсініп, Абай әлеміне үңілген сайын ұлтқа деген сүйіспеншілігің еселенбесе, кемімейді.

Сезiм мүшелерi арқылы жан әлемiн танудың алғы барлаушысы, хауасты танитын сиқыр иесі – Абай. Шыңғыстаудың етегінде Ақшоқының аласа шоқысында, Жиде­байдың жиегінде отырып, Қасқа­бұлақтай қасқайып ағатын шағын бұлақ­тың суын ішкен хакім өнері асқан бекзадалармен бірігіп, талай дарындар мен таланттардың бағын жандырды. Көрігін қыздырды. Жалған дүниенің жарығымен жанарын, қызығымен көңілін суарған ақын «Алыстан сермеп, жүректен тербеп» жастықпен өткен жалын шақтың қызуынан арылып, өмірдің ғибратты болуы – нәпсіні тыю, адами есті жиюдан деп білді.

Қажымас дос халықта жоқ,

Айнымас серт қайда бар?

Алда көрген артта жоқ,

Мысқыл, өсек, айла бар, – деп түсінген ақын адамның адамшылығы атақта емес, адамгершілікте екенін ұқтырып, бейопа жалғанда сәулелі ғұмыр сүрудің басты кілті «айнымас сертте» екенін айтады.

Шындығында ел тәуелсіздігін алып, өз алдымызға ұлт болып, бұған дейін жоғалт­қан рухани ұлттық құндылы­ғы­мызды қайтарамыз деп «жаһанданып» жүріп дала мектебінен үйренген көп­теген ұлы құндылықтарымыздан айы­рылдық. Соның ең бастысы да, бірегейі – серт. Елдің бірлігі, берекесі, құрметі, сенім мен сыйластықтың бастау көзі осы – серттен тұрады. Қазақ мақалына айналып кеткен Абайдай данышпанның сөзге шешен, ел аузында жүрген бірталай даналық сөздің иесі Құнанбайдың «Ердің екі сөйлегені өлгені», «Ез күнде өледі, ер бір-ақ рет өледі» деген тәм­сіл­дері ел арасында мақалға айналып кеткен. Біз серт пен уәденің құнын жоғалттық. Серттен тайып, уәдесін жо­ғалт­қан адамның адамдығы, сенімін әлсі­ретіп, иманы кемиді. Серт тұрмаған жерде сенім тұрмайды. Сенім жоқ жерде – уәде болмайды. Адамдар біріне-бірінің сенімін жоғалтқан жерде құрмет жоқ. Құрмет жоқ жерде береке-бірлік, сыйластық «бірінің-бірі сөзін құрмет етісу» қайдан болсын? Біз осылардың бәрін жоғалтып, қазіргі таңда құрметті қолдан жасап, «Бәлен жердің құрметті азаматы» деп атақ беріп жүрміз. Абайша айтсақ, «Өзің құрметтемеген нәрсеге бөтеннен қайтіп құрмет күтесің?» (32-ші қарасөз). «Өзіңді өзің сыйласаң, жат жаныңнан түңілмей ме»?

Серт, уәде жөнінде, ер азаматтың өзін құр­меттеуі сертке, уәдеге байланыс­ты­лығы жөнінде қарт шежіреші, семей­лік ақсақал Бекен Исабаевтың аузынан көп естіп едім. Бекен аға Мұхтар Әуе­зов­ті көрген. «Абай жолы» роман-эпопеясында қазақтың ұлт руханиятына лайық кейбір тарихи деректердің енгі­зіл­мей қалғанын айтып отыратын... Сон­дай әңгіменің бірі – Құнанбайдың Сеңгірбаймен күш сынасуы.

Құнанбайдың өзі де айтқан: «Елімнің менде өтелмес қарызы бар. Мені екі өлім ажалынан, екі айдаудан алып қалған елімнің тілеуі» деген сөзі бар.

Құнанбай да 15 жасынан бастап кү­рес­ке түсіп, ел арасындағы өзі құралпы­лас балуан дегендерді жығып, балуан атанған. 18 жастар шамасында Құнанбай жауырыны жерге тимеген Көтібақ руы­нан шыққан 15 жасынан әйгілі болып, атағы жайылған Сеңгірбай балуанмен күресу ойында болады. Сеңгірбайдың Құнанбайдан жасы үлкен, әрі туысы, жақыны. Сеңгірбайға келіп:

– Қайсымыз жыққанымызды ешкімге айтпалық, жықсам да, жығылсам да ат шапан айып берейін, сізбен оңаша күресейін деп едім, – дейді.

Сөйтіп, Шыңғыстаудың қазіргі Жар­қым­бай биігі деген сайында екеуі кезде­сіп, күреседі. Бірақ қайсысы жық­қанын ешкім білмейді. Олар да сертті бұзбаған. Ат пен шапанды Сеңгірбай алады. Уәдеге берік адамдар сырларын ішке сақтап ешкімге тіс жармайды. Сеңгірбай өлген соң:

– Қайсыңыз жықтыңыздар? – деген замандастарына Құнанбай:

– Секең өлді деп уәдені бұзғаным лайық емес, – деп жауап берген екен.

«Уәде – құдай сөзі», «Ер екі сөй­ле­мей­ді», «Мықты болсаң бопсаға шыда», т.б. деген тәмсілдің түйіні осы. Уәдеге беріктік деген осылай болса керек.

Қазіргі заманда біздің жоғалтып алған ең қымбат құндылығымыз – уәде, ант, жауапкершілік. Осылар жоғал­ған­нан кейін сенім жоғалды. Адамның адамгершілік деңгейі серт пен сенімнен тұрады. Сенім жоқ жерде мейірім, махаббат, құрмет жоқ. Бір үйде тұрғандардың арасында сенім мен құрмет, бірін-бірі сыйлау қалмай барады... Жаңа Қазақстан қоғамында өмір сүріп жатқан бүгінгі ұрпақтың жоғалтып алған бас­ты құндылығы осы – уәде мен серт. Уәде мен серт бұзылған жерде береке де, ынтымақ, ырыс та болмайды. Дала мектебі қалыптастырған бабатанымның осы құндылығын берік ұстаған болсақ, бүгінгідей алмағайып заманға ұрынбай, жемқорлық пен жең ұшынан жалғасқан сыбайластықтың тамырына балта шабылып, әр жүрекке иман ұялаған болар еді. Адамдар арасындағы осындай опасыздықтың куәсі болған Абай:

Сенімі жоқ серменде сырды бұзды,

Анық таза көрмейміз досымызды.

Қылт етпеге көңілдің кешуі жоқ.

Жүрегінде жатады өкпе-сызы, – деп налиды. Тағы бірде:

Расы жоқ сөзінің,

Ырысы жоқ өзінің

Өңкей жалған мақтанмен

Шынның бетін бояйды.

Бұл сөзімде жалған жоқ,

Айтылмай сөзім қалған жоқ.

Абайлаңыз, байқаңыз,

Елдің жайы солай-ды, – деп «ел бұзылса, салады шайтан өрнекті» қын­жы­ла ескертеді. «Бір сөз үшін жау болып, бір сөзі үшін дос болып, жүз құбылған салт шығарып» жаңа Қазақстанның жаңа қоға­мына жаңаша қадам жасаймыз деп жүргеніміз «қу нәпсіні тыя алмай» құр босқа «атым шығып жүрсе болғаны» деген бос мақтан.

Біз жауапкершілікті осылай жоғалт­тық!

Данышпан ақын сол ойшылдығы, сол хауасты, яғни сезiмдi танығандығы арқа­сын­да, «Адам баласы ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылық жоқтығынан азады» дейді (37-ші қарасөз).

Адамның жан дүниесіндегi өзгерiс­тер­дi батыл, бүкпесiз айтып отырған ақын­ның «Тоты құс түстi көбелек» өлеңін­де:

Әркiмдi заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек.

Заманға жаман күйлемек,

Замана оны илемек! – дегенiндей бұл күнде кiм ұятсыз, бетпақ болса, – соның мәр­тебесi үстем. Нәпсiсiн тыйып, бойын тоқ­татқан кiсiнi сыртынан сыбамасақ тағы жүре алмаймыз. «Бiр жаңылса» бол­ды, кек, жақсылығың күнде ұмыт, жау қожаңдап бұлтиып, дос құбылып әуре етер» – дегендей бұл заманда бiр билiк­тiң басында отырсаң, дос-жаран­ды қызықтырар байлығың болса – мықтысың. Өз отыңды өзiң өшiрмей, бейнетiңмен ғана жан бағып жүрсең – жамансың. «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер» деген сөз осыдан қалған.

Ұлы ақынның ұлы мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, құнын жоймай, қайта уа­қыт өткен сайын биіктеп, сыры терең­деп, айтар ойы сан қырынан жарқы­рай көрінуі адамның жан дүниесі әділдігінің кілті тереңде жатқандығынан болса керек.

Данышпан ақынның әкесі Құнанбай­ды біз тек, М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы қатал, қатыгез қані­шер Құнанбай деп танығанымызбен өз заманындағы көзкөргендер «Әділ мырза» деп атаған екен.

Қарадан шығып, «сұлтан болған» Құнанбай билік айтқанда мынау би, мынау жуан, мынау аталы деп, олардың ажарына мансап-дәрежесіне қарамайды, тек істің ақ-қарасына қарайды екен. Сондықтан ел Құнанбайды «әділ мырза» деп атандырады.

Абайдың дiнiне, сенiмiне, нанымына бойлап баруға басты себеп атадан қалған өнеге, әкеден қалған үлгі десек болады. Абайдың:

Ынталы жүрек, шын көңiл,

Өзгесi хаққа қол емес», – деп iшкi пейiлiн, нанымын сездiрген ақынның iшкi әлемiне қай қаламгер болсын абайлай басып, тереңдей баратыны, заңды құбылыс.

Жаратушының сүйген құлына өзгеден ерек тәңір нұрын артығырақ төгетіні тәрізді тума таланттың мінезі де жұмбақ, болмысы бөлек болатынын естіп, көріп жүрміз. Тұрағұл Абайұлының әкесі жайлы жазған естелігінде, «Әкемнің ұры­дан алатұғын парасы – шын сөзі еді. Мыңжасар Қобылан баласы деген атасынан бері қарай неше шабылып, айдалса да ұрылығын тастамаған бір кәрі ұры айтады: «Жас кезімде Абайдың сұраған малының шынын айтып, шыншыл атанып, абұйырлы ұры болып жүргенімде құдай атып бір өтірік айтқаным...» – дейді.

Бүгінгі қоғамның құбылысында күнде куә болып жүрген екі сөзді, екі жүзді алдамшы дос пен қара басының күні үшін пендешілікке күнде барып, берген серттен тайып, «бет көремін» деп ойламай, кезегі келгенде омақа асып орға құлап жатқандарға куәміз.

Бұзыларда ойламас бет көрем деп,

Ант ішуді кім ойлар дерт көрем деп.

Қара қарға сықылды шуласар жұрт,

Мен қапсам, бір жеріңді бөктерем деп.

Бүгінгі қоғамның бейнесі осы. Қай­ран хакім, қалай дәл айтқан! Бұдан артық не айтуға болады? Ант-су ішіп, айтқан уәдесінде тұрмай опасыздық жасап жүр­ген­дердің өз сөзі өздеріне дерт болып жабысып, ол дерттен құтылудың ама­лын өзгеден көріп, «қара қарға сықыл­ды шуласқан жұртты» күнде көре­міз де, ем таба алмай тағы да Абайға келіп жүгіне­міз:

Ант ішіп, күнде берген

жаны құрысын,

Арын сатып тіленген малы құрысын.

Қысқа күнде қырық жерге

қойма қойып,

Қу тілмен қулық сауған

заңы құрысын.

Бір атқа жүз құбылған жүзі күйгір,

Өз үйінде шертиген паңы құрсын, деп Абайша күңіреніп түңілгендей боламыз. Арын сатып, арамдықпен тіленіп мал жинап, оны қайда жасырарын білмей «қырық жерге қойма қойып», қу тілмен қулық сауып ел басында елге билік айтып жүргендер Абайдың осы өлеңін мән беріп оқыды ма екен? Әй, қайдам... Егер Абайдың әр сөзін өзі айтқандай «жүректің түбіне» жеткізіп, терең бойлап оқып, әркім өз хал-қадерінше түсініп оқыған болса, елдің ырысын жеп, табысына қиянат жасап «жемқор» атанудан аулақ болар еді.

Арсыз болмай атақ жоқ,

Алдамшы болмай бақ қайда, – деп «иман­ның тазалығына» мойынсына отырып, «сыртын қанша жуса да iшi оңбаған» адамды иманилыққа жү­гiн­дi­ріп жүргендер әр сөзін бойларына бойтұмардай ғып сақтар едi...

Адам табиғатында пәлеге, жалаға, жаман­шылыққа бiр табан жақын жүре­тіні – өзін танымай сырттан келетін жақсы-жаманды айыра алмай жүре­тін енжар­лығынан, көрсеқызар еліктегіш, мақ­­таншақтығынан болады. Жақсы­лықт­ы тез ұмытады, жаманшылықты жарты ғұмырына серiк етедi. «Жақсылық ұзақ тұрмайды, жаманшылық әр кез тозбай­ды», – деген Абай:

Алланың пайғамбардың

жасындамыз,

Ынтамызды бұзбастық – иманымыз

дегендi айтқанда әр адам өзінің ішін­де­гі иманымен әрдайым кеңесіп-келісіп пікірлесіп жүрсін дегені ғой.

Егесіп босқа, жау қылып досқа,

Қор болып құрып барасың, – деумен өз заманындағы теріс мінезді замандастарына налып, ел болуын арман еткен Абай өзінің 39-шы қарасөзінде: «Рас, біздің бұрынғы ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабамыздың мінді ісін бір-бірлеп тастап келеміз, әлгі екі ғана тәуір ісін біржола жоғалтып алдық. Осы күнгілер өзге мінезге өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай сол аталарымыздың екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік. Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, шайтан­дық­қа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі де сол көрінеді» дейді. Абай атап айтып отырған екі мінез – қазақтың бірлігі мен намысқорлығы.

Бүгінгі қазақ қоғамының елдік пен бірліктен мейірім мен қанағаттан алыс­­тап, «боқ дүние» үшін жаға жыр­­ты­сып жүрген ұрпағына айтар ойын қорыта келіп, ертеңгіге аманат айтады. «Ей, жүрегімнің қуаты, перзенттерім! Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» деп, «мен бастадым, сендер іске асырыңдар, «алты бақан алауыз болмай», «біріңді – қазақ, бірің – дос» дейді.

Қызылды-жасылды дүниенің соңы­нан қуып жүріп, ағайынның елдіктен кетіп бара жатқанының тағы бір міне­зін көріп: «жаттың бір тәуір кісісін көр­се, «жарықтық» деп жалбарынып, өз елінде одан артық адам болса да, таны­май­тын­дығын жет­кі­зеді.

Қожа Ахмет Ясауидің «Хикметтерi», Абайдың «Қарасөздерi», Шәкәрiмнің «Сыр сөздерi» дүниеде теңдесi жоқ рухани қазыналар. Бұлар адамның жан дүниесіне қажет рухани құндылықтың сөлiн шығарып, майын тамызып, шайнамай жұтатын етiп аузымызға салып берiп отыр.

Бұл дүниенiң уақытша қонағы екенiн елден бұрын сезiнген, Абай нанымына, танымына ой-сананы жеткiзу үшiн исламиятқа тереңiрек бойлап құран аятын мың мәрте қайталап, хауасқа яғни сезiмге жүгiнсек те болады. Абайдың:

Растың бiр аты – хақ,

Хақтың бiр аты – Алла – дегенiнен сыр тартқан Мұхтар Әуезов «Абай өлеңiндегi барлық дiнге байланысты на­нымы да адам-адамгершiлiк тура­сын­дағы үгiтi» дейдi.

Абай өлеңдерiндегi мерзiм, мез­гiл, өлшем пәлсапасы терең қа­зып зерт­теуге тұрарлық жұлынды тақы­рып. Абай шығармаларындағы, уа­қыт, заман ағымы үлкен пәлсапалық ма­­ғынаға ие.

Өмiр – сүрген уақытпен емес, iстеген iспен өлшенедi. Көп адам тiршiлiктi iшпек, жемек, қызық көрмек, сөзге ермек, дәурен сүрмек деп таразылайды. Сол таразы басының ең ауыр жүгi тау­сылып, жол ортаға жетiп, ендi алдағы уақытта не iстеймiз, қандай салмақты көтеремiз деп көңiл орнықтырар ештеңе тап­пай қиналатын кезеңi болады. Өткен өмiрдi ойға салып, таразылау негi­зi­нен ойлы, саналы адамдардың iсi. Абайша айтсақ, «Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы – осы» болады.

Достық, қастық, бар қызық –

 жүрек iсi,

Ар-ұяттың бiр ақыл күзетшiсi, – дейдi Абай.

Ұят пен аз сөзділік – иманның екі мінезі. Досым болсын десең қылығың, да пейiлiң де адал, таза болмағы құп. Ешқашан ешкімнен бөлектеніп, баптанып, ерекшеленбе. Қастық қылық қашанда жалғыз қалдырады. Абайдың 24-ші қарасөзіндегі: «Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мық­ты­лығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірі­міз­ді-біріміз аңдып, ұрлап, кірпік қақ­тырмай отырғанымыз» деп болашақ ұрпақтың ертеңіне алаңдаушылық біл­діріп отырғаны да осы. Достықты-дос­тық қана туғызады. Абай сөзімен айт­қан­да, «Сасық паңдау келеді».

Абайша айтқанда: «Өзін тәрбиелей білмеген, өзгеге өнеге көрсете алмайтын» – өзiмшiлдiк. Баланың өзiмшiлдiгi өндiрдей жас, әлi жақсы жағына бұруға, адамшылыққа мейiрiмге баулуға болады, икемге тез көндiгедi. Кiсi ұлғайған сайын iшкi сарайын жайлап алған өзiмшiлдiк нығайып, қатайып, бойды алып кетсе – қасірет сол. Өзiмшiлдiктi жеңетiн құдiреттi күш жоқ.

Қарт кiсiлердiң бойын жайлап, қаны­на тарап алған өзiмшiлдiк ештемеге илiкпейдi. Қартайған шағыңда туған-туыстан алыстатып, көп құрбыдан айы­­ры­лып ағайындардың бiр-бiрiмен бiтiм қылмайтыны да осы. Адам үшін өмiрдегi шын бақыт, нағыз мұратқа жету күнәдан ада болып, «жүректi кiрлетпей таза ұстап» өту. Ақын өзінің 26-шы қарасөзінде: «Надан ел қуанбас нәрсеге қуанады. Һәм және қуанғанда не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзі білмейді. Есі шығып бір түрлі мастыққа кез болып кетеді. Һәм ұялғандары ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды» дейді.

Алысты, қиырды көзi жетпесе де оймен шолу қиялмен болжау, көңiлмен сезу әркiмнiң талайына бермеген қа­сиет. Бұл қасиетке ие сөз құдiретiнiң жетегiнде жүрген дуалы ауыз ақындар ғана.

Шетi кетік дүниенің шетiнеп кетпей, өткелектiң өтiнде тұрған, қаз басқан қалың қауымға да сын кезеңде, сын сағаттарда осындай серпiндi сезiм беретін қайсар рух қашанда қажет.

 

Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ,

абайтанушы