07 Мамыр, 2014

Ізденіс түбі – ізгілік

1092 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Шымкенттен Әлімжан Құртаев інім қоңырау шалып, қысқа қайырым амандық-саулықтан соң: «Аға, мынау Отырар ауданының Шілік ауылында кезінде мектепте бірге оқыған сыныптас досым бар еді. Аты – Бекжан, тегі – Бейсенбай. Мамандығы – инженер-механик. Өзі бала кезден тарихқа қызығып, ізденіп жүретін. Сол жақында Атланттар туралы бір кітап жазып, бітірген. Оқып көріп едім, маған қатты ұнады, танымдық дерегі мол. Бірақ мұндағы тарихшы ғалымдарға көрсеткен екен, олар азаматтың меселін қайтарып: «Әркімнің өз шаруасымен айналысқаны жөн ғой», деген тәріздес пікір айтыпты. Өзінің сізге барып, жолыққысы келеді. Арнайы іздеп бармақ, қабылдаңызшы», – деп өтініш білдірді. Мен келісімімді бердім. СнимокКөп ұзамай Әлімжанның досы да Астанаға жетті. Таныстық. Қазақы тәрбиенің бесігінен шыққан биязы мінез, баяу сөйлейтін орнықты жігіт екен. Қысыла отырып, өзінің бала кезінен танымдық шығармаларды іздеп жүріп оқуды әдетке айналдыр­ғанынан, кейде ерекше әсер еткен, толғандырған тақырыптарға қалам тартып, онысын газет-журналдарға ұсынып қоятынынан хабардар етті. Оларының кейбіреуі республикалық, облыстық басылымдарда жарық та көріпті. Мынау маған көрсеткелі келген еңбегі өзін тылсым құпиясымен ерекше баурап алған Атланттар жөнінде ұзақ жылдар бойы ізденіп, тірнектеп жиған материалдары негі­зінде жазған алғашқы көлемді дүниесі екен. Қолжазбаны алып қалдым. Қазіргі айналысып жатқан ісімді тез бітіруім керектігін ескертіп, біраз уақыт беруін сұрадым. Ол келісті. «Қанша болса да, сіздің жауабыңызды күтіп жатамын»,  деді де, сыпайы қоштасып, шығып кетті. Ауылдағы атқарып жүрген жұ­мы­сының барлығына, мұндағы қаланың қымбатшылық қиындығына қарамай, ең болмаса, «мүмкіндігінше тездетсеңіз жақсы болар еді» деп емеурін танытпай, «қанша болса да күтемін» деген ауыл азаматының қылығы маған қарапайым көнбіс сыпайыгерліктен гөрі, қалайда жаз­ғанының бағасын білуге деген іш­кі ынтызарлықтың басымдығын айқын­дап тұрғандай болды. Мұндай күтудің салмағының қандай болатынын кезінде өзіміз де бастан өткердік қой, Бекжан шығып кеткен соң, көп ойланып жатпай, жазып жатқан жұ­мысымды былай ысырып қойып, ол тас­тап кеткен қоңыр папканы қолға алдым. Мыңдаған жылдардан бері тылсым түйінін шештірмей әлемнің белгілі талай ғалымдарын тұйыққа тіреген әйгілі Атланттар жайында ауыл баласы «не жаңалық аша қойды дейсің» деген ішкі кертартпа ойдың жетегінде қолжазбаны оқуға кірістім. Жас зерттеуші еңбегін «Атланттар туралы аңыз бен ақиқат» деп атапты. Осыны оқығанда: «Аңызы белгілі ғой, мұның ақиқаты не екен», деген ой жаңағы қолжазбаны қолға алғандағы пенделік кертартпалықты кері серпіп, білуге деген ынтамды оятқандай болды. Шығарманың тақырыптан кейінгі алғашқы сөйлемінен басталатын таным­дық деректер тізбегі осы оянған ынтама қайта қалғуға мүмкіндік бермей, алға дедектетіп жетелей жөнелді. Бейне салқын судан тітіркеніп, жағада кібіртіктеп тұрып қалып барып, тереңге бір-ақ ырғыған жан секілді мен де оқуды ықылассыздау, марғау бастағаныммен, деректер теңізіне қалай тереңдеп сүңгіп кеткенімді аң­ғармай да қалдым. Қанша уақыттың өткенін де білмеймін, қолжазбаны оқып бітіп, соңғы бетін жапқанда барып бір-ақ дем алғандай болдым. Көптен дерекке бай мұндай мазмұнды дүниені оқыған жоқ едім. Рахаттанып қалдым. Ең ғажабы, шығарма әдеттегі жазуға жаңа машықтана бастағандарда болатын «көркемдеймін» деп көпіртіп алатын көбікті көпсөзділіктен ада екен. Көрмеге қойылған көздің жауын алатын көненің асыл мұраларындай бірінен бірі өтетін айтары мол қызықты да құнды деректер тізбегі бір біріне ұласа алға жетелеп, әр­қайсысы берер мағлұматымен таным көкжиегін кеңейтіп, қазіргі ресми тарих қалып­тастырған санаңа кәдімгідей салмақ артып, беймәлім жұмбақ әлемнің сыйқырлы сәулесі сыздықтап көкірек сарайыңа құйыла бастайды. Артық-ауыс бір сөйлем жоқ. Бәрі орнымен. Әлқиссасы бірден христиан эрасына дейінгі VII ғасырда өмір сүрген грек ғұламасы Солонның бір кезде Еги­петтің әулие абызының аузынан естіген әңгімесін кейін хатқа түсіріп, ұрпақтан ұрпаққа жеткізген сол Солонның атасы бір туысы, әлемге әйгілі ақылман Платонның (х.э.дейінгі 428-348 ж.ж.) Атлантида жөніндегі деректерінен басталған зерттеу еңбек тұтастай осы египеттік абыздың айтқандарының жалаң қиял, жайдақ аңыз емес, тарихи деректік негізі бар бағзы заманның өзіндік бір шындығы екенін дәлелдеуге арналыпты. Көне аңыздың деректері мен кейінгі ғылым ашқан жаңалықты деректер кезек алмасып, зерде таразысына салыстырыла тартылады. Atlantida_2 Қазіргі жетілген ғылымның жетіс­тіктері нәти­жесінде соңғы кезде қол жеткен, жалпы, көпшілік біле бер­мей­тін археологиялық, лингвис­ти­ка­лық, картографиялық, тарихтық толып жат­қан жаңа мәліметтерді бір-бірімен са­бақтастыра салыстырып зерделеу арқылы түйінделген автордың тың тұжы­рымдары бұрынғы қиял-ға­жа­йып ертегі деп қабылданып келген аңыз-әңгімелердің мифтік қауызын аршып, оның халықтың кәдімгі ауызша тарихи дерегінің есте жоқ ескі заманның шынайы болмысын танытар дереккөзі екеніне көз жеткізе түседі. Қызығасың, таңданасың, солай болғанына сенесің. Деректі айғақтар соған мәжбүрлейді. Мысалы, бұрын «уақытты жеңген алып» аталып, әлемнің жеті ғажайыбының бірі деп танылған Египет пирамидаларын ғана білсек, енді мұндай пирамидалардың Америкада да, Қытайда да, Қырымда да, Испания жағалауында да бар еке­нін, тіпті, Куба жағалауындағы те­­ңіз астынан табылған қаладағы төрт пирамиданың кристал шыныдан жа­сал­ғанының атақты Хеопс пирамидасынан әрі биік, әрі көлемді, әрі әсем де сәнді екендігін біліп, қай­ран қаласыз. Автор мұнымен де шек­телмейді. Енді ол осынау толып жатқан көп пирамидалардың бір-бірінен тым шалғай орналасқанына қарамастан, осылардың бәрінің сонау есте жоқ ескі замандарда өркениеттің шырқау биігіне көтеріліп, мейлінше дәуірлеген, кейін табиғаттың сұрапыл апатының салдарынан құрып кеткен Атланттардан қалған мұра екенін жан-жақты дәлелдеумен бірге осы ғажайып халықтың ататегінің түркітектес ха­лықтардан екенін айғақтайтын мәліметтерге сүйеніп жасаған өз тұжы­рымын ұсынады. Батыл да тосын тұжырым. Сенейін десең, ресми тарих ғылымының «түріктерді христиан дәуірінен кейінгі VI ғасырда Алтайда пайда болған жас халық» деп мойындатып қойғаны қаша-а-ан! Бұл бойынша түріктердің ежелгі халық болуы мүмкін емес! Сенбейін десең, автор сол тарих ғылымының өзі анықтап берген, бірақ әлі жалпы көпке бірдей мәлім емес небір деректерді бірінен кейін бірін алға тартып, өз айтқанының шын­дығына еріксіз мойынсындырады. Танымың қабылдамас кереғарлықты көріп тұрып, амалсыз иланасың. Қалай иланбасқа?!. Айталық, бәріміз жақсы білетін мәңгілік мұздың құрсауында жатқан Антарктиданы зерттеудің авторы «көкорай шалғыны жайқалған бір кезде Атланттар жайлаған жерұйықтың бірі болды» дейді. Сену қиын. Бірақ автор осыдан бір ғасыр бұрын табылған, 1513 жылы түрік флотының адмиралы Пири Рейс пай­даланған картаны алдыңызға жаяды. Картада Африканың батыс жағалауы, Оңтүстік Американың шы­ғыс жағалауы және қазіргі мәңгілік мұз басып жатқан Антарктиданың сол­түстік беті бейнеленген. Осында Антарк­тидаңыз жасыл желек жа­мыл­ған көркем өлке. Қазіргі ғылым­ның анықтауынша Антарк­тиданың өзі әлгі карта жасалғанынан үш ғасыр өткеннен кейін барып қана ашылған. Сонда Шумерлер мен египеттіктерден мың жыл бұрын әлемдік мұндай картаны кім жасаған, түрік адмиралы оны қайдан алған? Антарктиданы зерттеген ғалымдар әлгі Пири Рейстің картасында көрсетілген өлкені осыдан 6000 жыл бұрын Мод корольдігі мекендегенін анықтап, сол кезде бұл өңір расында да, жасыл желегі жел­бірегін жанға жайлы мекен болғанын айтады. Ал аме­рикалық және еуропалық ғалым­дар қалың мұздың астынан қолдан тұрғызылған ғажайып көне пирамидалар тауып, суретке түсірген. Табылған динозаврлар мен ежелгі заман жануарларының сүйегі өз алдына. Осыларды көріп, біліп, зерделеген сайын бұрынғы өзіңнің «атланттар қайда, түріктер қайда» деген күдікті ойыңнан адасып, автор жағына еріксіз ойыса бастайсың. Осыны ішкі түйсігі арқылы сезгендей зерттеуші, енді, сізді лингвистикалық айғақтардың қоршауына алады. Христиан эрасына дейінгі 3100 жылы пайда болды делінетін шумер жазуының да, х.э. дейінгі 1800 жылдары Египетті билеген гиксостар жазуының да, х.э. дейінгі 1500 жылдары Италия жерінде өркениетке қол жеткізген этрусклер жазуының да, х.э. дейінгі VII ғасырдағы сақтар жазуының да, х.э. кейінгі VI ғасырдағы түріктер жазуының да 26 әріптен тұратынын және олардың бір-біріне егіз қозыдай ұқсап жататынын нақты фактілер арқылы дәлелдейді. Ұзақ жылдар бойғы тынымсыз ізденістің нәтижесінде түріктектес халықтардың ресми тарих мойын­датқандай VI ғасырда пайда болған жас халық емес, бастау тарихы адамзат баласының жаратылу кезеңінен тамыр тартатын ежелгі халықтардың бірі екенін дәлелдеу барысында ескі дереккөз­дерінің талайын парақтаған біз үшін де осынау деректердің бәрі еуропалық таным-түсінікте жазылған әлем тарихының сыңаржақтығын тағы бір жаңа қырынан айқындай түскендей. Зерттеу авторының сөзіне дәйек ретінде пайдаланған Орталық Азия түрік­терінің христиан эрасына дейінгі екімыңжылдықтың өзінде Еуропамен тығыз байланыста болғанын дәлел­дейтін Германия жерінен табылған қазына жайындағы дерегі де осы орайда біраз жайды аң­ғартқандай. Алтын мен асыл тастардан жасалған бұйым­дарды арнайы зерттеуден өткізген неміс ғалымдары олардың бұдан 3300 жыл бұрын қазіргі Қазақстан жерінде жасалғанын дәлелдеп берген. Осыны растағандай, Қазақстан археологтары осыдан бірер жыл бұрын ғана Торғай даласынан «Үштоғай төрттағаны» мен «Торғай свастикасы» деп аталатын көне ғимараттардың орнын тапты. Әлі зерттеліп, бар құпиясы толық ашылмаған көне заманның осы мұрасын Гарвард университетінің про­фессоры А. Клесов «ежелгі Ат­лан­­тиданың құрдасы» деп танып, оны зерттеуге қатысуға ықылас білдірген. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: құндылығы жағынан бірінен бірі асатын, деректігі жағынан бірін бірі толықтыратын осынау толып жатқан тарихи мәліметтер арқылы өзіндік батыл тұжырым жасай білген жас зерттеуші Бекжан Қаленұлы Бейсен­байдың бос қиялдың жетегінде кетпей, ғылыми маңызы бар іргелі іс тындырып, Атлантида ақиқатын ашуға өзіндік үлес қосқаны даусыз. Оның осынау шағын зерттеу еңбегі жұм­бағын шештірмей, талай тарландарды тығырыққа тіреп, құпиясы мол тылсым әлемге айналған Атлантида пробле­масының мәселелерін түгел шешіп тастамаған күннің өзінде, кейінгі зерттеушілердің ескі түсінік шең­берінен шығып, жаңаша пайымдауына жол ашып, жаңа ізденістерге бағыт беруге көмектесері анық. Оған көз жеткізу үшін таяуда Астанадағы «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Атланттар туралы аңыз бен ақиқат» деп аталатын зерттеу кітапты оқып көріңіз, өкінбейсіз. Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ, Мемлекеттік  сыйлықтың лауреаты,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. АСТАНА.