Әдебиет • 10 Тамыз, 2022

Әзербайжанда «Қазақ прозасы» антологиясы жарық көрді

349 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай «Қазақ прозасы» антологиясы жарық көрді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әзербайжанда «Қазақ прозасы» антологиясы жарық көрді

Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Елшілігінің қолдауымен жарық көрген антологияның аудармашысы және құрастырушысы - белгілі жазушы, публицист, аудармашы және кинотанушы Нариман Абдулрахманлы, ал редакторы - Махир Гараев.

Жазушы-аудармашы Нариман Абдулрахманлы тарапынан Әзербайжан оқырмандарына ұлы Абайдың «Қара сөздер» трактаты мен көрнекті жазушы Роллан Сейсенбаевтың «Әлем күйреген күн» атты прозалық жинағынан кейін ұсынылған «Қазақ прозасы» антологиясы, екі халық пен әдебиеті арасындағы байланысты одан әрі нығайту жолындағы үлкен қадамдардың бірі.

Антологияға ұлы Абайдан бастап, 2000-шы жылдары әдебиетке келген жас әдеби ұрпақ өкілдерінен 54 қаламгердің таңдамалы шығармалары енгізілген. Абайдың «Қара сөзінен» үзінділер, Шәкәрімнің нақыл сөздері, құдіретті сөз шебері Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов, Қалихан Ысқақов, Сәкен Жүнісов, Әкім Тарази, Сайын Мұратбеков, Дулат Исабеков, Оралхан Бөкей, Дүкенбай Досжанов, Сәтімжан Санбаев, Роллан Сейсенбаевтың шығармалары әзербайжан оқырмандарына жол тартады.

Айта кетсек, аудармашы Нариман Абдулрахманлы қазақ детектив жанрының негізін салған Кемел Тоқаевтың әңгімелерін және жазушының ұлы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы толғаныс» ғұмырнамалық кітабын баспаға дайындауда.