06 Мамыр, 2014

Футбол. Премьер-лига. 10-тур ойналды

240 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

06-05-14-futbaal

АСТАНА. 6 мамыр. Бүгін Қазақстанның 6 қаласында премьер-лига чемпионаты 10-турының ойындары ойналды. Тур мұның алдындағыларға қарағанда, соғылған голға бай болды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Ең ірі есеп Астанада тіркелді. Жергілікті команда Семейдің «Спартагы» қақпасына жауапсыз бес гол соқты. Осы жеңіліс қонақтардың бас жаттықтырушысы Алмас Құлшынбаевтың айтылып жүрген отставкасының уақытын жақындатып жіберген сияқты. Өткен жылы онымен бірге Қаскелеңнің «Сұңқарын» жаттықтырған белгілі маман Владимир Гулямхайдаров семейліктерді жоғары эшалонда сақтап қалудың бірден-бір дұрыс жолы осы бас жаттықтырушыны неғұрлым тезірек орнынан босатып, тізгінді тәжірибелі маманға беру екенін ашып айтқан еді. Аталмыш матчтың бірінші таймы 1:0 есебімен аяқталды. Есепті шабуылшы Таңат Нөсербаев 14-минутта ашты. Екінші таймда (51-минут) Таңат есепті еселеді. Бұдан кейін Виктор Дмитриенко (71-минут) мен Фокси Кетевоама (76-минут) бірінен кейін бірі гол салып, команданың басымдылығын арттыра түсті. Ал ең соңынан Сисеро (90-минут) соңғы нүктені қойды. Турда 2:0 деген есеп үш рет қайталанды. Олардың екеуінде алаң иелері басым түссе, біреуінде қонақтардың мерейлері үстем болды. Сол сырт алаңның өзінде қарқынды ойын танытқан команда «Ақтөбе» болды. Ол Қостанайда жергілікті «Тобылды» тізе бүктірді. Екі жасақтың көптен күткен кездесулері алаң иелерінің жаңа жаттықтырушысы Вардан Минасянның бірінші сәтсіздігін әйгіледі. Қонақтар ойынның басынан соңына дейін допқа егелік етті. Олар жиі шабуылға шығып тұрды. Сондай жорықтардың бірінде Данило Неконың оң қапталдан жөнелткен соққысы қақпадан бір-ақ табылды. Бұл жетістікті екінші кезеңде Тимур Кападзе ұлғайтып берді. Биыл құрылғанына 60 жыл толатын Алматының «Қайраты» Қазақстанның өзінен кейінгі байырғы командасы – Қарағандының «Шахтерінен» айласын асыра білді. Алматылықтар тез есеп ашудың арқасында жағдайларын біраз жеңілдетіп алды. Дарбазаны Йосип Кнежевич 9-минутта бағындырды. Ал екінші таймда Виктор Кумыков алаңға Андрей Финонченко мен Вячеслав Лунинді шығарды. Бұл алмасушылық кеншілердің құрамын күшейтті. Бірақ қарағандылықтар бұдан нәтиже шығара алмады. Есесіне, алматылықтар Момоду Сисейдің күшімен тағы бір голға қол жеткізді. Эстонның Тармо Рюютли есімді маманы биылғы көктемде ғана қабылдап алған Павлодардың «Ертісі» соңғы төрт турда жеңіліске ұшырады. Осыдан кейін клуб басшылығы жаңа жаттықтырушымен қоштасуға мәжбүр болды. Бір қызығы, осыдан кейін команда шабуылда нәтижелі ойнай бастады. Павлодарлықтардың бүгін өз алаңында «Таразбен» ойыны барысы осыны анық байқатты. Бірінші допты 19-минутта Константин Дудченко өз есебіне жазды. Ал Ұлықбек Бакаев 72-минутта есепті өсірді. Тағы бір жеңісті Қызылорданың «Қайсары» Атырау қаласы командамен ойында тартып алды. Олай дейтініміз, меймандар бірінші болып қақпа құлпын ашты (Дмитрий Пархачев, 12-минут). Сырбойылықтар есепті тек екінші таймда ғана теңестірді (Милиан Яблан, 56-минут). Ал 80-минутта Римо Хунт соққан гол алаң иелерінің жеңісін айғақтады. Турда жалғыз тең ойын Шымкентті жергілікті «Ордабасы» мен Талдықорғанның «Жетісуы» арасындағы кездесуде орын алды. Мұнда да қонақтар бірінші болып гол соғу құрметіне ие болды (Константин Заречный, 31-минут). Ал шым қала жігіттері 45-минутта есепті пенальтиден теңестірді (Азат Нұрғалиев). Рас, бұдан кейін Заречный да 11 метрлік айып добын ұру кезегіне жетті. Бірақ ойынның 69-минутында тіркелген бұл жағдайда алаң иелерінің қақпашысы шеберлік танытып, қақпасын көлденең доптан сақтап қалды. Топ басында әлі де «Ақтөбе» келеді. Оның 23 ұпайы бар. Ал мерген шабуылшылар көшін «Ордабасы» командасының форварды Эдин Юнузович 4 доппен бастап тұр. Дамир Қожамқұл. Дереккөз: egemen.kz. Фото: sports.kz.